Бананның бабын тапқан бағбан
Бананның бабын тапқан бағбан
580
оқылды
Сарыағаш ауданының диқандары тропи­калық жемістерді жерсіндіруді қолға алып келеді. Жуырда ғана 65 сотық жерінен 60 тонна лимон өнімін алған сарыағаштық шаруа жайын­да әлеуметтік желіде жарыса жазылды. Жалпы, бүгінде Сарыағаш ауданында 7 гектар жерге лимон өсіріліп жатыр екен. Оның 65 сотығынан биыл бірінші жыл өнім алынса, қалғаны әлі жеміс беріп үлгермеді. Банан мен папайя жайқалып тұр Ал енді тағы бір сарыағаштық диқан банан мен папайя өсіріп, оның жеміс беретін уақытын күтіп отыр. Бүгінде ағашы жайқалып тұрған банан гүл ашып тұрса, папайяның алғашқы өнімі үзіп алуға дайын тұр. Негізінен, қысы жоқ жылы жақта өсетін осынау тро­пикалық жемістерді мұнда жерсіндіруге кез келген адам тәуекел ете бермейді. Көшетінің қымбаттығына, күтімнің қиындығына қарамастан бұл қадамға диқаншылықтың қыр-сырын толық меңгерген, осы саланы барынша жақсы көретін жан ғана баруы мүмкін. Agrotur шаруа қожалығының төра­ғасы Тұрсын Тасқожаев та осы саланың жілігін шағып, майын ішкен жан. Бүгінде Қазақстанда баламасы жоқ технологиямен көшет өcіруге ден қой­ған шаруа көзін ашқалы осы саланың ортасында жүр.
 «Бұл – біздің атакәсібіміз. Жер баптау, одан өнім алумен ата-баба айна­лысқан. Менің кәсібімнен бөлек, хоб­биім десем де жарасады. Бау-бақшаның күтімін жасап демаламын. Диқаншы­лықты бізден де жақсы мең­герген көршілес жатқан Өзбекстан еліне жиі барып, тәжірибе алмасып тұ­ра­мын. Онда банан өсіріп, пайда тауып отырған шаруалар бар. Папайяны да сонда көрдім. «Олар өсіре алғанда біздің қолымыздан неге келмеске?» де­ген ой келді де, көшетін сатып алдым. Одан бөлек, бау-бақша өсіру бойынша мә­ліметтерді өз бетімше жинақтап жүр­мін», – дейді шаруа.
Жалпы, 3 гектар жылыжайы болса, оның 1 гектарына көшет, қалғанына қы­за­нақ егеді. Ал 12 сотық жердегі жы­лы­жай Тұрсын ағаның сәт сайын кіре­тін бағы. Бұл аумақты сынақ жы­лы­жайы деп атаған. Демек, кез кел­ген жемісті, көшетті қолға аларда осын­да сынап, жемісін көріп алады. Мәсе­лен, былтыр тәжірибе ретінде жарты­лай ащы бұрыш егіп, бір жылда 4 рет өнім алған. Мұнда дәл қазір құл­пы­найдың дәмі тіл үйірер өзгеше сұрпы мен жартылай ащы, жартылай тәтті бұрыш жайқалып тұр. 10 түп банан мен 2 тал папайя да осында. Былтыр сәуір айында әкелінген 10 түп банан бүгінде 150 сабаққа жетіп қалған. Себебі бір түптің өзі 10-нан көп сабаққа кө­бейеді екен. Бар-жоғы бойы 15 см шама­сында болған банан ағашының бойы қазір 6-7 метрге жетсе, папайя 2 метр жобасында. Диқан жемістерін ешқандай химиялық қоспасыз таза табиғи күйінде өсіреді. бағбан
14 айда пісіп-жетілетін тропикалық жемістердің дәмін көретін күн де алыс емес. Өткен жылдың сәуір айында егіл­се, биылғы мамыр-маусым айларында үзіп алуға дайын болмақ. Қазір банан­ның алғашқы түбінен жеміс гүлдеп тұр. Ал папайя жеміс беріп тұр. «Бананның 3 сұрпын ектім. Кең тараған эквадор және бойы кішірек болатын корольдық сұрыптары бар. Королдық сұрыптың көшетін сатып алып жатқанда дәмін татқызды. Ауызда дәмі қалып кетті. Біздің жеп жүргеніміз жай сабын сияқты екен. Ол сұрып жапырағының бойы қатты биік емес. Өзі де кішірек болғанымен, дәмі керемет. Ал папайяны түрлі ауруға бірден-бір ем деп естіген соң егіп бастадым. Дәмін татып көрген емеспін. Ешқандай дүкеннен де кезік­тірмедім. Қауын сияқты болады дейді білетіндер. Тек дертке дауа болады деген соң қызығушылығым артты. Дәрі­ханаларда папайяның кептірілген түрі сатылады. Жемістің бұл түріне аса сұра­ныс бола қоймас. Себебі ешкім мұның қандай екенін біле бермейді. Негізгі бағыт бананға ауып тұр. Бананның бір жақсысы – бір сабағы гүл ашып, жеміс бере бастағанда келесі сабағы гүл аша­ды, одан тағы келесісі, сөйтіп көбейе береді екен. Яғни, бір түбінде болатын бірнеше сабақтан кемі 20, жақсы бол­ғанда 80 келіге дейін өнім алуға болады. Бір жылда 4 рет өнім алғанда орта есеппен 100 келі банан шығуы керек. Егер осы жоспарлағандай өнім ала ал­сақ, онда банан бағын салатын бола­мын», – дейді диқан бізбен әңгімесінде.
Бір түптен 100 келі банан алуға болады Банан бағынан бөлек, сұраныс болып жатса, көшетін де сатумен айна­лыспақ. Экзотикалық жемісті жазда жылы жерде ұстап, күн суығанда бойын жылыту үшін от жаққан. Одан соң ас­тына биогумус тастап, суарып тұрғаны болмаса әзірге аса күтім жасалынбапты. Айтқандай, диқан банан гүлдеп тұрғанда көшет алмау керек екенін ескертті. Себебі сұрағандарға көшет қырқып беріп, өсіп тұрған гүлдің біраз бөлігін солдырып алған. Бүгінде көше­тін сұрап, бөлмеге, кеңсеге егуге қызы­ғу­шылық танытып жатқандар көбейген.
Бала күнінен жерге қызығып, мек­теп жасынан мақталыққа шыққан ша­руа он жылдықты тәмамдап, жоғары оқу орнына түсіп, үлкен өмірге қадам басса да, ауылшаруашылық саласынан алыс­тай алмапты. Инженер-механик ма­мандығын алып шыққанымен, ауыл­ға келіп, сонау 1987-1988 жылдары роза гүлін еккен. 4,5 сотық жылыжайды жыл бойы роза гүлге орайтын. Өнім негізінен Ресейге жөнелтіліп отырды. Алайда егемендік алған алғашқы жылдары ел­де­гі қиыншылық диқандарды да айна­лып өтпеді. Осынау қиын кезеңдерде басқа салаға ауысып, 2016 жылы шаруа­шылығына қайта оралған Тұрсын Тас­қожаев қазір көшет өндірудің хас шебе­ріне айналған. Түркиядан мамандар әкеліп, олар әлі күнге дейін өздерінің технологиясымен көшетті жерге емес, кассетаға егіп, диқанның қыруар табыс табуына себепші болып отыр. Тап­сы­рыс­пен еліміздің түкпір-түкпіріне қа­жет­ті көшетінің барлығын шығарып береді. Алматы, Ақтау, Тараз, Қызылор­да, Шымкент және Түркістан облысы­ның шаруалары тапсырыс береді. Сары­ағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл­шаруашылық бөлімінің басшысы Алай­дар Әмірханов шаруаның 1 гектар көшетханасы республикада баламасы жоқ керемет технологиямен жұмыс іс­тей­тінін айтады. «Шаруақожалық кө­шет­ханасы заманауи технологиямен то­лық автоматтандырылған. Өзге ша­руа­лар сияқты қолмен емес, дәнді авто­матпен тастап, бір күнде 80 мың көшет егуге мүмкіндігі бар. Бір жылда 12 млн данаға дейін көшет шығарып береді», – дейді ол.
Ендеше өз саласының маманы келе­шекте жылыжайларының біраз бөлігін тропикалық жемістерге толтыратыны сөзсіз. Себебі Тұрсын ағаның тап-тұй­нақ­тай тұқымбағын көріп, оның баста­ған ісіне бар ынтасымен ден қоятынын байқадық.

Түркістан облысы