Даулы қаулы дабыл қақтырды
Даулы қаулы дабыл қақтырды
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
1,624
оқылды
Әлемде болып жатқан геосаяси қақтығыстардың кесірі елімізді айналып өтіп жатпағаны анық. Меңзегеніміз – сол баяғы Украина мен Ресей. Әсіресе, басқын­шылықты бағыты ретінде ұстанған екіншісі өзге ұлт азаматтарын қатарға қосуға тырысып жатыр. Ойын ашық жеткізуге де көшті. 2 күн бұрын ғана өзге емес, өзіміз дейтін Байқоңыр әкімдігі күтпеген мәлімдеме жасап, елді бір дүрбелеңге салды. Сырттағы елдің «сырқаты» қалай тарала бастады? Байқоңырдағы былық «Байқоңырда Украинадағы соғысқа бару үшін 260 мың рубль ұсынып жатыр» деген ақпаратты құлағымыз шалған. Кейін көзіміз жеткендей, бірреттік төлем төлеу туралы қаулыға Байқоңыр қа­ласы әкімдігі қол қойып, құжат мекеме сайтында жарияланған екен. Ал қаржы қала бюджетінен қарас­тырылған. Құжатқа сәйкес, ақша әлеуметтік қолдау шарасы ре­тінде ұсынылған. Бірақ көп өт­пей әкімдік ақпаратты жоққа шығарып бақты. Негізінде, ақ­паратты жалған деуге келмейді. Мәселе былай, Байқоңыр қала­сының әкімдігі 2023 жылғы 7 ақ­пандағы №49 қаулысына сәй­кес, Байқоңыр қаласында тұ­ратын жұмылдырылған азамат­тарға, сондай-ақ арнайы әскери операцияға қатысуға ниет біл­дірген және әскери қызметті өткеруге келісімшарт жасасқан адамдарға әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 мың рубль мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем белгіленген. Әкімдік «Ре­сей федерациясы президентінің 2022 жылдың 22 қыркүйегіндегі №647 «Ресей федерациясында ішінара жұмылдыру жариялау туралы» жарлығына сәйкес, тек Ресей Федерациясының аза­маттары әскери қызметке ша­қырылады» дегенді басшылыққа алып қойыпты. Яғни, ерікті түрде әскери қызметші ретінде жұмылдыру немесе арнайы әс­кери операцияға қатысу үшін Ресейдің 60 жасқа дейінгі ер-азаматтары шақырылуы мүмкін. Осылай дей келе, әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 мың рубль мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем тек Байқоңыр қаласының тұрғыны болып са­налатын Ресейдің азаматтарына қолданылатынын жеткізген. Ал қала тұрғындарының көбі Қа­зақстан азаматы екенін білеміз. 76 мың тұрғынның 39 мыңнан астамы – Қазақстан азаматы. Сөйте тұра, осындай қаулыны жариялауы тек Ресей азаматта­рына қатысты дегенмен келісе алмаймыз. Күдік-күмәніміз көп. Келісіп жатса, қала тұрғындарын азаматтығына қарамастан май­данға жөнелтуге даяр секілді. Әйтпесе, хабарландыруды алдын ала толық түсінікті етіп жазуы тиіс болған. Қоғам бас көтерген соң аяқасты Ресей азаматтарына ғана қатысты деп мәлімдеді. Бұл Байқоңырда болып тұр­ған бірінші келеңсіз жайт емес. Осыған дейін қаладағы мек­теп­терде оқушыларға майданды на­сихаттайтын Z таңбасы көр­се­тіліп, «патриотизм» деген же­леу­мен түрлі әскери сабақ өткізілген. Сонымен, Байқоңыр қала­сын Ресей 2050 жылға дейін жалға алып, оған Ресейдің фе­дералдық маңызы бар қаласы деген мәртебе бергенін білеміз. Жылына 115 млн доллар төлейді. Әйткенмен, бұл ондағы тұрып жатқан азаматтар басыбайлы көрші елге тәуелді дегенді білдір­мейді. Еліміз заң бойынша өз аза­маттарымызға шетелдегі со­ғыстарға қатысуға тыйым салған, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық ко­декстің 172-бабында (Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) «Қазақстан Республикасы аза­матының шет мемлекеттің ау­мағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жал­дамалылық белгілері бол­ма­ған кезде қасақана қатысуы – 5 жылдан 9 жылға дейінгі мер­зімге бас бостандығынан айы­руға жазаланады» деп анық көрсетілген. Айтпақшы, «Ресей Қазақстан азаматтарын түрлі жолмен со­ғысқа шақырып жатыр» деген хабарламалар осыған дейін де болған. Мысалы, өткен айда жар­нама сайттарында көрші ел­де вахталық жұмыс бары, айына 700-900 мың теңге төлейтіні жайлы хабарламалар қаптады. Алайда жұмыс түрі нақты жа­зылмаған. Өзге ұлттарды иемденуге ұмтылыс Былтырдан бері үзілмей келе жатқан соғыс басталғалы еліміз бірнеше сепаратистік әрекет­тердің куәсі болды. Мұндай жағдайлар сонау 2014 жылдан бастап арагідік көрініп қалатын. Оларды тізбектемей, бергілерін айтсақ та жеткілікті. Былтыр наурызда кей автомобильдердің шанағынан Z белгісі бар жап­сырмаларды аңғардық. Бұл әре­кет қоғамда қызу талқыланды, себебі осы белгі Ресей әскерін қолдау амалымен байланыс­тыратын, майданды насихаттау жолы еді. Абырой болғанда, құзырлы органдар жапсырма­ларды алып тастатып, ескерту беріп жүріп тыйды. Шектеу қой­маса, ұлтаралық араздықты ту­дыруы да мүмкін болатын. Біз осы тұста назар аударма­ған тағы бір жайтты баяндағымыз келеді. Осыған дейін құқық қор­ғаушылар Ресейдегі азшылық этностардың қанды қырғын оша­ғына тасталып жатқанына алаңдаған. Оның ішінде қазақтар да бар. 2010 жылғы бүкілресейлік санаққа сәйкес, Ресейдегі қа­зақтар саны 647 732 адамды құ­раған. Қазақстан елшілігі жер­гілікті қазақ ұйымдарының және басқа көздердің деректеріне жү­гініп, Ресейде тұрып жатқан «қазақтар саны 800 мыңнан 1,5 миллион адамға дейін жетеді» деп отыр. Ресми мәліметке жү­гінсек, Астрахань облысында – 149 мың, Орынбор өлкесінде – 78 мың, Саратов облысында – 76 мың, Волгоград облысында – 76 мың), Челябіде – 35 мың, Тюменьде (Түмен) 19 мың қазақ тұрады. Мәскеу Украинаға бас­қыншылық жасағанда ерікті түрде соғысқа барғандар сапында қазақтар болды. Украина жа­рия­лаған қаза тапқандардың және тұтқынға түскендердің тізімінде де өзіміздің қандастарымыз жүр­ді. ЗСУ жермен-жексен еткен, темір-терсек болып шашылып жатқан РФ әскери техника­сы­ның, танктің сауырында «Каза­хи» деген жазу ұлтжанды аза­маттарымыздың қабырғасына батса қажет. Былтыр қазан айында оли­гарх Айдын Рақымбаев Орын­бор, Омбы, Астрахань өңірлерін­де майданға жүздеген қазақты топырлатып әкетіп жатқанын айта келе, оларды Қазақстанға келуге шақырғаны есте. Қан­дастарға жатақханалардан орын мен тамағын беретінін жария­лады. Алайда артынша жатақ­ханаларына жүз шақты ғана қазақ келгенін қосымша ха­бар­лады. Негізі, Астана мен Аты­рау­да, Жамбыл және Алматы об­лыстарында 500-ге жуық қан­дасты қабылдауға дайын болған. Не де болса, Ресей өзге ұлттарды өз жағынан майданға қосқысы келетін ниетін ашық жеткізіп жүр. Қорытындылар болсақ, те­ріскейдегі көршіміздің «теріс пиғылы» бітер емес. Айып­та­уымыз бекер емес, адамзат бір­лікке, ауызбіршілікке, өзгенің хақына қол сұқпауға ұмсынып жатқан заманда қақтығыстарды қабылдау қиын дүние. Бұл істі жауаптылар бір ой елегінен өткізіп, зерделегені абзал деп ойлаймыз.