Жетісу облысында жастар арасында құсбегілік ұлттық спорт түрінен XIV ел чемпионаты өтті. Үздік көрсеткішке ие болған жеңімпаздар арнайы жүлдемен марапатталды. Бүркітшілер сайысы бойынша Атырау облысынан қатысқан Иманғали Абдулкәрімұлы жеңімпаз атанды. Екінші орынды алматылық Әсет Әділов, ал үшінші орынды Серікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы) мен Диас Күнтуған (Астана қаласы) алды. Қаршығаны қолға шақырудан Алматы облысының өкілі Сейітжан Бексұлтан топ жарды. Жүлделі екінші орынға Түркістан облысынан келген Паң Төлемырза ие болса, үшінші орынды елордалық Ерасыл Серікбекұлы мен түркістандық Мұхаммед Намазбай өзара бөлісті. Ителгі салудан Түркістан облысынан келген Мүсәлім Салман жеңімпаз атанды. Екінші орынды Жамбыл облысынан келген Берікболсын Бабажан, ал үшінші орынды Паң Төлемырза (Түркістан облысы) мен Ердана Самғат (ШҚО) алды. Командалық есепте Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль қанжығылап, көш бастады. Атырау және Алматы облысының өкілдері үздік үштікке кірді.