Жамбылдағы сарбаз өлімінен кейін бірнеше тұлға жұмыстан шеттетілді
Жамбылдағы сарбаз өлімінен кейін бірнеше тұлға жұмыстан шеттетілді
Фото: tengrinews.kz
2,080
оқылды
Жамбыл облысында орналасқан Шөлдала шекара бекетінде 19 тамызда қаза тапқан сарбаздың өлімінен кейін бірнеше қызметкер қызметінен шеттелген. Бұл туралы Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов мәлімдеді. «Жамбыл облысы бойынша шекара қызметі департаментінің бастығы қызметінен босатылды. Дәл сол застава орналасқан шекара басқармасының бастығы, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, застава бастығы да қызметінен шеттетілді. Олар тергеудің аяқталуын күтіп отыр. Тергеу аяқталған соң оларға қатысты тиісті шаралдар қолданылады», - деп жауап берді Е. Алдажұманов Сенат отырысынан кейін тілшілер сауалына. Шекара қызметінің басшысы қазіргі кезде тергеу жүріп жатқандықтан, істің мән-жайы туралы айтуға құқылы емес екенін жеткізді.
«Мен нақты ештеңе айта алмаймын, тергеуді жүргізіп жатқан жоқпын, тергеу материалдарымен танысуға рұқсат етілмейді. Егер тергеу жайын айтсам, ертең қылмыстық жауапкершілікке тартыламын. Адвокаттың айтқанына қатысты да ештеңе айта алмаймын, бірақ оның басты күдіктінің адвокаты екенін айта аламын. Түсінесіздер ме? Сондықтан ол қорғаудың бұл түріне жүгінген. Бұл жеке іс. Тергеу аяқталған соң кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені белгілі болады. Тергеу нәтижесін күту керек, ол аяқталып қалды», - деді Шекара қызметінің төрағасы.
Еске салайық, 2022 жылғы 19 тамызда Шөлдала шекара бекетінде қатардағы сарбаз Бекбол Мираш шалбарының белбеуіне асылып қалған күйі табылған еді. Аталған факті бойынша тергеу басталып, істі ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласы бойынша департаменті тергеп жатыр. Қыркүйек айында күдікті «Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті және өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша ұсталып, қамауға алынды. 23 қаңтарда сарбазды өзін-өзі өлтіруге итермеледі деп айыпталған әскери қызметкердің адвокаты Сержан Пралиев БАҚ өкілдерімен кездесуде сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның денесінен бірнеше адамның биоматериалы анықталғанын мәлімдеген болатын.