Жамбыл облысында 3 айлық сәби белгісіз жағдайда қайтыс болды
Жамбыл облысында 3 айлық сәби белгісіз жағдайда қайтыс болды
© mavink.com
1,302
оқылды
Жамбыл облысы Меркі ауданында белгісіз жағдайда қайтыс болған 3 айлық нәрестенің туыстары әділдік іздейді, – деп хабарлайды Almaty.tv. Олардың сөзінше, тергеу бітпеген. Ал кінәлі болуы мүмкін дәрігерлер тек сөгіс алып, жұмыстарын жалғастырып келеді. Еске салсақ, сәби өткен жылдың қараша айында Меркідегі аудандық ауруханада көз жұмған еді. Жақындарының айтуынша, бүлдіршін қан сараптамасын алып жатқанда талып қалады. Кейін 5 сағат өткен соң жансақтау бөлімінде жан тапсырған.
“Арнайы құрылған комиссия дәрігерлерге тек сөгіс жариялады. Менің ойымша бұл әділетсіз жаза. Қарапайым тексеріске келіп, құлыншағымыздан айырылып қалдық. Мұндай қайғыны әлемдегі ешбір ана бастан өткермесе екен деп тілеймін. Тек бақытты күн кешсек екен, дәрігерлер білікті жұмыс атқарсын”, – деді қайтыс болған нәрестенің туысы София Ратушина.
Тергеудің басталғанына 4 ай өткен. Тәртіп сақшыларының сөзінше, сараптама біткен соң күдіктілер анықталып, іс сотқа жолданады. Ал қайтыс болған бүлдіршіннің туыстары тергеу барынша әділ өтіп, кінәлілер лайықты жазасын алса дейді.
“Бұл іс бойынша ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы)  бойынша тергеп-тексеру басталды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге де тергеу деректері жария етуге жатпайды”, – деді Жамбыл облысы ПД тергеу басқармасының басшысы Марат Бекболов.