Түркиядағы жойқын зілзаладан кейін он екі күн өтті. Бірнеше қала жермен-жексен болды. Экскаватор қазған үйіндінің жанында үмітін арқалап тұрған халық. Бірақ сонда да іштегі қайғыны жамауға тырысады. Баспанадан айырылып, бас сауғалар жері қалмаған. Кішкентай балалар тоңып қалмауы үшін күні-бойы ойнатады, көңілін аулайды. Апаттан кейінгі Анадолыдағы жағдайды сонда жүрген жерлестеріміз әңгімелеп берді. Әмірболат ҚҰСАЙЫН, тілші-ерікті: Қаһарманмараш – қиранды қала – Түркияның Қаһарманмараш қаласына келгенімізге бір апта өтті. Бұл – он провинцияның ішінде ең көп зардап шеккен, қаланың жартысына жуығы қирап қалды. Жағдай ауыр. Қателеспесем, Нұрлы қаласы жермен-жексен болған. Қаһарманмарашқа келгелі төрт-бес күн үй тіктік. Кейінгі екі күн үш жүк көлігімен келген гуманитарлық көмекті таратып жатырмыз. Түркияға бару туралы шешімді аяқастынан қабылдадым. Қолымнан келгенше көмек беріп, оның үстіне оқиға орнынан ақпарат таратсам деген ой болды. Егер келмеген болсам, өзімді кінәлі сезінер ем. Мұндай нәрсені көзбен көру керек. Зілзаладан кейін он екі күн өтті. Халық далада қонып жүр. Жағдайдан хабарсыз біреуді қалаға кіргізіп жіберсе, қаңғыбастар мекені екен деп ойлап қалар еді. Халық түгелдей тозып кеткен. Үйінің жанына баруға, кіруге қорқады. Үсті-басы кірқожалақ. Өйткені жуынатын мүмкіндік жоқ. Біз келгелі бері бір апта жуынбасақ, халық зілзаладан бері жуынған жоқ. Ыстық су жоқ. Күн суық. Жақынын жоғалтпаған адамды көптеп кездестірдік. Мәселен, үйіндінің астында 12 сағат болған адаммен тілдестік. Құтқарушыларға алғысын айтып отыр. Бір әйелді зілзаладан кейін 20 сағат өткен соң құтқарып алған. Бірақ күйеуі қайтыс болып кетіпті. Бір азаматты 24 сағат өткенде құтқарып алған, алайда әйелі мен үш баласы қайтыс болып кеткен. Айта берсең, мұндай оқиға көп. Бірнеше қала түгелдей жоқ. Мексика, Израильдан келген құтқарушыларды көрдік. Жергілікті құтқарушылардың да жұмысымен таныстық. Бәрі шамасы жеткенше жұмыс істеп жатыр. Қазақстандықтар тарапынан неліктен құтқарушылар түгелдей үйіндіні аршуға, адам іздеуге қатыспайтынын сұрап жатады. Біріншіден, үйінді астына құтқарушылардың ішінде арнайы маманданғанын ғана жібереді. Жәй адамның үйінді арасында жүргені қауіпті әрі жұмысқа кедергі жасайды. Айта кетерлігі, құтқарушының аяғы баспаған, қиранды күйінде жатқан ғимараттар көп. Күш жетіспей жатыр. Өлген адамды жуындырмай жерлеп жатқаны рас. Бұған халық түсіністікпен қарап отыр. Шейіт ретінде қабылдайды. Жазықсыз, қапыда қаза болғанын ескеріп, жуындырмай-ақ кебінге орап, көме береді. Оның үстіне жуындыратын адам да жоқ. Халық шаршаған. Үйінді астында ұзақ уақыт қалған мүрдені жуу зиян екені тағы бар. Минут сайын мәйіт тиейтін көлікке бес-алты дене салып алып, қала сыртына апарады. Сол бейітті де көзбен көрдік. Бірінші, мыңыншы деп нөмірмен белгілеп, жерлеп жатыр. Әйелдер мен балаларды бір бөлек, ерлерді бір бөлек көмген. Арасында аты-жөні белгісізі де бар. Тоқтаусыз жаназа оқылып жатқаны тағы бар. Халықтың көзінде – мұң, көңілінде – қайғы. Соған қарамастан басқа түскен зұлматты бірігіп көтеріп жатыр. Мысалы, Қаһарманмараш қаласындағы үлкен паркте этноауыл тігілді. Қазақтар әкелген киіз үй саны жүзден асады. Қырғыздар да жүзден астам киіз үй тіккен. Оларға халық орналаса бастады. Өйткені осы уақытқа дейін далада жүрген адамдар бұдан ары жүре берсе, эпидемия тарауы мүмкін. Айтпақшы, кейбір ғимаратта өліктің иісі мүңкіп тұр. Бұл апат түркі халқын одан сайын біріктірді. Себебі түсіністікпен қарап, тамағын бөлісіп, шәй қайнатып, киіз үйге интернет тартып, тоқ жалғап жатыр. Біз алып келген киіз үйге бір сөзге келместен, тақтай қағып берді. Киіз үй тігуге аз жұмыс күшімен келдік. Бірақ Стамбұлдан, Анкарадан, жан-жақтан жиналған қазақ жастары бар. Үш-төрт күн бойы жанымызда жүріп, қолғабыс етті. Екібастұздан бір медбике қыз еріп келді. Адамдарға ине салып болса да, жәрдемін бергісі келеді. Осы жақта біраз көмектескен соң, Хатай қаласына жол тартты. Осы жаққа жақын маңда тұратын қазақ апайларымыз келіп, ас-су дайындап береді. Бүгін екі өгіз құрбандыққа шалып, біреуін «Қызыл ай» ұйымына өткіздік. Екіншісіне екі мың адамға лайықтап қазан көтеріп, тамақ пісіріп жатырмыз. Осылайша, ел атынан ас береміз. Айтайын дегенім, қазақ үй керек емес дейтін пікірді көзім шалып қалды. Керісінше, қазақ үй керек. Жылы әрі жайлы. Ішінде тұрмыстық дүниесінің бәрі бар. Бұл қазақ халқының ықыласы. Сондықтан аманатқа қиянат жасамай, тиісті орынға түгелдей жеткізсек деп арнайы ат басын тіредік. Ақарыс ӘДІЛЖАН, ерікті: Хатайды қайғы тербеп тұр – Хатай қаласында 90 пайыз үй қираған. Қолқаны қабатын иіс бар. Сондықтан бетперде тағып жүрміз. Қауіпсіздік шарасы үшін маска кию керек. Үйлердің сыртқы көрінісі қисайып кеткен. Мұнша қисаюы үшін қаншалықты жер сілкінуі керегін білмедім. Адамдардың көбі әлі табылмай жатыр. Көз алдымызда үйіндіге айналған жер. Антальяда қонақ үйде жатқанда бір баламен таныстым. Сол жігіттің туысқандары Хатайда тұрады екен. Айтуынша, жақындарынан он адам қайтыс болған. Өте ауыр жағдай. Сол сияқты үйіндінің жанынан кетпей, туыстарының денесін алып кеткісі келетін адам жетерлік. Хатайға кез келген адамды кіргізе бермейді. Осы жақтағы діни басқармамен келісіп, қала ішіне кірдік. Он қала бос жатыр. Мұндағы ауыр жағдайды, көңіл күйді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біріншіден, қала иістеніп кеткен. Үйінділердің астынан адам денесі табылмай жатыр. Бір екі апта ішінде адамдардың денесін алып шықпаса, ауру тарауы мүмкін. Имамдардың айтуынша, өлі денені жууға келмейді. Тұрғанына біршама уақыт болған мүрдені жуғанда тері денеден кір түскендей үгітіледі екен. Сол үшін жаназасын оқып, орап жер қойнына тапсырып жатыр. Әкесі баласын, баласы әке-шешесін іздеп жүр. Көзімізше кранмен келіп, бір үйді бұзды. Жолдың жағдайы да мүшкіл. Мысалы, бір ойын-сауық орталығы жолдың екінші шетіне қарай ойысқан. Ортадағы жол жарылған. Осыдан-ақ зілзала күшін байқауға болады. Нұрбек БЕКБАУ, журналист: Киіз үйдің іші жарық, жылы – Әлеуметтік желіге киіз үйлердің тігіліп біткенін жазғанымызда әртүрлі пікір болды. Соның ішінде «адам тұрмайды, декоратив дүние сияқты, киіз үй тұруға ыңғайлы емес» деп жатты. Елден барған 12 жігіттен бөлек, сол жақтағы 70-ке жуық диаспора мен студенттер киіз үй тігуге көмектесті. Бүгін халықты киіз үйге орналастырдық. Расын айтқанда, таласып жатыр. Қазір дәрігерлер, мұғалімдер мен құтқарушылардың, әскерилердің отбасы киіз үйге орналасты. Бірнеше баласы барлар – төртқанатты, үлкен баласы барлар – алтықанаттыға, он шақты адамы, ата-әжесі барлары он екі қанатты киіз үйге кірді. «Алты ғасыр бұрынғы атамның баспанасына Құдай қайта отырғызды» деп түріктердің өзі таңданып жатыр. Түсіндіре кетейін, киіз үйде белбеуін орайтын белдік бар. Оны сейсмикалық белдік деп атайды. Жел соқса да сықырламай ұстап тұрады. Киіз үйдің жан-жағына қазық қағып, байлап тастайды. Көпшілігі шатырда тұрып жатқаны рас. Ал шатырдың екі кемшілігі бар. Біріншіден, айтарлықтай іші суық. Ішіне жылытқыш қосып қоймасаң бәрі бекер. Екіншіден, шатырда тұру қиын сәтте өмір сүріп жатқаныңды есіңе түсіріп тұрады. Ал киіз үйдің іші жылы, жарық. Кәдімгі баспанада жүргендей әсер қалдырады. Яғни, көңіл жай. Басымда баспанам деп ойлайсың. Мұны біз емес, түрік бауырларымыз айтып жатыр. Оларды киіз үйге орналастырмас бұрын 12 жігіт бір апта ішінде тұрдық. Соның арқасында қай жерінде кемшілігі бар, қай жерін толықтыру керек бәрін түсіндік.
Жазып алған Айзат АЙДАРҚЫЗЫ