Бас прокуратура Jusan-ды Қазақстанға қайтаруға әрекет жасап жатыр
Бас прокуратура Jusan-ды Қазақстанға қайтаруға әрекет жасап жатыр
Фото: orda.kz
Алматы қаласының Бостандық аудандық соты  Pioneer Capital Invest  ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы  First Heartland Jusan Bank  АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың (бұдан әрі –  Jusan  тобы) активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап-арызы бойынша азаматтық іс қозғады. Бұл туралы Aikyn.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 2022 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрды. Сол кезден бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шетелге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында  талдау жүргізді. Талдау барысында  Jusan  тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзыреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген. Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі  «Pioneer Capital Invest  ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде  «Назарбаев университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі  Jusan  тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері  – аталмыш оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі. Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан Jusan  тобы шетелдіктердің бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы келіп түсті. Прокуратураның мақсаты – тек әділеттілікті қалпына келтіріп,  Jusan  тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару. Сонымен қатар аталған талап-арыз Jusan Bank-тің жұмысына қатысты емес, яғни оның ағымдағы қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bank-тің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады.