Бүгінде кинотеатрда Голливуд киносы азайды. Десе де, осы олқылықтың орнын Орталық Азия елдерінде түсірілген фильмдер басатын сияқты. Себебі қазір кинотеатрларда қырғыз елінің «Разбой» атты киносы көрсетіліп жатыр. Көрерменнің де бұл фильмге деген қызығушылығы ерекше. Кино залынан ине шаншар орын табу қиын. Себебі фильм өмірде болған оқиғаның негізінде түсірілген. Осылайша, қырғыз кинематографтары аз қаржымен танымал туынды түсіруге болатынын дәлелдеді. Біз киноның режиссері Мақсат Жұмаевпен тілдестік.
– «Разбой» фильмі қазір Қазақстанда үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Жалпы, бұл кино өмірден алынған ба?
– Иә, фильмнің сюжеті өмірде болған жағдайға негізделіп түсірілді. Барлық қылмыс, жедел қызметкерлердің тағдыры да нақты оқиға. Сондықтан да, көрермендер «Разбойға» ерекше қызығушылық танытып отыр. Оқиға қылмыстық топтың шабуылдары негізінде өрбиді. Қарақшылар қаладағы ломбардтардан ірі көлемдегі қаржы ұрлайды. Қылмыстық істі ашу үшін арнайы жедел топ құрылады. Олар күні-түні ұйықтамай, қылмыскерлердің әр қадамын аңдып отырады. Алайда құқық қорғау қызметкерлерінің арасындағы Жәке есімді азамат қарақшылық топтың жетекшісі болып шығады. Жәке қарақшыларға болысып, тергеу жұмыстарына кедергі келтіріп жүреді. Осылайша, көп көлемде ақша жымқырып, шетелге кетеміз деген қарақшылардың қылмысы ұлғая түседі. Олар қан төкпейміз десе де, кездейсоқ адам өлтіріп алады. Бұл жағдай қылмыскерлердің арасында келіспеушілік тудырады. Ақыры Жәке қарақшылардың қылмысы ашылып қалмас үшін өзі тәрбиелеген жас полицей Маратты пышақтап өлтіреді. Көрермендерге оқиғаның осы тұсы, шарықтау шегі ерекше әсер қалдырып жатыр. Себебі кейіпкердің ешқайсысын кінәлай алмайсың. Барлығы да бүгін қоғамнан алынған. Әрқайсысының өз қиындығы бар. Фильмде басты рөлдерді Атай Өмірбеков, Әділ Болорбекұлы, Жұлдызбек Қасейнов, Бек Бостонбаев, Ұшқын Абсаламов сомдады. Фильмді көрген халық жақсы пікір білдіріп жатыр. Әсіресе, жастар полиция қызметкері болудың оңай емес екенін түсінді. Мысалы, қазақстандық «Рэкетир» киносын алып қарайық. Эфирге осы кино шыққаннан кейін жастардың көпшілігі басты кейіпкерлерге еліктей бастады. Ал «Разбойда» басты кейіпкер – полиция қызметкелері. Кино арқылы қоғамның құқық қорғау саласына деген құрметі артты. Себебі кино халық санасына тікелей әсер етеді.
– Фильм түсіру туралы идея қалай келді?
– Осы оқиғаны негізге ала отырып, фильм түсіру идеясы 2013 жылы келді. Бірақ мен бұл идеяны он жылдан кейін ғана жүзеге асыра алдым. Бастапқыда халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімін арттыру үшін республикалық ауқымдағы полиция туралы сериал түсіру идеясы болды. Осылайша, 2016 жылы пилоттық серия түсіріп, халықаралық ұйымдарға ұсындым. Бірақ менің бұл идеямды ешкім қолдамады. Соңында нар тәуекел деп өз күшімізбен көркемфильм түсірдік. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Соңғы үлгідегі техникалық құралдарды, эффектілерді пайдаланбасақ та, халыққа ой салатын, құқық қорғау қызметкерлеріне дем беретін фильм жарыққа шықты.
– Осы оқиғада қызметіне жаңа кіріскен полиция қызметкері Марат Жұмаев көз жұмды. Назар аударып қарасақ, екеуіңіздің фамилияларыңыз бірдей екен. Марат сіздің туысыңыз ба?
– Иә, Марат менің туған ағам. Оның қазасы отбасымызға ауыр соқты. Себебі Марат кішкентайынан полиция болуды армандады. Жоғары оқу орнын енді бітіріп, қызметіне кіріскен кезде қаза тапты. Оның өз мамандығын қатты жақсы көргені соншалық, сүйген қызының айтқанына көнбей, құқық қорғау саласын таңдайды. Мен Мараттың оқиғасы басқа азаматтарға да сабақ болса екен деймін. Кино түсіретінімді ата-анамызға алдын ала айтып, оларды дайындадым. Себебі ескі жараның аузын тырнау естінің ісі емес. Дегенмен киноны көрген әр танысымыз, көршілеріміз шулап хабарласып жатты.
– Салтанат Мараттың полиция қызметкері болғанын қаламайды. Керісінше, Америкаға барып, бақытты өмір сүрейік дейді. Жалпы, жастардың жаппай шетелге кетуі қазіргі қоғамда бар үрдіс қой. Сіздер осы мәселені де көрсеткілеріңіз келді ме?
– Иә, Мараттың сүйген қызы Салтанат оған: «Не қызметіңді тастап, Америкаға кетеміз, не мен басқа адамға күйеуге шығамын» деп талап қояды. Марат ойлануға уақыт беруін, екеуі бірге болса бар қиындықты жеңетінін айтады. Бірақ Салтанат: «Үйленгеннен кейін қайда тұрамыз? Сен күні-түні жұмыста боласың. Тапқан табысың өмір сүруге жетпейді» деп айтқанынан қайтпайды. Ақыры Марат қайтыс болды. Ал Салтанат Америкаға баратын басқа азаматқа тұрмысқа шығады. Біз бір монетаның екі жағын көрсеткіміз келді. Себебі қазір жастар шетелге баруға құштар. Ол жаққа барса бақытты боламыз деп ойлайды. Бірақ шетелге бармай-ақ өз еліңде бақытты ғұмыр кешуге болады.
[caption id="attachment_240442" align="aligncenter" width="1393"]