Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (26-0, 19КО) IBO-ның бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды kazproboxing парақшасы. Ж.Тұраров аталған титулдың қазіргі иегері мексикалық Алехандро Менесеспен (16-5, 9КО) кездеседі. Олардың жекпе-жегі 21 наурызда Алматыда өтетін бокс кешінің басты оқиғасы болады. Бастапқыда бұл айқас 18 наурызға белгіленген еді. Айта кетейік, Жанқош Тұраров Алматыда өткен бұған дейінгі жекпе-жегінде венесуэлалық Луис Энрике Ромероны (11-6-1, 7КО) жетінші раундта нокаутқа түсіріп, бірінші жартылай орта дивизиондағы IBO Inter-Continental чемпионының вакантты титулын жеңіп алды. Алехандро Менесес болса, бүгінге дейінгі соңғы кездесуінде апсет жасаған еді – Ливерпульде (Англия) жергілікті фаворит Сэм Максвеллді (16-1, 11КО) нокаутқа түсірді. С.Максвелл кәсіпқой бокс мансабында алғаш рет жеңілді.