Астанада Аягүл Мантайды еске алу кеші өтті
Астанада Аягүл Мантайды еске алу кеші өтті
1,278
оқылды
18 ақпан күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада танымал жазушы, публицист, «Серпер» сыйлығының, Президент стипендиясының иегері, «Жүрекке оралу» кітабы мен «Жаңбырлы көктем» әңгімелер жинағының авторы Аягүл Мантайдың шығармашылығына арналған кеш өтті. Кеш барысында «Аягүл» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Мұқағали залында өткен бұл іс-шарада Аягүлдің қаламдас аға-әпкелері, құрбы-достары естелігін бөлісті. Кештің ұйымдастыруына атсалысқандар – Аягүлдің жақсы араласқан достары Жазира Есекеева, Бану Оңдасынова, Алма Сайлауқызы. [caption id="attachment_241319" align="alignnone" width="1200"]Аягүл Мантай ©adyrna.kz[/caption] Аягүл Мантай еңбек жолын 2003-2005 жылдары «Жас Қазақ үні», «Ақ жол Қазақстан» газеттерінде бастаған. Сонымен қатар «Ақ желкен» журналында, «Түркістан», «Айқын», «Ақ босаға» газеттерінде әңгімелері, сұхбаттары, мақалалары тұрақты түрде жарияланып тұрған. 2005-2009 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке тұрса, 2012 жылы «Жас Қазақ» газетінің мәдениет бөлімінде тілші болды. 2009 жылдары жазушы, баспагер Бексұлтан Нұржекеев «Жалын» баспасынан «Жас толқын» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Аягүлдің алғашқы кітабы «Жаңбырлы көктем» әңгімелер жинағын шығарды. Арада 10 жыл өткен соң, ақын Айжан Тәбаракқызы 2019 жылы Аягүлдің «Жүрекке оралу» кітабын «Қаламгер» баспасынан шығарды. Сол жинақтың шығуына орай Аягүлдің шығармашылық кештері Алматы, Шымкент, Түркістан, Тараз қалаларында өтті. Аягүл МантайКеш жүргізушісі Алма Сайлауқызының айтуынша, Аягүлдің көңілденген, шаттанған сәттері сол кештерге байланысты болған. «Бір айта кетерлігі, Алматыдағы алғашқы кешін де, кешегі шараны да өткізуге жанашырлық танытқан – кітапханашы, қоғам қайраткері Ғазиза Құдайбергенқызы» деді ол. – Биыл сиясы әлі кеппеген «Аягүл» кітабынан жақын достарының естелігін оқып, Аяшпен жақынырақ таныса түсуге болады. Оны шығарған – баспагер, журналист, Аягүлдің ең жақын сырлас құрбысы Бану Оңдасынова. Кітап екі бөлімнен тұрады. Беттеген Ардақ Әбдіқайымова, мұқаба дизайнын жасаған Алмас Сырғабай. Кітаптың ішіндегі суреттерін әуесқой суретші, Аяштың оқырманы Гүлнәр Бағашарқызы салған. Ал кітапты шығаруға демеуші тартып, қолдаған – ақын, қоғам қайраткері Мақпал Мыса, – деді Алма Сайлауқызы. Қазақ телевизиясының ардагері, танымал журналист Қайнар Олжай өз сөзінде Аяның жаңа кітабының тұсаукесері емес, оған арналған естелік кітабын көру өкінішті екенін сөз етті. – Біздің қоғам тым саясиланған, бірақ сол саясаттан қарапайым адамға көк тиын пайда жоқ. Қаржыны бөлетін дарынсыздардың мұрты майланып, нағыз таланттар бөліс кезінде мүлде ескерусіз қалады. Аягүлдің аянышты ғұмыры – соған мысал. Қорытынды бар, бірақ нәтиже болмайтын кезекті мысал. Қазақ әдебиетінде өзіне-өзі қол салған Бердібек Соқпақбаев атасы мен Аягүлдің тағдыры ғана емес, таланты ұқсас. Өмірдің ащы шындығын боямасыз, бірақ көркем жазды. Сондықтан екеуін екі билік бастан сипамаған. Аяның мұрасы – бес-алты сұқбаты мен жиырма шақты әңгімесі. Сан емес, сапамен өлшенетін құнды мұра. Кейіпкерлерін ауылдан, айналасынан тапқан. Бәрі көзтаныс емес, өзгеше өрнекті жандар. Аягүлдің бір әңгімесінде Лондонда оқып келген жігітті осында тұратын қызбен тілдестіреді. Қыз мына елде тұру мүмкін еместігін айтады. Жігіт түзеуге болар деп үміт етеді. Аягүлдің шығармалары қоғамды лайдан тұндыруға, сананы шөп-шаламнан тазартуға сеп болмақ, – дейді Қайнар Олжай. Аягүл Мантай 2013-2018 жылдары Аягүл Мәскеу қаласында тұрды. Сол жақтың Ресей халықтар достығы университетінде (РУДН) оқыды. Сол кезде танымал журналист Махат Садық Аягүлге ағалық қамқорлық жасап, «Қазақ радиосында» қашықтан жұмыс істеп, гонорар алуға мүмкіндік берген. «Аягүл арқылы қазақ қоғамының дертіне үңілгендей болдым» деген Махат Садық біздің қоғамның әлі де шындықты естігісі келмейтінін тілге тиек етті. «Біз әлі ұлт болып қалыптаспаған қоғамбыз. Себебі, біздің қоғамда шындықты ешкім айтқысы келмейді. Бәрі лирикалық, сәбилік, балалық аурумен жүрген қоғам. Біз содан арылмасақ, толыққанды ұлт болып қалыптаса алмаймыз. Жалпы, Аягүлдің трагедиясын айтқанда, біз көп нәрсені ойға алуымыз керек. Неге Бауыржан Момышұлы – Бауыржан Момышұлы болды? Ол Мәскеуде академияда оқып жүргенде, академик Қаныш Сәтбаев қаржылай көмегін үздіксіз беріп тұрып: «Сен нағыз қазақсың, батырсың! Рухыңды көтеріп жүр!» дейді екен. Неге Шерхан Мұртаза деген мықты шықты? Өйткені сол кездегі Оқу министрі Әди Шәріпов Мәскеуге барған сайын Шерағаңа қаражат беріп, «Сен оқып жүрсің. Сен бұл жақта мықты азамат боласың. Еңсеңді биік ұста!» деп қамқорлық еткен. Егер біз солай бір-бірімізге қамқорлық көрсетпесек, мықты ұлт ретінде қалыптаспаймыз. Біз аз ғана ұлтпыз. Аз ғана ұлттың, аз ғана таланттары болады», – деді Махат Садық. Кеш бойында Аягүлді танып-білген жора-жолдас, әріптестері мен рухтас оқырмандары оны әлі жоқтап, сағынып жүргені байқалды. Шымкенттік оқырман әпкесі Оралай Махамбет «Аягүлді әлі жоқтап жүрмін…» деп тебіренсе, ал журналист Гүлжан Амангелдіқызы «Аягүлмен көп адамдар Фейсбук арқылы хат жазысқан. Бірақ Аяш бәрібір жалғыз болған екен. Аягүл қоғамнан әділет іздеп өтті» деген ол Аягүлдің енді жоқ екеніне әлі де сене алмайтынын айтты. – Бүгінгі кешке Аяштың өзі келетіндей сезілді. Жалпы адамды күнде көру міндетті емес. Бірақ түсініскен кезде ол адам жүрегінде қалып қояды. Сондықтан Аягүл екеуміз тіл табысып кеттік. Алғаш шығармашылық кеш өткізуім – осы Аягүлден басталған еді, – дейді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген. Еске алу кешінде Астана Жастар театрының жас актрисалары Ләззат Қуанышева мен Саида Мақсұмова «Мұң» триптихінен үзінді қойды. Атап айтсақ, Аягүл Мантайдың «Жалғыздық биі» әңгімесі, Әлішер Айтуардың «Иллюзия» әңгімесі және Лидия Егембердиеваның «Жалғыздық» әңгімесі енген. Бұл қойылымды алғаш рет 2022 жылдың желтоқсан айында Астана қаласындағы Жастар театры сахналаған.