Атыраулық дизайнер Назерке Ищанова Лондондағы халықаралық байқауда бірінші орын алды. Баспа дизайнері Назерке Ищанова компьютерлік графиканың Digital Art стилінде электронды қаламмен картина салып жүр. Жақында «Мұнар күн» картинасы Лондон қаласында өткен «Алтын таланттар уақыты» халықаралық байқауында бірінші орынға ие болды. Онлайн форматтағы байқауға әлемнің 39 елінен 200-ге жуық үміткер қатысқан. Ол 1836-1838 жылдары ұлт азаттық көтерілісінің көсемі Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл толуына орай дайындалған «Асқақ рух» кітабының беттеуші-дизайнері болған. Сол кезде тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеу еңбектерімен танысып, Исатай туралы жырларды қызыға оқыған. Осылайша, батыр бейнесін жасауға құлшына кіріскен.
«Халықаралық байқаудың жарнамасын әлеуметтік желіден көрдім. Былтыр қарашада бірнеше картинаның арасынан біреуін таңдап, бағымды сынап көру үшін жібердім. Бұл байқау 2007 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылады», – дейді Назерке Ищанова.