MediaLab мол мүмкіндікке жол ашады

MediaLab мол мүмкіндікке жол ашады

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қоғамдық даму институтының ғимара­тында MediaLab журналистика ор­та­лығы ашылды. Мұнда ме­диа­ ма­мандардың біліктілігін арттыруға қажетті барлық жағ­дай жасалған. Орталықтың ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек қатысты. Өз сөзінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі MediaLab-ты аймақтық БАҚ журналистерінің, баспасөз хатшыларының кәсіби біліктілігін арттыратын бірегей платформаға айналдыруды мақсат еткеніне назар аударды.

«Естеріңізде болса, Astana Media­Week форумында біз медиаиндус­трияны зерттеумен, журналистика және коммуникация саласындағы мамандардың біліктілігін арттырумен жүйелі түрде айналысатын орталық ашамыз деген едік. Енді, міне соның орайы бүгін келіп отыр. MediaLab орталығы медиа тұтыну паттерндерін ғылыми тұрғыда зерттеуді, жур­налис­тердің, әсіресе аймақтағы журналис­тердің біліктілігін арттыруды, салалық журналистиканы жетілдіруді, баспасөз хатшыларының кәсіби дағдыларын дамытуды көздейді» деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.
Орталық еліміздің әр аймағындағы университеттерде «Журналистика» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге де әдістемелік қолдау көрсетпек. Бұл орайда министр әлемдегі журналистика мектептерінің озық деген оқу бағдарламаларын «Ашық силлабус» жобасы аясында Қазақстанға әкеліп, үздік кітаптар мен оқулықтарды қазақ тіліне аудару жоспарланғанын жеткізді. Ал Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек ведомствода қолға алынған жобаларға тоқталып, олар жайында халыққа кеңінен ақпарат таратуда БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға ниетті еке­ніне тоқталды. Кездесуде сондай-ақ медиа ма­мандықтар үшін оқулықтар даярлау, басып шығаруды, «Болашақ» бағдар­ламасымен журналистерді оқытуды ұйымдастыру мәселесі де сөз болды.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ