Тапқанға – «қақпан»
Тапқанға – «қақпан»
Заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бастамасы көтерілген сайын әлеумет күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылатын күнге жетіп отыр. Шын мәнінде, Үкіметтің қолға алған кез келген жүйесі халықтың тұрмысын жақсартуға жұмыс істеп, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталуы тиіс. Бірақ бізде барлығы керісінше. Тіпті, осы күні «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» керін келтіре ме деген күдікпен жүргендер көп. Енді, міне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың ақшасын тағы есептеуге шықты. Айтуларынша, көлеңкелі бизнестің жолын жабудың амалын қарастырмақ. Мемлекет бюджетін толықтыру үшін халық­тың қалтасына қол салатын ше­шімдерді қабылдаудан алдына жан салмайтындардың бұл жолғы ұсы­нысы да жұрттың жанды жеріне тиіп отыр. Себебі, Үкіметтің үйдей уәдесіне қарамай, өз бетінше нә­пақа тауып жүргендерді салық тө­леуге мәжбүрлеп, азын-аулақ ақ­шасын кәсіпкерлік ретінде тір­кетуге қарсылық білдіріп жатқан­дардың айтары бөлек. Асабалар құтылып, жүргізушілер тұтылды Осыдан біраз жыл бұрын табы­сын жасырып жүрген әртістер мен асабаларды салық төлеуге міндет­тейтін өзгерістер шыққанда, өнер адамдары жаппай қарсылық біл­дірген. Өйткені табысын жасырған­дарға айыппұл арқалату нормасы қарастырылатын болды. Сөйтіп, салық мамандары өнер адамда­рының арасында түсіндіру жұмы­сын жүргізіп, өз еріктерімен кә­сіпкерлік ашуға шақырды. Тіпті, табысын жасырған әншілер мен асабалардың артынан аңдып, кім­нің қанша пайда тапқанын дәлелдеу үшін тойлар мен кештерге рейд жүргізетіні туралы да айтылған. Алайда ән салып, той жүргізетіндер табан ақы маңдай терін бөліске тү­сіру әділетсіз екендігін айтып «шы­ғынымыз шаш етектен, айлық жалақымыз миллион түгілі, жар­ты­сына да жетпейді» деп шуылдасты. Дегенмен салық төлету нормасы қолданысқа енгізілді. Қазір тиісті норманы миллиондап табыс таба­тын әншілер мен асабалардың қа­лай орындап жатқаны және айлық табыстары қалай есептеліп жат­қаны белгісіз. Себебі сол кездің өзін­де айыппұл салудың өзі қи­сынсыз екенін айтқан асабалар ал­дымен миллион табыс тапқан­дарын дәлелдейтін тетікті қарас­тыру қажет екенін айтып еді. Соған қарағанда, миллиондап табыс та­бады деген өнер адамдарына табыс салығын төлету қиынға соққан сыңайлы. Мәселен, үш жыл бұрын Мемлекеттік кірістер комитеті ән­шілер мен асабаларға табыс са­лығын салмаудың себебін түсіндір­генде: «Біз сол тіркеуге тұрғызу бойынша жұмыс жүргіземіз. Хат­тамаларды береміз, сөйтіп, тіркеуге қоямыз. Ал бүгінде олар микро­бизнес болған соң табыс салығынан толық босатылған» деген уәж айт­қан болатын. Оның үстіне, сол жылдан бастап биыл 1 қаңтарға дейін микро және шағын бизнес субъектілері табыс салығынан босатылған еді. Салық органы асабаларға сөзін өткізе алмаған соң өз күнін өзі кө­ріп жүрген такси жүргізушілеріне көз тіге бастады. Сөйтіп, былтыр елі­мізде такси жүргізушілер мен курьер­­лер ресми жұмыспен қам­тыл­ғандар қатарына жатқызылды. Осы мақсатта тәуелсіз жұмыскер, яғни табыс әкелетін, еңбекпен ай­на­лысатын, бірақ тиісті уәкілетті ор­гандарда «ресми мемлекеттік тір­кеуі жоқ тұлға» ұғымы енгізілді. Ол бойынша егер тәуелсіз жұмыс­керлер өз қызметін онлайн плат­формаларға қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылған болып есептеледі. «Көлеңкеден» шығарудың қамы Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ұлттық экономика ­ми­нистрліктері мен Қаржы ми­нистр­лігі Мемлекеттік кірістер комите­тінің өкілдері бас қосып, жалдамалы жұмысшылардың жай-күйін тал­қылады. Басқосуда сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сар­басов түрлі интернет-алаңдарда жұмыс іс­тейтін қазақстандықтар­дың саны өскенін жеткізген. Оның сөзінше, елімізде әртүрлі интернет-плат­формаларда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Мәселен, ин­тернет-платформалар арқылы көр­сетілетін ең көп таралған қыз­меттердің қатарына такси және курьерлік жеткізу қызметтері жа­тады. Сондықтан вице-министр мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамтуды дамыту үшін кедергілер мен шектеулер жасамай, интернет-платформаларда жұмыс істейтін адамдарды қолданыстағы әлеу­мет­тік қамсыздандыру жүйесіне ре­сімдеу және тарту бойынша жұмыс жүргізу қажет екенін алға тартып­ты. «Біріншіден, салықтық әкім­ші­­лендіру жөніндегі пилоттық жо­ба­ны іске асыруды бастау қажет, оның шеңберінде интернет-плат­фор­ма­лар операторының орын­даушы­лар үшін салық міндет­темелерін орын­дауы сынақтан өткізілетін болады. Екіншіден, жақын арада әлеуметтік кодекс пен бірқатар ілеспе заң­намалық актіге түзетулер қабыл­данады деп күтілуде. Бұл интернет-платфор­маларда жұмысқа орналасу кезін­де: жалдамалы қызметкер немесе жеке тұлға/тәуелсіз қыз­меткер ретінде таңдау құқығын беруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ин­тернет – платформа опера­торы, тапсырыс беруші мен орын­даушы арасындағы өзара қарым-қатынас нақты реттелетін бола­ды», – дейді Ақмәди Сарбасов. Жү­йенің жұ­мы­сын жандандыру мақсатында Са­лық кодексінде жаңа жеңілдетілген салық режимін және платфор­ма­лық жұмыспен қамтылғандар үшін қарапайым тіркеу рәсімін енгізу белгіленеді. Осылайша, шағын бизнестің жалдамалы жұмысшылары үшін бірыңғай міндетті төлем енгізіледі. Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін енгізілген бірыңғай міндетті төлем өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салықтық жүктеме келесі жылы 33 пайыздан 20 пайызға дейін төмен­дейді. Екіншіден, онлайн плат­формалардың көмегімен (Яндекс Так­си, Яндекс GO және тағы басқа) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі іске қосылды. [caption id="attachment_241368" align="aligncenter" width="1772"]курьер © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Қысқасы бұл шаралар дара кәсіпкер ретінде тіркелу қажет­тілігінсіз осындай сервистерде орындаушы ретінде тіркелген адам­дардың құқықтары мен заңды мүд­делерінің сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыспен қам­тылған халықтың едәуір бөлігін «көлеңкеден шығаруға» және олардың табысын заңдастыруға ықпал етпек. Таксистің табысы қай жыртығын жамайды? Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынба­сары Айнұр Сартаеваның ай­туын­ша, асабалар мен такси жүр­гізу­шілері, курьерлер кәсіпкерлікпен айналысатын болса, кәсіпкер ре­тінде тіркелу міндеттеледі. Және оларға арналған тиісті салық жүйесі де қарастырылады. Сондай-ақ өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандар үшін оңайлатылған жүйе де жұмыс істейді. Егер кәсіпкер ретінде тір­келсе, 1 пайыздық мөлшерлеме бар. Бірақ арнаулы салық жүйесін қол­данатындар шығындарын ше­гере алмайды. Ал жалпыға бірдей салық жүйесін таңдаса, 10 пайыз­дық мөл­шерлемені төлейді және бұл жерде шығындарын шегеріп отыруға мүмкіндік қарастырыла­ды. «Мы­салы, кәсіпкерлікпен мақ­сатты түр­де айналысып, ақша тауып отыр­ғаны белгілі болып, бірақ еш­қандай салық төлемейтіні белгілі болған жағдайда жауап­кершілік көзделеді. Үйін жалға беріп отырса кәсіпкер ретінде тіркелмесе бо­лады. Бірақ ол жағ­дайда 10 пайыз­дық мөлшерлемемен жыл сайын салығын төлеу керек және жылына бір рет салық дек­ла­рациясын тап­сыруға міндеттеле­ді», – дейді ол. Бәрібір айналып келгенде, Үкімет кәсіпкерлікпен айна­лы­сатын жалдамалы жұмысшылар­дың жағдайынан бұрын, өз мақ­саттарын тиімді жүзеге асырудың мүмкіндіктерін алдымен қарас­тыр­ғанды құп көретіндей. Бұл орайда экономист Асылбек Күздеубаев жүйе жақсы жұмыс істесе, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға арналған бірыңғай міндетті төлем­нің тиімді болатынын айтады. Бұл елдегі белгілі бір бақылауды жолға қояды. Мемлекеттік бюджеттің тү­сімін арттырады. Алайда жалдамалы жұмысшылар істейтін интернет платформалардың талап ететін пайыздық мөлшерлемесін 20 па­йызға дейін азайтып қана қоймай, соның ішінен таксилер мен курьер­лер үшін бірыңғай міндетті төлем­дерді өздеріне төлетуді қолға алу қажет. Себебі қазір такси немесе курьер болып істейтіндер табы­сы­ның 22-25 пайызын таксопаркке немесе интернет платформаларға береді. Өздеріне қалатыны 80 па­йыз. Сондықтан тапқан табысын күнкөріске жұмсай ма, әлде жанар-жағармайын, көліктің жөндеу жұмыстарына бере ме деген сұрақ туындайды. Такси жүргізушісі ретінде өз-өзін жұмыспен қамтып жүрген Ринат Сатанов Астанада таксиде істеп жүргенде салығы және автобус жолын пайдаланғаны үшін бас­тапқыда 30 мың, артынан 15 мың теңге төлегенін айтады. Күнделікті маңдай терімен тапқан табысы жеткіліксіз болғандықтан, қазір таксопарктен бөлек шығып, интернет платформа арқылы өз-өзіне жұмыс істей бастапты. «Бірақ мұнда да әрбір клиенттің ақша­сынан қосымшаға пайыздық төлем береміз. Мысалы, 1340 теңгеге келіссек, соның 314 теңгесін ұстап қалады. Меніңше, Үкімет жалда­малы жұмысшылардың табысын түгендегенше, түскен салықты қа­дағалағаны дұрыс. Ол болмаса белгілі бір мөлшердегі табысқа дейін салық алынбайтындай жүйені қолға алу керек», – дейді ол. Сөзінің жаны бар. Айтса, айт­қандай, Үкіметтің тізесі өз күнін өзі көріп жүргендерге қатты батып-ақ бара жатыр. Ай сайын алатын тұ­рақты жалақысы жоқ жалдамалы жұмысшылардың құқығы қорғал­маған, сырқаттанса да жұмысқа жарамсыздығы да қарастырыл­ма­ған. Мемлекеттік қызметкер секілді сыйақы мен бонустардан да бей­хабар. Мүмкін еститін Үкіметіміз табыс салығын бәріне бірдей мін­деттемес бұрын, өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың әлеуметтік жағ­дайын зерделеп алғаны дұрыс болар ма еді.