Адал жанның аяулы ісі
Адал жанның аяулы ісі
450
оқылды
Фердинан Шевальдің мінсіз сарайы – 2018 жылы көрермен назарына ұсынылған көркем шығарма. Режиссері – француз қайраткері Нильс Тавернье. Фильмнің басты кейіпкері – Фер­динан есімді қара­пайым пош­ташы. ХІХ ғасырда кіш­кентай француз ауылында өмір сүрген қырық шамасындағы аза­мат ауылдастарынан біршама ерекше: ешкіммен шаруасы жоқ, әң­гіме-өсектен ада, көп сөй­ле­мей­ді, ынжық, бастысы, ісіне адал. Фердинан біздің уақыты­мыз­да ғұмыр кешсе, бәлкім қоғам оның іс-әрекетін бағамдап, бір­ден «аутист» дейтін бе еді. Қош, ол 13 жасынан жұмысқа араласып, наубайханашы болады, ауыл шаруа­шылығымен айналысады, кейін Отрив коммунасында пош­ташы қызметін атқарады. Күн ұзақ­қа 25-30 шақырым жүріп өтіп, хат-хабар тасиды, кешқұрым от­басымен кешкі ас ішеді – күн­де­лікті тәртібі осы. Бір-бірінен ау­майтын ұқсас күндердің бірінде Фердинанның жұбайы белгісіз ауру­дан көз жұмады, ал жалғыз ұлын оның туыстары «баға алмай­сың» деп әкесінен жыраққа алып ке­теді. Жасықтау кейіпкеріміз туыс ағасының шешіміне еш уәж айта алмай, жалғыз қалады. Араға бес жыл салып, Фер­ди­нан Феломена есімді арумен та­нысып, бойжеткеннің «бастама­сы­мен» тағы үйленеді де, қыз сүйе­ді, есімін Алиса қояды. Әдет­те ешкіммен шаруасы жоқ Фер­ди­нан бұл жолы да болып жатқан оқи­ғадан бойын тысқары ұстай­мын деп ойласа керек, екінші рет әке атанса да, ештеңе болмағандай кейіп танытып, кәдуілгі жұмысы­мен айналысып жүре береді. Бір­ақ Феломена оның бұл әрекетін құп көрмей, қызын әкесіне жа­қын­­датуға тырысады, олардың бір­ге уақыт өткізуіне көп жағдай жа­сайды. Фердинан Алисаның қы­лығын қызықтап, оған бауыр ба­сады, ал қызы бойжеткен сайын оған әкелік махаббаты кү­шейе түседі. Сөйтіп, кішкентай хан­шайымына қолдан мінсіз са­рай со­ғып беруді армандайды. Ал ең қызығы, Фердинан – тек фильм кейіпкері емес, 1836-1924 жыл­дары өмір сүрген француз азама­ты. 1879 жылдан бастап 33 жыл бойы жұмыстан бос уақытында түрлі пішінді тастардан сарай тұр­ғызып, тарихта есімі қалған. Ал бұл туынды – шынайы оқиғаға не­гізделген биография. Фильм же­лісінде Фердинандың асқан құш­тарлықпен қызына арнап, түрлі пішіндегі тастардан ғимарат қалау барысына куә боласыз. Шы­ғарма қарқынды кадрлерге «са­раң» десе де, кейіпкердің ғұ­мыр­баяны әрі оны сомдаған ак­тердің асқан шеберлігі (басты рөл­де – Жак Гамблен) еш жалық­тырмайды. Фердинан Шевальдің мінсіз сарайы Фердинан 33 жыл бойы күн-түн демей, мезгіл тал­ғамай арманындағы сарайын тұрғызғаны үшін және сонысымен та­рихта қалғаны себепті оған фи­льм арналған деп ойласақ, қателе­се­­міз. Бұл шығармада оның бол­мы­сынан, өмірбаянынан көп дү­ние ұғасың. Алдымен Фердинан Шеваль кім? Дәл осы сұраққа жа­уап іздейсің. Еш тәжірибесі бол­­маса да, пошта ашықхаттарын­да­ғы суреттерге қарап қиялын ұш­тап, сарай тұрғызған шебер сәу­летші ме? Әлде айтқанынан қайт­пайтын, бірбеткей, қырсық пен­де ме (Сарайдың құрылысын аяқ­таған соң кіреберісіне: «Бұл шаруа­мен енді менен де бірбеткей біреу айналыссын» деген жазба іл­ген)? Мұнысының салдарынан көбіне көп отбасы бақытсыз өмір сүріп жатады. Режиссер бұл сауал­ға нақты жауап бермейді, тек Фер­динанның болмысын асқан ше­берлікпен сипаттау арқылы оның қандай кейіпкер екенін таң­дау еркіндігін көрерменге қал­дырады. Одан соң әдетте адам өмі­рі­не мән керек, ал ол адал ма­хаббатқа құрылуы тиіс дейміз. Ал сол ұғымның «растығын» осы кейіп­кердің өмірі дәлелдейтіндей. «Сен тимесең, мен тиме» дейтін өмір сүріп жүрген Фердинан әке­лік махаббатынан мән тауып, ол сезімін қызына көрсету үшін 33 жыл қайтпай, сарай тұрғызады. Ешкіммен артық тілдеспейтін ол Алисаға сағаттап қисса-дастандар айтумен уақытын өткізеді. Бірін­ші әйелі көз жұмып, жалғыз ұлын туыс­тары алып кеткенде де сезім­ге бой алдырмаған Фердинан Али­са аурудан қайтыс болғанда, қай­ғыдан қан жұтып, жатып қа­ла­ды. Тіпті, осы уақытта сарайын әрі қарай салудан бас тартады. Кейін жұбайының қолдауымен қайта кірісіп, ғимараттың құры­лы­сын аяқтайды. Бір қарағанда, жұрт­тан ерек пошташының оқи­ғасы мен оның сарай тұрғызамын деген түсініксіздеу арманы ая­ныш­ты көрінеді. Алайда бақыт ұғы­мы кең және оны әркім әрқа­лай түсінеді. Фердинан ауылдас­та­­рының мысқылына назар сал­май, өз арманын орындаған әрі сол арқылы бақытқа жеткен адам.  
P.S. 1930 жылдары Шеваль сарайын атақты суретші Пабло Пикасо мен сюрреализм негізін салушы Андре Бретон өнер туындысы деп бағалайды. Кейін де бірқатар француз қайраткерінен қолдау тапқан ескерткіш 1969 жылы тарихи жәдігер ретінде қорғауға алынған. Біздіңше, бұл нысан ХІХ ғасырдың сюрреалистік шығармашылығын сипаттайтын өнер туындысы ғана емес, Фердинанның адал махаббатының куәгері.
 

NooNa