Құрылыс сапасына күмән көп
Құрылыс сапасына күмән көп
1,763
оқылды
Неше күннен бері түрік ағайындардың басына түскен қасіреттің себеп-салдарын бірге іздеп, өзгелер жіберген қателіктен сабақ алу қажет екенін жарыса айтып жа­тырмыз. Та­биғаттың тосын мінезіне технологиясы мың жерден мықты елдердің өзі де тойтарыс беруге қауқарсыз екені түсінікті. Әйткенмен, алдын алуға мүмкіндік бол­маса да адам өлімін азайтып, ел эко­но­микасына орасан шығын болмаудың жолын қарастыратын жапон­дық­тардан жауап­тыларымыз үйренетін дүние көп. Олар ойлап тапқан технологияны жасап шығарсын деп жатқан ешкім жоқ, тек құрылыс технологияларынан бастап қажетті материалдарына дейін қатаң сынақтан өткізетін қадағалаушы органдардың әдіс-тәсілін қажетке жаратса да жетіп жатыр. Алдыңғы аптада Ыстанбұл әуежайының полицейлері жер сілкінісі кезінде толығымен қи­раған Хатай провинция­сындағы тұрғын үй кешенінің бас сәу­летшісі Мехмет Яшар Джошкун­ның қолына кісен салды. Жария болған мәліметке сенсек, элита­лық тұрғын үй кешеніндегі пә­терлердің әр шаршы метрі 1,5-3 миллион теңгеге дейін сатылған. Бірақ шаршы метрдің қымбат­тығы сапасына кепілдік бермеген. Үйді салған екі ағайын­ды сәулет­ші Мехмет Яшар Джошкун мен құрылыс инженері Хусейн Ялчин Джошкун заң алдында жауап бермек. Енді дәл осы жер сілкінісі қатты болған Түркияның бір қала­шығында бірде-бір адам өлімі тір­­келмеген. Хатай провин­циясы­ның Ерзин қалашығы ту­ралы тү­рік ақпарат құралдары жа­рыса жазып жатыр. Жер сіл­кінісі ке­зінде 42 мың тұрғыны бар қала­шықта бірде-бір кірпіш құламаған. Жергілікті жұрт бұл құ­пияның сыры бар болғаны қала­шықтың басшысы Өккеш Елмасо­ғлы­ның заңсыз құрылыс­қа ешқашан рұқсат бер­меуімен байланыс­тырады. Желге де шыдас бермейді Хатайда қатты жер сілкінісі салдарынан сан мыңдаған үй опы­рылып жатса, бізде табиғаттың тосын мінезінсіз-ақ жаңа тұр­ғы­зылған тұрғын үйлердің жыл өтпей қабырғасы қақырап, терезесі сы­қырлап жатады. Мәселен, Ал­ма­ты қаласындағы «Алма Сити» тұрғын үй кешенінің әу баста-ақ жарнамасы жер жарған еді. Мердігер компания көпқабатты үйлердің жобалары тұрғындарға көрсетіл­генде «барлық жағдай жасалады» деп сендірген. Өкінішке қарай, ертегіге сенген тұрғындар құры­лыс­тағы кемші­ліктерді қоныстанған соң бір-ақ біледі. Былтыр да Алма­тының Же­тісу ауданында жаңадан салынған 3 көпқабатты тұрғын үй­дің иелері баспана сапасына ша­­ғымданып бас көтерді. «Сырты бү­тін, іші түтін» пәтерлердің іші жар­ты жылға жетпестен тоз-тозы шыққан. 50 жылдан аса құрылыс сала­сындағы қадағалау жұмыстарын жүргізген Ерлан Қабденов жаңа салынған тұрғын үй құрылысына бұрынғыдай 10-15 адам емес, 4-5 адамнан құралған топ төрелік ете­тінін тілге тиек етті. Айтуынша, құрылыс сапасын қарайтын тап­сырыс беруші, мердігер компания, авторлық және техникалық бақы­лаушы құрылыс басындағы күн­делікті атқарған жұмыстан бастап қолданылған материалдың марка­сына дейін тексеруі тиіс. Бір қызығы, тексеріс темірдей дегенімен, бас қаланың өзінде үйлер үп еткен желге де шыдас бере алмайды. Шыны керек, осы күні астаналықтар желді және боранды күні үйінен шық­пауға тырысады. Өйткені тұрғын үйдің төбесіндегі шатыры мен керамо­гра­ниттері кез келген сәтте жазым етуі мүмкін. Бұл сөзімізді Қа­либек Қуа­ныш­баев атындағы қа­зақ мем­лекеттік ака­демиялық му­зы­калық драма теат­рының қыз­меткері Әсем Чапай да растай алады. Себебі ол да сапасы сын көтермейтін тұр­ғын үйдің жырын жоғарыдағы­ларға жет­кіземін деп табаннан тау­сылған­дардың бірі. Айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасымен Астана қаласы Сарыарқа ауданы Тілендиев 38 көшесінде орналасқан тұрғын үйден ипотека арқылы алған бас­панасы бір жыл өтпей жарамсыз күйге түсіпті. «Үкімет үйді тегін беріп отырған жоқ. Кеше ғана қолданысқа бе­рілген баспанамыз шұрық тесік, қабырғасында үлкен сызаты тұрса да тұрғын үйді салған алпауыт ком­панияға тісімізді батыра алмай отыр­мыз. Осылайша, 167 отбасы жа­нымызды шүберекке түйіп жүр­сек те, ай сайын ипотекасын тө­лейміз. Әр есікті бір ашып сапа­сыз құрылыс үшін жауаптыларды іздеп, жөні түзу жауап ала алмай жүр­ге­німізбен, ақшасын төлеуге кел­генде бір күн кешіктірмей өздері хабар­ласады», – дейді Әсем Чапай. Қа­бырғасы ажырап, төбенің тесігі­нен аңыраған жел мен еденнің суығы тұрғындардың сырқаттан көз аш­пауына да себеп болып отыр. Бұл – Астананың төріндегі тұрған үй. Әкімдік балансындағы үйді тұр­ғызған компанияның жұмысын қа­­былдап алған әкімдікке де, әділ­дік сұрап жүрген тұрғындардың ай­тарына құлақ түретін Үкімет те үнсіз. «Қарт ата-әжелер, мүмкіндігі шек­теулі балалары бар ата-аналар, жас босанған, босанатын келін­шектер суық бөлменің салдарынан күнде суықтап ауырып жатыр. Біз­дің үйдің тұрғындарына жаңа туған сәбилерді 40 күн суға шомылдыру арман. Себебі үйдің ішкі темпе­ратурасы 10 градустан көтерілмейді. Дәретхана мен жуынатын бөлменің температурасы 3-4 градустан ас­пайды. Аязды күндері ас бөлменің суықтығынан кесеге құйған ыстық шайымыз бір минутта суып кетеді. Амал жоқ, денсаулыққа қауіпті бол­са да тәулік бойы жылыту құралына тәуелді болып отырмыз», – дейді тұрғын үйдің тұрғындары. Құрылыста бақылау жоқ Жасыратыны жоқ, соңғы жыл­дары салынған тұрғын үйден ұзақ күттірген пәтер кілтін алғандар ішкі жөндеу жұмыстарына көп қаржы жұмсауға мәжбүр. Құрылыс сала­­сы­на көп жылын арнаған Фарид Акбердиевтің сөзінше, оның бір­неше себебі бар. Біріншіден, Үкімет сыннан сабақ алуды ұмытты. Тұрғын үй құрылысы саласына бақылау жа­сауы тиіс тұлғалардың салғырттығын сынаудан өлердей қорқу бар. Осын­дай сын-ескертпелермен жұмыс істемеудің салдарын қазір Түркия да, Сирия да көріп отыр. «Құры­лыстың барлық кезеңі құрылыс бақылауын жүргізетіндердің қырағы көзінен тыс қалмауы тиіс. Сметалық жобаны іске асыру мерзімдерін қадағалайтын және құрылыс жо­басын іске асыру уақытын ұзар­тудың заңсыздығы туралы бақылау органдарына, қажет болса құқық қорғау органдарына хабарлайтын техникалық қадағалау инженерлері де бар. Егер мемлекеттік сатып алу кезінен бастап осы қадағалау ко­миссиясы дұрыс жұмыс істесе, құрылыс компанияларына мұндай сын болмас еді. Өкінішке қарай, құрылыс бақылауының осалды­ғынан үлкен олқылықтар бар. Бірақ құрылыс компанияларын сапасыз салынған үйлері үшін сынаудан қорқамыз. Себебі жақсы болғымыз келеді. Ал құрылыс кезінде қандай да бір туыстық, достық қарым-қа­тынасқа жол берілмеу керек. Өйт­кені бұл үрдіс келешекте қадаға­лау­дың төмендеуіне әкеледі», – дейді ол. Оның айтуынша, келмес­ке кеткен кеңестік кездің өзінде адамдардың шағымы өте мұқият қаралған. Қазір жұрттың жанай­қайына құлақ түретін құ­зыр­лы орган табу қиын. Сонымен бірге ол «Бұрын құрылыстың сапасына ша­ғым келсе, құрылысты салған ком­паниямен бірге комиссиялық кез­десу ұйымдастырылатын. Тіпті, Ал­матыдағы тұрғын үй құрылысына қатысты шағымды қарау үшін Мәс­кеуден республикалық органдардың қызметкерлері келетін. Егер біз адамдардың шағымдарымен бай­ланыс орнатпасақ және нақты жа­уап бермесек, Президенттің ашық­тық саясатын қолдамағанымыз. Өйткені қазіргі Үкімет Президенттің адамдарға мейлінше жақын болу талаптарын елең қылмай келеді» дегенді айтады. құрылыс1 Екіншіден, мемлекеттік қабыл­дау комиссияларының жұмысында жүйе жоқ. Сол үшін қолданысқа берілген су жаңа үйлердің құрылыс материалдары сапасы мүлдем тө­мен. Мемлекеттік бағдарлама бо­йынша салынған кейбір пәтерлер­дегі тұсқағаздар мен линолиумы қолданысқа берілген күннен бастап жыртылып жатады. Бірақ жаңадан қоныстанған тұрғындар қолына кілт ұстағанына шүкір айтысып, көп кемшілікке көз жұмады екен. Осы­лай деген Фарид Аминович: «Негізі, бұлай болмауы керек. Қабылдау комиссиясы өз талаптарын қатаң түрде қойса, кемшілігі көп үйді пай­далануға қабылдамаса, бас мер­дігерді смета шегінде барлығын сапалы және мерзімінде орындауға мәжбүр етсе, тұрғындар бұлай шы­рылдап жүрмес еді», – дейді. Үшіншіден, қазіргі және бұ­рынғы құрылыс нормалары мен ережелеріндегі айырмашылық жер мен көктей. Кезінде үйлер арасын­дағы алшақтықтан бастап құрылыс сапасына дейін барлық санитарлық нормалар осы ережеге енгізілді. Бұл санитарлық қызмет­термен бірлесіп жасалды. Бұл қазіргі заманғы құ­ры­лыс норма­лары мен ережелерінде жоқ. Осы­ның өзі құрылыс компа­нияларын еш нәрсеге міндетті емес деген талаптарға тірейді. Үстірт білім үй сапасына әсер етеді Төртіншіден, жобаға қатысатын адамдардың сауатсыздығы да әсер ететінін айтқан Фарид Аминович: «Құрылыс және техникалық қа­дағалауды жү­зеге асыратын қабыл­дау комиссия­ларына қатысатын адамдардың білім сапасы күмән тудырады. Үстірт білім үй сапасына әсер етеді. Құрылысқа қатысы бар адамдармен сөйлескен кезімде тех­никалық қа­дағалау комиссиялары арматураның қалыңдығын бақыла­майтынын, цементтің қандай мар­касы қойыл­ғаны да қызығушылық тудырмай­тынын естіп таңғалдым. Құрылыста бұл өте маңызды. Бұрын құрылыс бөлімшелерінің әрқайсы­сында бетон сынамаларын алатын, зерт­ханалық жағдайда сапасын тек­серетін құрылыс зертханалары болды. Сондықтан құрылыс сапасы сан сүзгіден өткізіліп, қатаң шара болмағандықтан, дәл осындай са­пасыз үйлер қолданысқа беріліп жатыр. Бақылауды жүзеге асыра­тындардың жұмысын қатаң бақы­лауға алу керек», – дейді. Сондай-ақ құрылыс сапасына құрылысшылардың жұмыс істеу тәсілі де әсер етеді екен. «Үйімнің іргесінде 28 көпқабатты үйдің құ­рылысы жүріп жатыр. Байқағаным, жұмысшылар 18 сағат жұмыс іс­тейді. Демалыс пен мереке жоқ. Өкінішке қарай, жұмысшылар күн­дік жұмысқа жегіліп жұмыс істейді. Оған ешкім қарамайды. Қауіпсіздік инспекторын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Осы туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінгенімде «Сіз құрылысқа қаты­сы жоқ адамсыз» деп жауап берді. Ойлаңызшы, құрылыс өндірісінде жұмыс істейтін маман шаршаудың салдарынан да кейбір кемшіліктерге жол бере алады. Құл еңбегі құры­лыста болмауы тиіс. «Еңбек туралы» заңға салсақ та, жоспарлы жұмыста форс-мажорға жол берілмеуі ке­рек», – дейді Фарид Аминович. Бұл пікірлерден ұққанымыз, сапасы сын көтермейтін тұрғын үй кешендерін қабылдап алған әкімдік пен бақылау комиссиясының ар­тынан шам алып жүрген құзырлы орган жоқ. Есесіне қолданыстағы ереже жиған-тергенін банкке беріп, жетпегенін қарызға батып алған баспанасы үшін барын беретін қара­пайым жұрттың қалтасын қағуды қатырады. Мысалы, қазіргі заңнама бойынша әрбір құрылыс компа­ниясы үйдің сапасына екі жылға ғана кепілдік алады. Алайда екі жыл­дан кейін ақаулықтары бай­қалса, оны жөндеу, күтіп ұстау ПИК немесе МИБ-тің өздеріне артылады. Егер мұндай күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді халықтың қалтасы көтермесе, 2020-2025 жылға қайта­рымды түрде күрделі жөндеу жұ­мыстарын жасауға несие беріледі. Ол да айналып келгенде тұр­ғындар­дың қалтасын теспей соруға жұмыс істейді. Есі дұрыс елде баспана алғандар бақытты, бізде өз үйі өлең төсегіне қол жеткізгендер «кемтар» үйдің кем-кетігін жамау­мен өмірі өтуде.