Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен болып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты.
Президент Ақмола облысына жұмыс сапарын азаматтық қорғау саласы бойынша кадрлар дайындайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Азаматтық қорғау академиясының жұмысымен танысып, офицерлермен және курсанттармен кездесуден бастады. Қ.Тоқаев халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау басты міндет әрі қастерлі парыз екенін айтып, академияның рөліне тоқталды.
– Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды. Академия – еліміздегі кәсіби құтқарушыларды даярлайтын бірден-бір оқу орны. Оны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты, – деді Мемлекет басшысы.
Жақында Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Президенттің тапсырмасымен бауырлас елге құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді.
Мемлекет басшысы Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтып, елге аман-есен оралған соң оларды марапаттайтынын жеткізді.
Құтқарушының жұмысы қиын әрі қатерлі екенін айтқан Мемлекет басшысы еңбектің бұл түрін нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі деп бағалады.
– Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс жүйесі тұрақты жаңғыртуды қажет ететінін, озық әлемдік тәжірибені қабылдап, заманауи технологияларды енгізу өте маңызды екенін айтты. Президенттің пікірінше, құтқарушыларды сапалы дайындауға ерекше назар аудару керек. Мемлекет басшысы бұл мәселеде командирлер мен ұстаздар басты рөл атқаратынын атап өтіп, өзінің тапсырмасымен Үкімет академияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салып жатқанына және жатақхана мен оқу корпусын салу жоспарланып отырғанына тоқталды. Мемлекет тарапынан құтқарушылардың еңбекақысын көтеріп, әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсарту үшін жүйелі шаралар қолға алынып жатыр.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына сапары барысында Көкшетау қаласындағы «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Президентке жылына 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын корпорацияның технологиялық процесі және өнім үлгілері көрсетілді. Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру цехтарын аралап көргеннен кейін Мемлекет басшысына кәсіпорынның негізгі көрсеткіштері мен даму перспективасы жөнінде мәлімет берілді. Бұл жерде тракторлар, комбайндар, экскаваторлар, шөп шабатын және жинайтын машиналар, тырмалар, тіркемелер, жүк тиегіштер, соқалар және тағы басқа ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Кейінгі үш жылда 121 миллиард теңгеге 6 500-ден астам өнім түрлерін шығарған. Қазір корпорацияда 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесу барысында олардың отандық машина жасау өндірісін дамытуға қосып жатқан үлесіне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Көкшетау қаласында былтыр мамыр айында ашылған Viamedis Kokshetau клиникалық оңалту орталығына барды. Бұл – инсульттан кейін оңалту шаралары жүргізілетін еліміздегі алғашқы орталық. Оның жанынан мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында 250 пациентке арналған емхана салынған. Стационарлық оңалту бөлімінде 100-ден астам, күндізгі стационарда 46 төсек-орын қарастырылған. Емханада 20 мың адам тіркелген. Денсаулық сақтау мекемесінде 235 медицина қызметкері жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы туралы баяндалды. Өңірде 560 медициналық нысан жұмыс істеп тұр. Онда жалпы 7 800-ге жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігерлердің тапшылығы соңғы үш жылда екі есе азайған. Облыс 1,4 миллиард теңгеге 80-ге жуық медициналық техника сатып алды.
Президентке осы медициналық орталық орналасқан Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын- ауданының құрылысы таныстырылды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Степногорск қаласындағы «Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-на барды. Президентке жылыжай өнімдері – қияр, қызанақ, бұрыш және басқа да көкөністер мен гүл өсірудің заманауи технологиялары таныстырылды. Жылыжай кешенінің жалпы ауданы – 5 гектар. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 4,8 миллиард теңгені құрайды. 2023 жылы баялды және құлпынай өсіру бөлімшелерін іске қосу жоспарланып отыр. Компанияның өнімдері толығымен Қазақстанның ішкі нарығында сатылады. Өңір – ауыл шаруашылығы саласындағы көшбасшылардың бірі. Мұнда ел бойынша дәнді дақылдардың төрттен бірі өсіріледі және үлкен көлемде көкөністер мен құс еті өндіріледі.
Президент өндірілетін өнімнің сапасын бағалап, оның сұранысқа ие екенін атап өтті. Сондай-ақ компанияның экспорттық мүмкіндіктеріне назар аударды. Мемлекет басшысы Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен әңгімелесті. Кездесу барысында түйткілді мәселелер көтеріліп, отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты конструктивті ұсыныстар айтылды. Президент жағдайды жіті қадағалайтынын, бизнес ахуалы туралы жедел ақпарат алатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыратынын және ынтымақтастықтың жаңа формалары әзірленетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ Президентке «Степногорск жылу электр орталығы» ЖШС-ның техникалық жай-күйі және Ақмола облысындағы жылыту маусымының барысы жөнінде мәлімет берілді. Жылу-энергетика нысанының бірінші кезеңі 1966 жылы пайдалануға берілген, ал жаңа өндірістік қуатын іске қосу 1989 жылға дейін жалғасқан. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, өңір бойынша Степногорскіде бір ЖЭО бар және 663 қазандық жұмыс істейді. Қазандық жабдықтарының орташа тозу деңгейі 50 пайызға жеткен. 9 жылу көзінің пайдаланылып келе жатқанына 50 жылдан асқан, ал 637 қазандықтың іске қосылғанына 25 жылға жуықтаған. Степногорск қаласындағы жылу желілерінің 82 пайызы тозған. Ақмола облысында жылыту маусымы аяқталғаннан кейін барлық жылу желісіне және қазандық жабдықтарына техникалық тексеру жүргізіледі. Облыс әкімінің баяндамасын тыңдаған Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға әкімдікпен бірге Степногорск қаласын жылумен қамту мәселесін шешу жолдарын егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ Президент Ақмола облысына жұмыс сапары барысында
Степногорск қаласындағы 6-шағын- ауданның ауласын аралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев үй маңындағы аумақта жасалған жағдаймен танысып, жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Бұдан кейін Президент пестицидтер мен агрохимия өнімдерін өндіретін «Астана-Нан Chemicals» зауытының жұмысымен танысты. Компанияның құрылтайшысы Иван Сауэр Мемлекет басшысына өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын заттар, пестицидтер, калий тұзы және құрамында глифосаты бар препараттар шығаратын өндіріс желісі мен заманауи құрал-жабдықтарды көрсетті.
Сондай-ақ Президент Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Степногорскідегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін аралап көрді. Онда бокс, еркін күрес, ауыр атлетика, дзюдо, көркем гимнастика, футбол, шаңғы жарысы және самбо секциялары бойынша 1 140 бала спортпен шұғылданады. Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті аралап көргеннен кейін өңірдің белгілі спортшыларымен және жаттықтырушыларымен кездесті.
Президент қазақстандық спортшылардың өнерін әрдайым тамашалайтынын және қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ірі жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін спортшыларға алғыс айтып, еліміздің шетелдегі имиджін арттыруға қосқан олардың үлесіне тоқталды.
Шара соңында Мемлекет басшысы Лейк-Плэсидте (АҚШ) өткен Дүниежүзілік қысқы универсиада чемпионы биатлонист Бекентай Тұрлыбековке алғысхатын табыс етті.