Еліміздің ұстанған басым бағыттарының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Яғни, бизнес субъектілерін ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналдыруда. Бұл бағытта жылда Үкімет тарапынан жанданып жатқан жобалар мен несиелік гранттар аз емес. Алайда өз бизнесімді ашсам деген азаматтардың комиссия мүшелері белін бумай, бетін қағып жатқанын көріп, бас шайқайсың. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне келген екі азамат Байзақ ауданы әкімдігі құрған комиссия мүшелері бизнес жобаларын қабылдамай, сүріндіргенін айтып шағымданған. Департамент осы шағым негізінде жүргізген тексеріс барысында аудандық комиссия мүшелері шынында азаматтардың бизнес жобалары заңға сай жасалса да, қасақана өткізбегенін анықтаған. Осылайша, «өзім білемге» салған комиссия мүшелерінің заңсыз әрекеті әшкере болғаннан кейін олар түрлі сылтауларын алға тартқан. – Бізге шағымданып келген екі азаматтың арызы негізінде жіті тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде, комиссия мүшелері тұрғындардың бизнес жобалары заңды жасалса да, қабылдамай қойғаны анықталды. Мұның себебін сұрағанымызда комиссия мүшелері бизнес жобалары заңды жасалғанымен, қайтарымсыз несиеге үміткер азаматтар жобаларын сөзбен дұрыс түсіндіре алмағанын айтты. Алайда сол үшін жобаларын қабылдамай қою ақылған сыймайтын дүние. Неге десеңіз, шаруалар сөзге шорқақ болып жатады. Немесе комиссия мүшелерінің мысы басып, алдында сөйлей алмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда комиссия мүшелері жобаны өздері оқып шығуы керек. Олар сол үшін комиссия мүшелері болып отырған жоқ па? Байзақ ауданы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарымен де сөйлестім. Олар да бизнес жоба заңға сай жасалғанын растады. Енді биыл шағым айтқан екі азаматтың бизнес жобалары жіті бақылауымызда болады. Яғни, оларға қайта бизнес жоба жасау қажет емес. Егер комиссия мүшелері тарапынан мұндай жағдай қайта қайталанатын болса, онда сыбайлас жемқорлық тәуекелдігі турасында тексеріс жүргізетін боламыз, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Қайрат Ақмурзаев. Иә, байқап тұрсақ, департамент тексерісінен кейін ғана комиссия мүшелері «жаздық», «жаңылдық» деп ант су ішіп ақталған екен. Осы орайда комиссия мүшелерінің әрекетіне Байзақ ауданы әкімдігі қандай баға беретінін сұраған едік. – Қ. және С. есімді жеке тұлғалардың кәсіптерін дамыту үшін мемлекеттік қолдауға арналған мөлшері 400 АЕК грант алуға ұсынған өтінім мен бизнес жобалары зерделенді. Үміткерлердің қайтарымсыз грант алуға бизнес жобалары белгіленген талаптарға сай болғанымен, бизнес жобаның мәнін комиссия мүшелеріне толық жеткізе алмауы себебінен оң шешім шығарылмаған. Алдағы уақытта түсінбеушілік пен тәуекелдерді болдырмау мақсатында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы аяқталып жаңадан сайланған мәслихат депутаттары жасақталған соң Байзақ ауданы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарауға арналған комиссияның құрамы толығымен өзгертілетін болады, – дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов. Бұдан бөлек, Дәуір Рысбайұлы 2022 жылғы гранттар 4 лекпен комиссия қаралуына жіберіліп, алғашқы үш лекте ешқандай кедергі болмағанын айтады. Алайда 4-ші лекте министрлік тарапынан қайтарымсыз грантқа өтініш берушілердің шектік саны алынып тасталуына байланысты портал арқылы 1 621 азаматтан өтініш түсіпті. Яғни, лимит шектеуі алынып тасталуына байланысты 1 грантқа 10 адамнан келіп, халық арасында әлеуметтік шиеленіс туындаған. Нәтижесінде, уақыт шектеулі болғандықтан, комиссия мүшелері күніне 200 адамды қабылдап, жұмыс сапасыз орындалған. Сондықтан аудан әкімінің орынбасары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» мемлекеттік грантты беру жөніндегі қызметті реттейтін құқықтық актідегі комиссия жұмысы мен бағалау бағытындағы заңдылықтарды қайта қарап, нақтылауды ұсынуда. Негізі, қайтарымсыз гранттарға қатысты өңірде «бауын тапса, байлауын таппаған» тірлік көп. Әсіресе, комиссия мүшелерінің шешімінің соңы айқай-шуға ұласып жатады. Сондықтан ең бірінші осы комиссия мүшелерінің құрамын білікті мамандардан жасақтау қажет. «Әйтеуір, қатысып отырса болды» деп тізімге ілген адамдардың артынан қандай ілік шығып жатқанын Байзақ ауданындағы жағдай көрсетті. Одан бөлек, аудан әкімінің орынбасары айтқандай комиссия жұмысы мен бағалау бағытына да өзгеріс керек секілді. Енді оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына қалдырдық. Әйтеуір, министрліктегілер бұл мәселеге байзақтық комиссия мүшелері секілді атүсті қарамайды деп сенеміз.
Жамбыл облысы