Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаладағы оқу орындарының бірінде оқушылардың сабақта порнографиялық сипаттағы бейнежазбалар көргені туралы видео тараған болатын. Ведомствоның хабарлауынша, осыған байланысты Алматы қаласының прокуратурасы, жалпы білім беретін мектеп оқушыларының тыйым салынған ақпараттан қорғалғандығына талдау жасады. Заң бойынша мемлекеттік органдар, қарауға тыйым салынған, порнография, қатыгездік және зорлық-зомбылық тарататын, адамның абыройын қорлайтын, балаларға зиянды әсер ететін және құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін контентке балалардың қол жеткізуіне жол бермеуге бағытталған шараларды қабылдауы тиіс (ҚР «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңы, ҚР «Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заңы). Мұндай сайттарды бұғаттау бойынша органдардың қабылдап жатқан шараларына қарамастан, іс жүзінде күн сайын жаңалары құрылуда.
"Осыны ескере отырып, Алматы қаласының прокуратурасы осындай контентке мониторинг жүргізу және олардың оқушылар арасында таралуына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтіп, қайта қарауды ұсынды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Білім басқармасы арнайы бұйрық қабылдады, ол бойынша «Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми әдістемелік орталығы» КММ-не мониторинг жүргізу және «қара тізімді» қалыптастыру міндеті жүктелді. Анықталған тыйым салынған сайттар «School net» корпоративтік желісіне енгізіледі. Бұл оқушылардың жағымсыз контентке қолжетімділігін барынша азайтуға мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.