Қажылық «кәсіпке» айналды

Қажылық «кәсіпке» айналды

Әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз, Меккедегі суретін жарыса жариялап, қажылыққа апаратын турфирма­ларды жарнамалап жүрген блогер­лерді көресіз. Мұсылмандық пары­зын орындау үшін сол жарнамаларға сеніп, жиған-тергенін турфирмаларға салып, соңында жер сипап қалған адам­дар да аз емес. Сонда қажы­лыққа бару алдап-арбау мен биз­нес­тің көзіне айналып кетті ме? Жалпы, қазіргі қажылыққа апаратын компа­ниялардың жұмысы қай деңгейде? Жақында Кausar Travel компаниясы мыңдаған адамды арзан бағада «қажы­лыққа жібереміз» деп алдаған. Турком­па­нияның өкілдерімен кездесуге келгендер кеңсенің жабық тұрғанын көреді. Есігінде дәу құлып. Алданғандардың айтуынша, бүгінде 1 360 адам Kausar Travel компания­сының құрбанына айналған. Олардың басым бөлігі – турфирманың жалған жарнамасына сеніп қалғандар.

–2022 жылдың 18 желтоқсанында мен 480 мың теңгеге Kausar Travel компания­сынан умраға жолдама алдым. Instagram-нан олардың 1 000 долларға сатып жатқан акциясын көрдім. Қажылыққа бару үшін екі жылдай дайындалып, ақша жинадым. Көрсетілген нөмірге хабар­лас­тым, Балжан деген қыз жауап берді. «Бүгін акцияның соңғы күні, жолдама құны 1 000 доллар» деп айтты. Ешқандай келісімшарт жасалынған жоқ. Олар бар болғаны WhatsАpp арқылы мөрі басылған сертифи­катты жіберді, – дейді Самат Мыңбаев.
Осылайша, қаңтар айында кетуге тиіс азаматтар сол күйі Мекке мен Мединаны көре алған жоқ. Турпакеттің ішіне ұшып барып-келу, қонақүйде тұру, медициналық сақтандыру және трансфер гид қызметі, шағын сыйлықтар кірген. Ал Алматыдан жолға шыққан 57 адамды турфирма Медина қаласындағы жатақханаға тастап, із суытыпты. Сондықтан қажылар жатын орын мен тамаққа қосымша қаржы шы­ғындап, қайтар жолдың билетін де өз ақ­шаларына сатып алған. Қазір Kausar Travel-ден жолдама алғандар жаппай по­лицияға арызданып жатыр. Бұл қажылыққа барамыз деп бірінші рет алданып қалған азаматтар емес. Бұған дейін де полицияға осындай арыз айтып келгендер болған. Айталық, былтыр Алматыдан Меккеге үлкен қажылыққа бармақ болып ниет­тен­ген бір топ азамат Er-Ali-Co компаниясына әрбірі 2 200 000 теңгеден өткізген. 30 мау­сым күні сапарға шығу үшін Алматы әуе­жайына келген оларға билет алынбағаны белгілі болады. Содан бері алданған аза­маттар не қа­жылыққа аттана алмай, не қаржысын қайтара алмай келеді. Кез келген адам турфирма аша алады Үлкен қажылыққа баруды тікелей Діни басқарма қадағалайды. Жыл сайын Сауд Арабиясы қажылық орындарын бөлгеннен кейін ҚМДБ ашық конкурс жариялайды. Былтыр 20 туроператор қатысып, оның 14-і 2022 жылғы қажылықты ұйым­дас­тыруға қабілетті деп таныған. Қал­ғанының тиісті құжаты жоқ болып шықты. Діни басқарма өткізетін іріктеуде компанияның 5 жылдық тәжірибесі, Астана және Алматы қалаларында кеңсесі болуы қарас­ты­рылады, сондай-ақ Діни басқармамен меморандумға отыруы сияқты талаптары бар. Осы талаптардан өткен компанияларға Діни басқарма қажылық сапарын өткізуге ресми түрде рұқсат береді. Ал басқарманың талаптарын орындамаған, келісімге сәйкес шешім қабылдамаған қажылық компа­ниялар қажылық квотасын ала алмайды. Діни басқарманың сараптау комитетінен өтпеген туристік компаниялардың іс-әрекетіне басқарма жауап бермейді. Ал биылғы үлкен қажылыққа іріктеуден 18 туроператор өтіпті.
– Қазақстандықтарды шетелге тур- операторлар алып шыға алады. Қазір проб­лема үлкен қажылыққа апаратын опера­торларға емес, Умраға апаратын туропера­торларға қатысты туындап отыр. Әуел бас­­тан үлкен қажылыққа апару Діни бас­қар­маның қадағалауымен жүзеге асып келеді. Өйткені бұл мұсылманның бес парызының бірі болып саналады. Сауд Арабиясы осы қажылықты Діни басқармаға ұйымдастыру міндетін берген. Жыл сайын Діни басқарма мен Қаржы министрлігінің арасында келісімшарт жасалады. Бірақ басқарма коммерциялық емес ұйым болған­дықтан, қажылықты техникалық ұйым­дас­тыруды туроператорларға тап­сырады. Діни басқарма конкурс жариялап, іріктеуден өткен туроператорларға рұқсат береді. Ал Умра қажылығына апаратын опера­торларға біз жауап бермейміз, – дейді Қа­зақстан Мұсылмандар діни басқармасының қажылық бөлімінің басшысы Жанділла Бекжігітов.
Жалпы, Умраға апаратын туропера­тор­лардың жұмысы елімізде ешқашан ба­қылаудан өтпеген. Умраны кез келген туро­ператор ұйымдастыра береді. Сауд Арабиясы кіші қажылықты ұйымдастыруды жеке фирмаларға беріп қойған. Сол компаниямен біздің турфирмалар келісім­шарт жасасқан. Біздің туроператорлар адам жинап, сол жаққа жібереді. Сауд Арабиясында компаниялар қонақүй дайындап, адамдарды күтіп алады. Визаны да сол жеке компаниялар береді. Ал үлкен қажылықта визаны Діни басқарма ірік­теуден өткен туроператорларға таратып береді. 2019 жылдан бері екі елдің арасында туристік виза пайда болды. Ол бір жылға беріледі. Осылайша, Сауд Арабиясына барған адам бір барған кезде үш айға дейін сол жақта қала алады.
– Бұл діни ахуалдың күрделенуіне алып келеді. Себебі теріс ағымдағы азаматтар үш айға сол жаққа барып, шейхтардан сабақ алып рухани қуаттанып келеді. Түркия, Араб елінің ұстаздарының шариғат бойын­ша білімі жоғары болса да, қазақтың ата-баба дәстүрімен келе жатқан дінін олар түсінбейді. Бұрын Умраға қажылық визасы 1 ай болғанда біз бұл өте ұзақ деп қысқарту жайлы ұсыныстар айтқанбыз. Енді виза бір жылға берілгеннен кейін теріс ағымдар тарапынан қауіп екі есе күшейді. 2019 жылдан бері Умраға визаны туроператорлар ғана емес, кез келген адам рәсімдей алады. Олар құжаты жоқ болса да, сайтқа кіріп, виза жасата береді. Қазір Умраға қажы­лықты бақылауға алу мүмкін емес. Сол жақ­тың жолын білетін адамдар 10-15 адамды жинап, алып кетіп жатыр. Кausar Travel компаниясына алданған 2 мыңға жуық адам шулап жатыр. Бірақ одан басқа 10-15-тен алданған адамдар қаншама? Қараусыз, бақылаусыз жатқан ақшасы бар салаға алаяқтардың келуі заңдылық. Бірақ діннің атын жамылып, осындай алаяқтар­дың пайда болатыны жайлы ешкім ой­ламады, – дейді Жанділла Бекжігітов.
Оның айтуынша, елімізде 6 мыңнан астам туроператор бар. Олардың арасында тәуелсіздік алғаннан бері осы салада келе жатқан сенімді туристік фирмалар да бар. Бірақ дінді түсінбесе де, ақша үшін адам жинап қажылыққа апаратын кәсіпкер көп.
– Құлшылықтың қадір-қасиеті кетті. Оның шариғат тұрғысынан қалай атқа­рылатынын туроператорлардың көбі білмейді. Адамдарды Умраға тек турист ретінде апарды. Осы тұрғыдан қажылардың құқығы бұзылып жатыр. Мұны Туризм комитеті Дін істер комитетіне, Дін істері Туризм комитетіне жауып отыр. Ал Діни басқармада мұны реттейтін құзырет жоқ. Осылай жалғаса берсе, бұл мәселе ше­шілмейді. Сондықтан Мәжіліс қайта жасақталғаннан кейін қажылықты рет­тейтін арнайы заң қабылдануы керек. Ал біз үлкен қажылықты ұйымдастыратын кезде іріктелген туроператорларға қатаң талаптар қоямыз. Сол кезде заңбұзушылық болмайды, – дейді Діни басқарма өкілі.
Қартқа қайырымсыздар қарайды Үлкен қажылыққа жылына 4 мың адам барса, Умраға 30 мың адам барады. Құрбан айттың кезінде қажылық сапар бар болғаны 10-15 күнге ұйымдастырылады. Қалған кезде азаматтар Умраға барады. Бірақ онда апаратын туроператорлар ақша алғанша үйіп-төгіп уәдені бергенімен, іске келгенде мұны ұйымдастырмайды. Айтқан уәделе­рінің бәрін орындаса, туроператорлар пайда таппай қалады. Айталық, жақында белгілі блогер Қайша Керей Меккеде қа­раусыз, адасып жүрген әжемен кездескені жайлы айтты.
– Бірнеше күн бұрын түнде Қағбаға барып дұға жасап келе жатсақ, «бір қазақ апа адасып жүр» деп екі қырғыз жігіт бізді тоқтатты. Сосын апаны ертіп қонақүйін іздедік, қолында визитка жоқ, мекенжайын білмейді, телефонында интернет жоқ. Біз интернет қосып, гидпен байланысқа шығып, Қағба маңында кездестік. «Мені интернетке салмаңдаршы, балаларым ұрысады-ау», – деді апа. Бір кезде гид пен ұстаз келді де, апаға дүрсе қоя берді. Біраз­дан соң жасы жиырмалардан асқан жігіт саусағын апаның көзіне қаратып: «Сенің кесіріңнен бүкіл группа шулап жатыр, не­менеге отыр деген жерде отырмайсыңдар, мә, ки мынаны аяғыңа» деп апаның аяқ­киімін лақтырды. Үйден 40 адым шыққан соң мүсәпірсің дегендей, апа селтиіп тұрып қалды, – дейді блогер Қайша Керей.
Иә, қазір Умраға апарумен студенттер де айналысып жүр. Олар өздері діни сауатын ашпай жатып, құлшылықты қалай ұйымдастырады?
– Діни құлшылықты ұйымдастыруға ақша табу мақсатымен келген туропера­торға адам құқығын таптау ештеңе емес. «Алланың разылығын алайық. Отандас­тарымызға пайдамызды тигізейік» деп жүрген фирмалар да бар. Олар аз пайда тапса да, өз ісіне адал. Бірақ қазір туристік виза шыққалы адамдар Умраға апаруды кәсіпке айналдырып алды. Олардың мақ­саты қажылықты ұйымдастыру емес, ақша табу, – дейді Жанділла Бекжігітов.
Елімізде заң кез келген адамға турфир­ма ашуға рұқсат берген. Яғни, олар әлемнің қай жеріне саяхатқа алып барамын десе де, өз еркі. Ал қажылық – құлшылық. Сон­дық­тан қажылыққа алып баратын турфир­маларды таңдағанда қиналып қалмас үшін оны алдымен зерттеп, танып алу керек. Бұл тұрғыда мемлекет туроператорлардың жұ­мысын қадағалауды қолға алмаса, алдан­ғандардың саны да арта береді.