Қаладағы қоқыс мәселесі қаралды
Қаладағы қоқыс мәселесі қаралды
Петропавл қаласындағы қоқыс кол­лапсына қатысты мәселе респуб­ликалық деңгейге шығарылып, «AMANAT» партиясы жанындағы пар­тиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында қаралды. Бұл мәселе жуырда AIQYN газетінде де қозғалған болатын. Жиын барысында комитет төрағасы Артур Платонов жергілікті жерлердегі әкім­діктердің назарын қатты тұрмыстық қал­дықтар полигондары мен қоқыс үйінділеріне аударды. Мұндай олқылыққа жалғыз Сол­түстік Қазақстан емес, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының басшылары да жол берген екен. Аталған өңірлердің басшылары бұл ретте атқарылып жатқан жұмыстары туралы есеп берді. Петропавл қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Әділбек Әубәкіров шы­нымен де қаңтар айының басында қаланы қоқыс басып кеткенін мойындап, оның себептеріне тоқталды. «Облыс орталығында қоқыс шығарумен төрт кәсіпорын айналысады. Оның барлығы – жекеменшік. Қоқыс шығарумен айналы­сатын «Коммунсервис» кәсіпорнының техникасы әбден ескірген, 20 жылдан бері жұ­мыс істеп келеді. Сол техника сынып қалды. Әрі 30 градустық аяз салдарынан кей­бір көліктерге от алдыру мүмкін бол­мады. Бірақ қазір жағдай тұрақталды. Біз өзіміз техника бөлдік. Мәселені кешенді түрде қарастырған жөн. Бар гәп – тарифке байланысты. Тасымалдаушы өз шығын­дарын жаба алмай отыр. 27 желтоқсан күні біз жаңа нормаларды бекітіп, жаңа тарифті қабылдау процедурасын бастадық. Қазір тариф қарастырылуда», – деді қала әкімінің орынбасары. Шенеунік енді мұндай жағдай қайталанбайды деп сендірді. Комитет төрағасының келтірген мәлі­меті бойынша, еліміздегі 3019 қоқыс полигонының тек 633-і, яғни 21 пайызы ғана экологиялық және санитарлық норма­ларға сай. Былтыр 5 683 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталыпты. Экология және табиғи ресурстар ми­нистрі Зүлфия Сүлейменова жергілікті атқарушы органдар заңсыз полигондардың жойылғаны туралы жалған есеп беретініне тоқталды. Тіпті, әкімдіктер мұндай сандар­ды қайдан алатынын түсінбейтінін айтып таңғалды. Партиялық бақылау комитетінің төра­ғасы Артур Платонов экологиялық мәселе адамдарың денсаулығына тікелей әсер ететініне тоқталып, тиісті ұсыныстар жа­сады. Соның ішінде қатты тұрмыстық қал­дықтарға арналған полигондар құрылы­сының типтік жобасын жасау, ірі қала­лардағы автокөлік құралдарының техни­калық жағдайын бақылауды күшейту ту­ралы және экологиялық заңнаманы бұзу­шылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы ұсы­ныстар әзірлеу, өңірлердегі барлық поли­гондарға ревизия жасау және экологиялық проб­лемаларды шешу үшін Жол кар­таларын әзірлеу де бар. Тіпті, мектеп бағ­дарламасына экология пәнін енгізу де ұсынылды. «AMANAT» партиясының өңірлік фи­лиалдарына экологиялық мәселелерді анықтаумен айналысатын мониторингтік топтар құрып, бұл мәселені жүйелі түрде бақылауда ұстау тапсырылды.

Р.ШӘКЕНҚЫЗЫ