Отандық кәсіпкерлер «Күшіміз бірлікте» қорына 72,7 млн теңге жинап, зілзаладан зардап шеккендерге көмек ретінде Түркия елшілігінің есепшотына аударды. Сондай-ақ, бизнесмендер табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге 130 атаулы медициналық жабдық, соның ішінде 60 механикалық тонометр, 40 балдақ, 50-ден астам шатыр мен пеші бар киіз үй, жылу зеңбіректері мен электр генераторлары, киім-кешек, 50-ден астам төсек жабдығы, азық-түлік және тұрмыстық заттар жіберді. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымовтың айтуынша, барлық өңірлік палатаның жанынан гуманитарлық көмек жинау бойынша штабтар құрылған.
«Түркия елшілігімен үнемі байланыстамыз. Күнделікті өңірлік палаталарға елшіліктің қажеттілігі туралы ақпарат негізінде ең өзекті тауар атауларының тізімі жіберіледі. Көмек қажетті және уақтылы жеткізілуі үшін елшілік тізіміндегі өнімдер бизнес-қоғамдастықпен пысықталып жатыр», – деді ол.Өңірлік палата қызметкерлері қазақстандықтар жинаған көмекті Түркияға жөнелту кезінде ерікті болып жұмыс істеді. Қазіргі жағдай бойынша генераторлар, шатырлар, көрпелер және төсек қаптарына деген қажеттілік жоғары. Өңірлерде жиналған гуманитарлық көмек тұтастай Түркияның ресми өкілдіктері бар қалаларға: Астана, Алматы және Ақтауға жіберіліп жатыр. Сондай-ақ, зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін жиналған өнімнің бір бөлігін көліктік-логистикалық қауымдастықтар мен кәсіпорындардың еріктілері гуманитарлық көмек ретінде жөнелтті.