Өзен жағалағанның өзегі талмайтын еді...
Өзен жағалағанның өзегі талмайтын еді...
616
оқылды
Қаратал өзенінің Балқаш көліне құяр сағасына орналасқан Көпбірлік ауылы тұрғындарының тіршілік көзі – балық. Ауыл тұрғындарды балық аулаумен жан бағып, бала-шағасын өсіріп, оқытып-тоқытып отыр. Кеңес заманында көпбірліктік­тер балық аулаудан алдыңғы қатарда болып, талай мәрте жоспарын арты­ғымен орындап, озаттарымен мақ­танатын. Елді мекеннің барлық тағдыры көлмен тікелей байланысты екенін білмейтіндер «кәсіпкерлікті дамытамыз, кооператив құрып, ауылды көркейтеміз» деген құрғақ уәдемен жергілікті жұртты тойдырып, іске татитын техниканы, ау-құралды, тағы басқа жабдықтарды сатып, айрандай ұйып отырған жұрттың берекесін қашырды. Ауыл жұрты балықшы деген мәртебелі мамандықтан да сол кезден бастап қадір қашқанын айтады. Бұрынғыдай ортақ мүдде, айқын мақсат болмағандықтан, көлдің айдыны пышақ үстінен бөлініске түскенде, ұлтарақтай болса да үлес тимеген тұрғындар күнкөрістің қамымен жеке-жеке балық аулап, шамасы жеткені кішірек қайық сатып алып, осы күнге дейін амалдап күнелтіп келді. «Табысы мол, жетістігі мен марапаты көп мамандық иесі едік» деп күрсінген байырғы балықшылар келер күнге алаңдаушылығын жасырмайды. Байырғы жұрттың жүздерінен дәрмен­сіздік, көздерінен үмітсіздік байқалады. Тұрғындардың жанайқайы жүрек ауыртты. Балықшы қауым бала-шағасын асырау үшін қашып-пысып, заңсыз балық аулауға мәжбүр. Қолындағы ау-құралдарына да заңмен қатаң тыйым салынған. Күн­көрістің басқа амалы қалмағандықтан, «қара қазан, сары баланың» қамы үшін рұқсатсыз балық аулауға мәжбүр болып жүргендерді соңғы кездері табиғатты қорғау полициясы ұстап, қылмыстық іс қозғап, шырылдатып жатыр. Бүгінге дейін бірнеше балықшыны қылмыстық жауапкершілікке тартып, ісін сотқа жөнелтіпті. Ашынған, амалы қалмаған халық не істерін білмей отыр.
«Байшегір ауылының тұрғынымын, екі баламды балық аулап жүргенінде ұстап, қылмыстық іске тартты. Әрине, поли­цияның істеп отырғаны заңды, табиғатты қорғап, өз міндетін атқарып отыр. Бірақ ауыл тұрғындарының басқа жұмысы жоқ. Қайтіп күн көреді? Ұры-қары секілді заң қызметкерінен қашып жүріп, балық аулауға мәжбүр. Байлыққа белшесінен батып жатқан ешкім жоқ, барлығы да бала-шаға асыраудың қамы. Оларға айыппұл салса бір жөн, бас салып, қылмыстық іс қоз­ғағаны бізді қатты шошытады. Барлы­ғының бала-шағасы бар, олардың ертеңгі болашағы не болады? Әкелері сотталған балалар ертең жұмысқа да орналаса ал­майды. Бұлай жалғаса берсе, ауыл түгелі­мен сотталып шығады. Одан кейін олар қайда барады? Тағдырлары талқандалады ғой. Бізге осы мәселені шешіп берсе, заңды балықшы деген атқа ие болып, рұқсат қағазымызбен балық ауласақ»,–дейді ауыл тұрғыны Түгелбай Әрін.
Көл жағалаған елді мекендерде де бюджеттік мекемелерден басқаларға жұмыс табу қиын. Қала сағалап кететін жағдайлары тағы жоқ. Не істерін білмеген жұртқа балық аулаудан басқа тірлік көзі табылмайды. Жергілікті тұрғындар поли­циясы, тағы басқасы бар, табиғат қорғау­шылардың талабын жөнсіз деп отырған жоқ. Заң бәрімізге ортақ. «Қызмет қыл да, міндет ет» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан алыс ауылдарда тұратындардың екі қолына бір күрек тауып беріп, бала-шағасын асырайтын жағдай туғызғаннан кейін ғана балықты заңсыз аулауына қатысты талапты күшейткен жөн деп ойлаймыз. Күнкөріс үшін су жағалап, асымдық балық аулағандарды қылмысқа тарта берсе, көл жағасындағы ауылдарда «таза» адам қалмайды. Ал елдің бәрін «қыл­мыскер» атандырудың соңы жақсылыққа апармасы анық. Бұл жағдай биліктің барлық сатысын ойландыруы қажет.
«Біздің қашып-пысып жүріп құратын ауымыз да өзіміз сияқты заңсыз. «Қытай сеткісімен» балық аулауға тыйым салын­ған. Рұқсат етілген жібек жіптен тігілген ау-құрал бұрын Ресейден әкелінетін. Оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Амалсыздан осы «қытай сеткісін» пайда­лану­ға мәжбүрміз. Оны пайдалануға тыйым салынғанымен, елімізде емін-еркін саудаланады. Қылмыстық жолмен жеткі­зіліп жатқаны шындық. Рұқсат етілген құралымыз болса, заңсыз дүниені тұтынып неміз бар?! Елімізде жібек жіптен тоқылған ау-құрал шығаратын кәсіпорын ашыл­ғанша, осы құралмен балық аулауға рұқсат берсе деген ұсынысымыз бар», – дейді балықшының бірі Мұратхан Құдай­бергенұлы.
Расымен, бұл ауды тұтынуға 2004 жылғы Үкіметтің қаулысы арқылы тыйым салған. Бірақ сол кезде биліктегілер елімізде рұқсат етілген ау-құралдың шығарылмайтынын, тапшылық туындап, заңсыздық өрістейтінін ескермеген болып тұр. Үкімет тыйым салған құралдың елімізде неге емін-еркін саудаланатыны да сұрақ туғызады. Шекарадан, кеденнен қалай өткізілетіні де түсініксіз.
«Біз үрім-бұтағымызбен балықшылар әулетіненбіз. Ата-бабамыз да, әкеміз де, өзіміз де, балаларымыз да көлден нәпақа тапқан. Басқа кәсіпке қарағанда, балық­тың жағдайын жақсы білеміз. Заңсыз ба­лық­шы атануымыздың басты себебі – көл­ден балық аулайтын учаске алма­ғанымыз. Өкінішке қарай, оны алу да оңай емес. Өйткені учаскелер аукцион арқылы сау­даланады. Бәссауданың бастапқы төлемі 1 млн теңгеден басталады. Кім көп береді, сол ұтады. Ауылдағыларда ондай қаражат қайдан болсын? Соның салдары­нан сырттан келіп қатысқандар жеңеді. Олардың ешқайсысының көлге, елге жаны ашымайды. Белгіленген уақытта өзіне тиген телімдегі бар байлықты сығып алуға тырысады. Балық қорғау, оның қорын көбейтуге бас ауыртпайды. Бар болғаны он шақты адамды жұмыспен қамтиды да, қалған тұрғындар тағы да сол браконерь атанып жүре береді. Осы жағдайды да ескеру қажет. Табиғат байлығы сол елде, оның ішінде жергілікті тұрғындардың игілігіне жаратылуы керек. Барлығын заңды етіп шешіп берсе, бізде соған сай салығымызды төлеп, жұмыс істер едік. Қашанғы браконерь деген атпен қашып-пысып жүреміз. Жоғары облыс, респуб­ликалық басшылыққа осыны жеткізсеңіз­дер, – дейді бес ауылдан жиылған тұрғын­дар.
Қаратал ауданындағы Көпбірлік, Қара­құм, Бәйшегір, Дөңши, Ақжар ауылының тұрғындары да осы жағдайға қатысты арыз-тілектерін жеткізді.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы