Ата-ана баласының мектепке келіп-кеткенін мобильді қосымшамен бақылай алады
Ата-ана баласының мектепке келіп-кеткенін мобильді қосымшамен бақылай алады
339
оқылды
 Өскемен қаласында ата-аналар балаларының мектепке келіп-қайтқанын мобильді қосымша арқылы бақылауына мүмкіндік беретін жоба жүзеге асып жатыр. ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметіне сүйенсек, жобаның атауы — «Ата-ана бақылауы».
«Жобаға қала бойынша 55 білім ордасы қатысып жатыр. Сол арқылы ата-аналар балаларының мектепке келгені және кеткені туралы автоматты түрде хабардар етіліп отырады. Осы үшін арнайы мобильді қосымша әзірленіп жатыр», — дейді басқарма басшысы Рүстем Досқожа.
Оның айтуынша, биыл террористік тұрғыдан осал объектілердегі өрт қауіпсіздігін басқару жүйесіне қатысты пилоттық жоба енгізілмек. Нәтижесінде, 10 әлеуметтік білім беру және денсаулық сақтау нысанында облыстық ситуациялық орталықтың басқару пультіне сигнал беру арқылы өртті уақытылы және автоматты түрде анықтауға мүмкіндік жасалады.
«Сондай-ақ туристерді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету және қаланың туристік әлеуетін арттыру мақсатында интерактивті онлайн гид – visiteast мобильді қосымшасы іске қосылып отыр. Өскемен бойынша интерактивті онлайн гид жүйесіне 139 мекеме қосылған», — дейді Р. Досқожа.