Мәдібекті маньяк образында танисыз – Назар Шархан
Мәдібекті  маньяк образында танисыз – Назар Шархан
1,870
оқылды
Актер Назар Шархан көбіне жұртшылыққа «Келінжан» сериалындағы Күлімхан апаның ортаншы ұлы Мәдібек образы арқылы танымал. Мәшинесі мен келіншегін бірдей жақсы көретін, иі жұмсақ, алаңғасарлау кейіпкерді ә дегеннен халық жылы қабылдап, жақсы көріп кетті. Актер бұл рөлге қалай келіп еді, қазір немен айналысып жүр, алдағы уақытта көрерменді қандай жаңалығымен қуантады – бұл жөнінде Назар Шарханның өзінен сұрап-білдік. – Білуімізше, сіздің мамандығыңыздың өнерге еш қатысы жоқ. Бұл салаға қалай келдіңіз? Әңгімемізді әуелі осыдан бастасақ... – Иә, негізі мамандығым – қаржыгер. Банк­те бір жыл жұмыс істеп, жаныма жа­қын емесін түсініп, шығып кеттім. Кейін рэп орындаушысы ретінде музыкамен ай­на­лысып жүрдім. G.H.A.D деген тобымыз бол­ды. Ол кезде марқұм Болат Атабаевтың «Ақ­сарай» атты театрына жиі барып жү­ре­тінбіз. 2009 жылы сол театрдың мау­сы­ма­ша­рында жаңа рэпімізді айтып шықтық. Сол жолы Болат ағамен таныстым. Бірде жұ­мыс іздеп жүргенімде, театрдағы Бейбіт Мус­лимов «Біздің театрға неге келмейсің?» дей­ді. «Қайдағы театр? Оған мені ала ма не? Мен қайда, театр қайда?!» деп қоямын. «Ха­барын айтамын» деді ол. Үйге келіп, түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмай шықтым. Театрда ойнау үш ұйықтасам да түсіме кір­меген ғой. Ертесіне Бейбіт хабарласып, «Теат­рдың қаржылық жағдайы дәл қазір мәз емес, ақша төлей алмайды. Осыған келіссең, келе бер» деп тұр. «Ақшасының керегі жоқ» деп театрға кіріп кеттім. Сонда жүріп, көп дүниені үйрендім. Небәрі жарты жылдан соң режиссер Асқар Ұзабаев «Жол» деген фильмде басты рөл ұсынды. Сөйтсем, ол кісі менің «Ауладағы ереже», «Тас жарған гүлдей» деген рэптерімнің клиптарын көріп жүрген екен. Киноға түскен соң қайтадан театрға оралдым. 2013-те Болат ағай Германияға кетті де, театр жұмысы тоқтады. Бірақ ағайымыз сыртта жүрсе де, бізге үнемі жаны ашып, реті келсе шетелге ертіп апарып тұратын. Екі айдай Германияда фестивальда жүрдік, Алжирге, Түркияға бардық. Германиядағы тәуелсіз Underground театрларда болдық, ондағы екі адамдық, үш адамдық қойылымдар бізге әсер еткені соншалық, сол тәжірибемізді кейін кинода пайдаландық. – Сомдаған рөлдеріңіздің ішінде қай рөл жаныңызға ерекше жақын болды? Ал ұнамағаны ше? – Алғаш түскен «Жол» фильмі жаныма ерек­ше жақын болғанын жасырмаймын. Қа­­­зіргі заманның батырының рөлін сом­да­дым. Еш жасандылықсыз, күнделікті өмі­рі­міз­дің сәттерін ойнағандай, өте шынайы шық­ты. Кейінірек «Батырлар» фильмінде Қара­сай батырдың рөлі берілді. Оны өзім он­ша қаламай, ұнатпай алып едім. Бізде шаб­лон бар ғой, батыр дегенде көз алды­мыз­ға денесі алпамсадай, дауысы баритон кісі елестейді. Ал мен болсам, шап-шағын­мын, мына денемен батырды қалай ойнай­мын деп қоям. Рөлді толық аша алмай қа­ла­мын ба деген қорқыныш болды. Келінжан сериалы – Осындай салмақты рөлдерден кейін «Келінжан» секілді комедияға көшу қиын болмады ма? Жалпы, бұл сериалға сізді қалай бекітті? – 2018 жылы өмірімде біраз аумалы-төк­пелі кезең болып, өнерді тастаймын деп жүр­ген кезімде Кореяға кетіп қалдым. Жан ты­ныштығын іздеп жыраққа кетсем де, іш­тегі алаңды үнемі өзіңмен бірге алып жүре­тінің­ді ұқтым. Қырық күн шыдадым да, қы­рық бірінші күні елге қайттым. Бұрын монтаж жасаған тәжірибем бар, келіп, Гүл­нұр Мамасарипованың «Рауан», «Қарлығаш ұя салғанда» деген сериалдарының монта­жын жасадым. Ол кезде «Батырлар» филь­мі­нің трейлері шығып жатқан, Гүлнұр «Қа­ра­сай батырды ойнасаң, актер екенсің ғой. Мына сериалдағы тракторшының рө­ліне кел. Ауылда түсіреміз, қызық болады» деп «Келінжанға» шақырды. Тракторшының рөлі дегенге мен оны эпизодтық рөл деп ой­лап қалғам ғой, сөйтсем кәдімгі бас кейіп­керлердің бірі екен. Қарасам, ко­ман­дадағы актерлерді де жап-жақсы танимын, бірден ұнады, түссем түсейін әрі монтажын да өзім жасармын деп, оның ұсынысына келістім. Қиындық көкесі алғашқы серияда-ақ басталды. Ең бірінші сахнамызда мен мә­шиненің капотын ашып қойып, жөндеп жат­қанымда, Нұргүл (сериалдағы Балқия) ке­ліп артымнан ұрады. Дубль шықпай жатыр. Ұялып, өзімді еркін сезіне алмай тұр­мын. Бірте-бірте барып бойым үйренді ғой. Ауылдағы ағаларымның арақ ішкендегі түр-қылығын есіме түсіріп, соны қостым, Мәдібектің үсті-басын қаси беретін әдеті бар – оны да солай рөлге тереңірек енуімнің ар­қасында ойлап таптым. Өзім өмірде өте са­бырлы, тұйықтау адаммын. Ал кейіпкерім – қылжақбас. Сериал жарыққа шықанда, достарым таңғалып, «Сенен мынадай өнер­ді күтпедік» дескен. – Кейіпкеріңізге жаныңыз ашитын тұстар болған ба еді? – Шыны керек, 1-маусымда бәріне жеңіл қарадым. Бұл маған қатысы жоқ, жай ға­на рөл деп ойлайтынмын. Тереңдік жайын­да ойламадық. Кейіннен адамдар се­риалға оң пікірін беріп, бауырлармен, жұбай­мен, анамен, көрші-қолаңмен қарым-қатынасты үйрететін тәрбиелік мәні жайын­­да сөз қозғағанда, ойлана бастадық. Со­сын режиссер бізге еркіндік берді. Жал­пы, сценарийді таныстырып, бірақ сөзге им­провизация қосып, өздерің бейімдейсің­дер деді. Сөйтіп, әр актер өз қаһарманы­мыз­дың авторы болдық. Сериалда анасы­ның «Мәдібегімді қасымда болады, оқытпап едім» деп жылап айтатын кезі бар. Расында, менің кейіпкерім ауылда анамның жанында боламын, оқымаймын деп үйде қалған. Сол оқымағанының кесірінен оның надандығы байқалып қалатын сәттер аз емес. Сондайда оған шындап жаным ашитын. Бірақ маған кез келген қаһарманның жаман жақтары болғаны ұнайды. Ешкім періште емес. Тіпті, ең жаман кейіпкер дейтін Джокердің өзін ақтайды ғой, жан жарақаты бар, өмірлік жағдай оны сондай қылып жіберген деп. Сондықтан Мәдібек қанша ақымақтық жасаса да, оны жақсы көріп тұратынмын. Айтпақшы, екі жыл бұрын «Изолятор» де­ген фильмге түстім, актер Жандос Айба­сов екеуіміз ойнадық, онда мен маньяктың рө­лін сомдадым. Мүлдем басқа жанр: пси­хологиялық драма. Фестивальға арналған фильм. Бұйырса, сол фильм жарыққа шық­са, жұрт Мәдібекті басқа қырынан танитын бо­лады. кино – Қазір немен айналысып жүрсіз? – Қазір экшн-оператормын. Фильмдегі тө­белестерде, қауіпті сахналарда камерамен жүгіріп жүремін. 25-30 келілік камераны көтеріп жүгіру оңай жұмыс емес, белден бел қалмайды. Бірақ өнерге деген махаббатым бей­неттің бәрін ұмыттырып жібереді. Соң­ғы рет «Арғымақ» атты фильмге экшн-опе­ратор болдым. Бұл – кореялық жоба. Ре­жис­сері, қоюшы операторы, дыбыс режис­сері Кореядан келген. Қоюшы операторы «Поезд в Пусан» фильмін түсірген. Сол кі­сі­мен қоян-қолтық жұмыс істеп, кетерінде ма­ған камерасын сыйлап кетті. Одан бөлек, сценарий жазу шеберлігін меңгеріп жа­тырмын. Қазір бес шоу-жобаның сцена­рийін жазып қойдым. Жарты жыл болды, сту­дияға қонып жұмыс істеп жүрмін. Соңы нәтижелі болып жатса, шетелдік жобаларға ұсынамыз деген жоспар бар. – Бағана рэп орындайтын G.H.A.D деген тобыңыз бар екенін айтып едіңіз. Оның шығармашылығын дамыта бересіз бе? – Иә, бірақ оны коммерциялық мақ­сат­та емес, хобби ретінде жалғастыра беремін. 21 тректен тұратын «Бүкіл қазақ даласына» де­ген альбомым, 6 тректен тұратын «Адам» де­ген альбомым бар. Жақында тағы бір альбом жаздым. Ішінде әлеуметтік, саяси та­қырыптарды көтеремін. Қаңтар оқиғасы кезінде досым, белгілі режиссер Сәкен Би­таев қаза тапқан еді, соған арнап шығарған да әнім бар. Алла қаласа, алдағы 1-2 айдың ішінде жарық көреді. – Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.