Шарболаттай шыңдалған ақын
Шарболаттай шыңдалған ақын
793
оқылды
Белгілі журналист, қарымды қаламгер, талантты ақын Әділбек Қабаның тәрбиесін көріп, тәлімін алған шәкірттері, талай биікті бірге бағындырған үзеңгілес әріптестері көптеп саналады. Солардың бірі ретінде айтсам, Әділбек Күнесханұлын студент кезден бері білемін. Біз 1-курсты аяқтағанда дәстүр бойынша КазГУ-дың Журналистика факультетінің 5-курс студенттерімен кездесу кешін өткіздік. Әдекеңнің есімі содан таныс. Әділбек Қаба белгілі жазушы Әшірбек Көпіш бас редакторы болған «Арай-Заря» журналындағы танымдық-талдамалы мақалаларымен жарқырап көрінді, зер­делі оқырман қауымға кеңінен танылды.
Бұл жөнінде Әшағаңның: «Екі тілде шығатын журнал аштық. Менің алдымда «Арайды» оқырманы көп, беделді журналға айналдыру мақсаты тұрды. Ол үшін талантты жастарды іріктеп алдық. Солардың алдыңғы легінде Әділбек Қаба болды. Ол журналда жүріп өзін көрсете білді. Қандай тақырыпты алса да терең зерттеп барып жазатын ойы ұшқыр, сөзі өткір, қаламы жүйрік журналист ретінде танылды», – деп айтқаны бар.
Оның қабілетін тани білген белгілі жазушы, «Жас Алаш» газетінің бас ре­дакторы Уәлихан Қалижан аттай қалап, қыз­метке шақырады. Ол жылдары «Жас Алаш» газетінде небір талантты жастар, білікті журналистер жұмыс істейтін. Таралымы көп, оқылымы жоғары, беделі зор басылым болатын. Қазақ журналис­терінің шыңдалу мектебі болған басы­лымда Әдекең 16 жыл табандап қызмет атқарды, тілшіліктен жауапты хатшы, бас редактордың орынбасарына дейін көте­рілді. Газеттің белсенді журналисі бола жүріп, «Мыңнан бір мезет» қосымшасын ашып, оны 12 жыл бойы шығарып келді. Таралымы 130 мыңға дейін жеткен қо­сым­ша республикадағы өте беделді басы­лым болумен қатар, оқырманның сырлас серігіне айналды. Әдекең онда жариялан­ған ең таңдаулы материалдардан «Мың­нан бір мезет», «Қасиет» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Әдекеңнің одан кейінгі журналистік жолы бірыңғай басшылық қызметке ұласты. «Айқын» газетінде бас редактор­дың бірінші орынбасары болып, ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Талантты адам қай қызметте де өзін жан-жақты көрсете біледі емес пе?! Әдекең де сондай сан қырлы, бір сырлы азамат. 2009 жылдан кейін Әділбек Қаба мемлекеттік қызметке ауысты. Шығарма­шылық жұмыста да, редакторлық бас­шы­лық қызметінде де ізденгіш, бастамашыл, еңбекқор, іскер, жаңашыл және табанды болса, мемлекеттік қызметте де ұйымдас­тыру­шылық қабілет-қарымының және зеректігінің арқасында биік белестерді бағындырды. Бас прокуратурада басқарма басшы­сы, Парламент Сенатында баспасөз қызметі­нің басшысы, бөлім меңгерушісі, Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары, комитет төрағасы қызметтерін жемісті атқарып, жетістіктерге жетті. Әдекеңнің өлең жазатынын «Жас Алаш» газетінде бірге қызмет атқарған кезде білетін едім. Ал оның ақындық қырын білетіндер аз еді. Өйткені ол өлең­дерін мерзімді баспасөзге берген емес. Тек жақсы бір отырыстарда реті келіп қалғанда не болмаса шабыты оянған кейбір сәттерде өлеңін оқитыны бар-тын. Ойлы, сезімге бай, образға құрылған, рухты жанитын жырлары бізді бір серпіл­тіп тастайтын. «Әдеке, өлеңдерің жақсы, газеттерге берсеңші» дегенімізге «ақын емеспін ғой» деп жымиып қана жауап қа­татын. Сонымен, бұл әңгімеге нүкте қойылатын.
Бір жылы жазғы демалыс кезінде жолымыз түсіп, Кегендегі Құрманжан құдамыздың үйіне бардық. Кешкісін әң­гіме-дүкен құрып, ауыл-аймақтың жай-күйін сұрастық. Әлден соң Құрманжан аға «Сен оны танитын шығарсың, қазір атын ұмытып тұрмын, бір ақынның өлеңін «Жас Алаш» газетінен оқыдым. Өлеңдеріне қарағанда өзі біздің жақтан болуы керек», – деді. Ақынның атын есіне түсіре алмай, біраз қиналды. Сосын барып газетті іздеп тапты. Ағамыз аузы­нан суы құрып, өлеңдерін тамсанып ай­тып отырған мықты ақынымыз – Әділбек Қаба болып шықты.
«Жас Алаш» Әдекеңнің бір топ өлеңін жариялапты. Шынында да, оқыған сайын рухты жырлар жан дүниемізді баурап алды. Отты жырларды оқыған үстіне ағамыз «қалай жазады ә, қалай дәл сурет­тейді» деп қатты разы болып отырды. Әдекеңнің рухты жырлары сонау ауыл­дағы ойлы оқырман жүрегін жаулағанына сол жолы өзім де іштей сүйсіндім. Әдекең республикалық бірнеше газетте басшылық қызметте жүрсе де, кейіннен мемлекеттік қызметтің қыруар жұмысына бас қойып кетіп, қаншама уақытын қоғам ісіне арнаса да, Құдай берген талантын аялай біліпті, жырын одан әрі ширықтыра түсіп, қаламын ұштай беріпті. Өзін-өзі шарболаттай қайрай беріпті. Соған шүкір дейміз. Әділбек Қабаның сыршыл өлеңдері, мазмұнды әңгімелері әлеуметтік желі арқылы қалың оқырман жүрегін жаулап алғанын ерекше атап өтуіміз керек. Жақында жарық көрген «Қабір қазған» атты аудиокітабын он күнде жарты миллионға жуық оқырман оқыпты. Бұл Әдеңнің шығармашылық қуатын ғана емес, шығармасының оқырман көңілін жаулап алған өміршеңдігін көрсетсе керек. Әйтпесе, онсыз да уақыт жетіс­пейтін қазіргі кезде соншама оқырманды өзіңе тарту, шығармаңа тәнті ету – айтқанға ғана оңай. Әдекең журналистік, басшылық қызметінде талай жастың жолын ашқан, ақыл-кеңесін беріп, қабілет-қарымын дер кезінде бағалап, тура жол нұсқаған, қажет кезінде қолдау көрсетіп отырған тағы­лымы мол тәлімгер! Сол көп шәкірттерінің бірі болғанымды әрдайым мақтан етемін. Адамгершілігімен, ақжарқын көңілімен, кішіпейіл мінезімен, кеңдігімен, көп­шілдігімен, Алатаудай арқасүйер ағамыз болып кеткен Әділбек Күнесханұлына деген інілік ізетіміз, құрметіміз қашанда ерекше! Алпыстың асқарына көтерілген Әдекең жастық күш-жігерін ғана емес, зымырап өткен қаншама жылын баспасөзге және мемлекеттік қызметке арнады, бойындағы бар қуатын салып, сығып сөлін берді десек, артық айтпа­ғанымыз. Шерағаң айтпақшы, «алпыс – тал түс» атты белеске арқалы ақын, жам­поз журналист, арлы азамат дәрежесіне үлкен абырой-беделмен жетіп отыр. Алда алар асулары қаншама?! Әдекеңнің Қаба деген тегінің өзінде үлкен мән-мағына бар. «Қаба сөзі – моңғол тілінен аударғанда ағыны қатты көп су тамшылары бар дегенді білдіреді» (nina.kz) дегенді оқыдым. Шындығында да, Әдекең ешқашан орта жолда тоқтап қалған емес, қандай қиындық болсын ақылымен, сабырымен, өмірлік мол тәжірибесімен еңсеріп келеді. Ата-бабасынан тұла бойына дарыған асыл қасиет, ата-анасынан алған тәлім-тәрбие Әдекеңді ел қадірлеген, көпшілік құрмет тұтқан азамат деңгейіне жеткізгені анық. Ендігі алтын уақытын жазуға, кемеліне келген қабілетін жырларымен сусындайтын Құрманжан ағамыздай зерделі оқырмандар игілігіне арнайтын шығар деген үміттеміз. Қарымды қалам­герді алдағы уақытта шығарма­шылық биіктен көруді жазсын.

Нұрлан ҚАЛҚА, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты