Отандасымыз Денис Никиша шорт-тректен әлем кубогінің қорытындысы бойынша үздік атанды. Ол 500 метр қашықтықта жалпы есепте көш бастады. Барлығы 402 ұпай жинаған қазақстандық шорт-трекші бірінші орынға ие болды. Денис былтыр АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде күміс жүлдегер атанды. Содан кейін Алматыдағы екі кезең барысында алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды. Нидерланд елінің Дортехт қаласында өткен әлем кубогінің алтыншы кезеңінде қазақстандықтар жүлдеге іліге алмады. Әсіресе, ерлер құрамасы 5 мың метрлік эстафетада үздік төрт команда сапында финалға шығып, жүлдеге жақын тұрды. Өкінішке қарай, жарыс барысында спортшылардың бірі құлап қалып, қазақстандықтар үздік үштікке іліге алмады. 10-12 наурызда Оңтүстік Кореяда әлем чемпионаты өтеді. Ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрберген Жұмағазиевтің аталған сында барымызды саламыз деп отыр. Оның айтуынша, спортшылар Астанаға оралып, дайындықты бастайды. Жылдың ең басты додасында 500, 1000 және 1500 метр қашықтықта жігіттер мен қыздар сынға түседі. Сондай-ақ 2 мың метр қашықтықта отандастарымыз микстен жарыс жолына шығады. Оған қоса, ерлер 5 мың, қыздар 3 мың метрлік эстафетада бақ сынайды.
Айбике ЖАНАСЫЛ