Елдегі ауруханалардың жабдықталуы сын көтермейді. Ауыл-аймақта халық рентгенге, МРТ, КТ-ға түсу үшін ауылдан, тіпті ауданнан қалаға сабылуға мәжбүр. Сондықтан Президент тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық техникамен жарақтандыру бағдарламасын әзірледі. Мамандар оны сынап жатыр: шикі көрінеді, қордаланған мәселелерді шешпейді екен. Ел Ажар Ғинияттың ведомствосынан да, әкімдерден де бұл салада батыл қадамдар күтеді. Денсаулық сақтау жүйесі «делебесі қозған» демографияның қарқынына ілесе алмай жатқаны байқалады. Емхана, аурухана жетіспейді. Мысалы, екі апта бұрын ел Президенті Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы жаңа емхананың жұмысымен танысты. Жамбыл облысы әкімдігінің дерегінше, жуырда ғана ашылған сол медициналық мекемеге 125 мың адам тіркеліп үлгерген. Олардың жолы болды десек те болады: емхана заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Рентген елді қашанғы ренжітеді? Дегенмен, медициналық ұйымдардың басым көпшілігінің жарақтандырылу деңгейі нашар. Мысалы, Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Қызыл Қайрат кентінің тұрғыны Гүлнәз (есімі өзгертілді) былтырғы желтоқсанда аяғы қақсап ауырып, амалсыз жергілікті амбулаторияға жүгінеді. Дәрігер УДЗ тексеруінен өту қажеттігін, алайда жыл соңы болғандықтан квота таусылып қалғанын алға тартып, қаңтарда келуді ұсыныпты. Аурудан жанын қоярға жер таппаған пациентке ақылы медициналық орталыққа баруға тура келді.
«Ақылы дәрігер рентгеннен өту керек екенін айтты. Содан қаңтар айында өз емханама қайта оралдым. Ондағылар рентгеннен өту үшін сонау қиядағы Алатау кентіне жолдады. «Неге іргедегі, 3 шақырым жердегі Талғар қаласына жолдамайсыңдар?» деп ашулансам, Астанадағы медсақтандыру қоры Алатаудағы клиникамен келісімшарт жасаған деп ақталады. Ал Алатауға бізден автобус қатынамайды. Амал жоқтықтан, арнайы шақырып, такси жалдаймыз. Бұл өте қымбат. Амбулаториядағы қыздар жақындағы Бесағаш кентіндегі емханада ақылы түсе салыңыз, арзандау болады деп қарап отыр», – деп кейіді Гүлназ апай.Әрине, барлығы жаман деп қара аспанды суға алдыруға болмас. Мемлекет ауыл-аймақтардағы денсаулық сақтау саласын нығайтуға білек сыбана кірісті. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 655 ауылда медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу, сондай-ақ 32 аудандық аурухана деңгейін ауданаралық көпбейінді мекемелер мәртебесіне дейін арттыру жоспарланған. Денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық құрылғымен жабдықтау қарастырылған. Осы шараларды жүзеге асыру арқасында 2023 жылы қосымша 2,4 миллионнан астам ауыл халқы арнаулы медициналық көмекпен қамтылмақ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, ауыл тұрғындарына бүгінде 5 мыңнан астам медұйым көмек көрсетеді. Ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Бұл ретте өңірлер алда жергілікті медициналық ұйымдарды жарақтандыруға қатысты жоспарларын жариялай бастады. Мысалы, Жамбыл облысында 2023-2024 жылдары 30 медицина нысанын салу жоспарланған. Оларды тұрғызып, жете жарақтандыруға бюджеттен 5,2 миллиард теңге бөлінді. СҚО әкімі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл осы шағын облыста медициналық қондырғылар алуға 5 млрд теңге жұмсалады. Ангиографтар, УДЗ, эндоскопия, реанимация, рентген аппараттары қойылады. Маңғыстаулық медұйымдарда бүгінде 13 компьютерлік томограф (КТ) және 7 магнитті-резонанстық томограф (МРТ) бар екен. Соның ішінде Маңғыстау облысының аудандарына тек 3 КТ тиесілі. Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында ангиограф, МРТ, екі КТ аппараты бар. Енді Мұнайлы ауданында ангиограф, КТ, МРТ жабдықтарымен жабдықталған аудандық аурухананың жаңа нысаны салынуда. Бұдан басқа, сырқат санын азайту және уақтылы диагностикалау мақсатында Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы, Маңғыстау орталық аудандық ауруханаларында жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейді. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, бас қалада соңғы 3 жылда медициналық мекемелер шамамен 3 мың арнайы жабдықпен жарақтандырылған. Арасында УДЗ-аппараттары, компьютерлік томографтар, ӨЖЖ аппараттары, жылжымалы флюорографиялық кешендер, цифрлық рентгенографиялық жүйелер және басқасы бар. Әкімдік бұл жұмысты жүйелі негізде жалғастыруға уәде етті. Ғиният өз жобасынан неге жаңылды? Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеп шыққан 5 жылдық кезеңге арналған «Қазақстанды медициналық техникамен жарақтандырудың республикалық бағдарламасы» атты жаңа кешенді жоспары да осы салаға соны серпін беруге бағытталған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың түсіндіруінше, жаңа бағдарлама 2027 жылға қарай медұйымдарды нормативтерге сәйкес 32 мың 385 бірлік медициналық жабдықтармен жарақтандыруды көздейді. Соның арқасында елдегі, соның ішінде ауылдағы денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымы толық жаңғыртылмақ. Қызмет көрсету сапасы артуы, денсаулық сақтау жүйесі автоматтандырылуы тиіс. Ведомство бағдарламаны жүзеге асыруға 2023-2027 жылдары 505 млрд 701 млн теңге жұмсауды жоспарлады. Бірақ құжаттың бірқатар шикілігі анықталып отыр. Dari-store group жетекшісі, осы салаға маманданған кәсіпкер Жанелия Жүсіпова жаңа бағдарламада қолданыстағы ұлттық жобалардың қажеттілігі ескермегеніне назар аудартты. Нақтыласақ, 2021 жылы қабылданған, 2023-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Петропавл, Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Тараз, Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Қостанай қалаларында кем дегенде 20 қазіргі заманғы аурухана және 2 ғылыми-инновациялық орталық салу көзделген.
«Мұның сыртында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасында 2023–2024 жылдар ішінде 655 жаңа емхана объектісі тұрғызылатыны, оның ішінде 253 медициналық пункт, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт, 160 дәрігерлік амбулатория іске қосылатыны көрсетілген. Бұдан бөлек, 2023-2025 жылдарға арналған Ана мен бала денсаулығын қорғау тұжырымдамасына, Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 95-пунктіне сәйкес, Үкіметке, барлық облыс пен үш мегаполис әкімдеріне заманауи перзентхана орталықтарының желісін салу жүктелген. Олардың бәрі заманауи озық жабдықтармен жарақтандырылуы шарт. Мұның бәрі жаңа бағдарлама жобасында көрініс таппаған», – деді Ж.Жүсіпова.Аталған барлық медициналық ғимараттар медтехникамен жабдықталмаса, онда ашыла алмайды. Ендеше сарапшының пікірінше, бағдарламадағы 505 млрд теңге деген есеп қате болып шығады. Сонымен қатар осы құжатта денсаулық сақтау саласына қатысты қолданыстағы барлық ұлттық жоба, жоспар, тұжырымдамалар ескерілуі, мұқият үйлестірілуі шарт. Әйтпесе, бір аурухананы жабдықтауға бірнеше рет қаржы бөлу, ал басқасына қаражат тимеу қаупі бар. Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген медициналық ұйымдарды түгендеу-инвентаризациялау қорытындысы біраз былықтың бетін ашты. Біріншіден, республика бойынша медұйымдар тек 82 пайызға техникамен жарақтанған. Олардың өзінде медтехниканың тозу деңгейі 49 пайызға жетіпті. Сондай-ақ біраз мемлекеттік емхана мен ауруханада заманауи техниканың қаңтарылып босқа тұрғаны немесе аз, тиімсіз пайдаланылатыны белгілі болды. Министрліктің дәйектеуінше, бұған кепілдікті сервистік қызмет көрсету бойынша қолданыстағы талаптардың сақталмауы ықпал еткен. Мамандар жаңа техниканың тілін таба білмейді, содан аз уақытта (орта есеппен екі жыл ішінде) істен шығады. Ал медұйым штатында жоғары технологиялық жабдыққа қызмет көрсетіп, жөндейтін маман болмайды. Жеткізуші компания болса, кепілдіктен кейінгі сервисті сатып алмаған клиентке көмекке келмейді. Техникаға бөлінген миллиардтар қайда? Талдау көрсеткендей, 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта қымбат тұратын КТ, МРТ, ангиограф, маммограф, рентген, УДЗ сияқты медтехникаға тек сервистік қызмет көрсетуге және жөндеуге жұмсалған шығыстар 11,3 миллиард теңгеден асып кеткен. Салдарынан, медициналық ұйымдар жыл сайын медтехникаға қызмет көрсетуге оның бастапқы құнының 2-5%-ына дейін шығындап отырады. Тарата кетсек, мемлекеттік медұйымдарда 70 КТ бар, оларды сатып алу бюджетке 16,8 миллиард теңгеге түскен. Аталған кезеңде оларға қызмет көрсетіп, жөндеуге тағы 3,4 млрд жұмсалыпты. 6 миллиард теңге тұратын 16 МРТ-ға – 1,6 млрд, 2,1 млрд теңгенің 8 ангиографына – 364,7 млн, 19,2 млрд теңгенің 785 рентген аппараттарына – 5 млрд, ал жалпы құны 9 млрд теңге болатын 470 УДЗ аппаратын күтіп ұстауға – 917,8 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар, мамандардың пікірінше, бірыңғай ақпараттық кеңістікке интеграцияланбауы кесірінен саладағы ақпараттық жүйе жабдықтың сынып қалуын, тозу дәрежесін, медициналық жабдықтар паркін жаңарту қажеттілігін толыққанды есепке алуға мүмкіндік бермейді. Дамыған елдер тәжірибесі бойынша осы ақпараттың бәрі, big data тасқыны бір ақпараттық жүйеге құйылып, талдануы қажет. Сонда мысалы, тез бұзылып қала беретін техника түрін сатып алуға тыйым салынар еді. Қазақстандық ақпараттық жүйе – Медициналық техниканы басқару жүйесі (eisz.kz) дұрыс жұмыс істегенде, нақты қай аурухана–емханада нендей медтехника сынып қалғанын, тозу деңгейін уақытылы білуге, яғни анағұрлым жедел жөндеуге немесе ауыстыруға болатын еді. Ол болмаған соң бас дәрігерлердің өтініштері жоғалып, не елеусіз қалуы мүмкін. Мамандар кейбір сыну жиілігі жоғары медтехниканы қайта-қайта жөндегеннен басқа маркадағы жаңасын алу арзанға түсетінін айтып жүр. Негізі, мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көрсететін ұйымдарға негізгі құралдарын жаңартуға көп қаржы бөлінеді: 2020 жылы бұл бағытқа – 40 млрд, 2021 жылы – 70 млрд, 2022 жылы – 100 миллиард теңге бағыттаған. Соның арқасында емханалар мен ауруханалар жаңа аппараттармен толық қамтылуы керек. Жоспар толық жүзеге аспады. Медтехника нарық құнынан әлдеқайда қымбат сатып алынатыны жасырын емес. Жыл сайын бұл сала шығыны артады, алайда медициналық жабдықтар да жылдам қарқынмен тозып барады. Мұның байыбына барған, айыптыны жазалаған абзал. «СҚ-Фармация» ЖШС медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу аясында 2022 жылы 177 бірлік медтехниканы 20,05 млрд теңгеге сатып алыпты. Жалпы алғанда, осы бірыңғай дистрибьютор былтыр ел қаржысына 244 ірі медтехниканы алған. Оның көбі шетелдік өнімдер. Тек 28,3 пайызы ғана отандық өнім. Отыз жылда бұл салада техника өндіретін қаншама кәсіпорын жұртқа жария түрде ашылды, бірақ көбі көзбояушылық болып шыққанға ұқсайды. Айта берсе, саланың проблемасы көп. Оларды шешу әлі талай кешенді жоспар мен бағдарламаға негіз болып, жүздеген миллиард қаржыны игеруге жол ашары сөзсіз. Тек ел қаржысы құмға сіңген судай заяға кетпесе, ұлт денсаулығын арттыруға қызмет етсе игі.