Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды
Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды
© Halyq Uni
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға және Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты қылмыстық іс Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасымен қайта қаралды. Сот алқасының шешімімен Рысқалиев пен Адамовқа қатысты сот үкімі өзгертілді, ал Хаменоваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Апелляцияға дейін 2022 жылдың 15 қарашасында бұл шулы іске қатысты сот үкімі шыққан болатын. Сот үкіміне сәйкес, Бақытгүл Хаменова және облыстық Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов 4 жылға сотталған. Артынша, барлығы да Атырау қаласының №2 сотына апелляциялық шағым түсірді.
«Сот алқасының шешімі А.Рысқалиев және Ө.Адамовқа қатысты сот үкімі өзгертілді, ал Б.Хаменоваға қатысты сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіздер болмағандықтан, өзгеріссіз қалдырылды. Апелляциялық сатыдағы сотта зерттелген дәлелдемелермен А.Рысқалиев Б.Хаменоваға бағынышты бола тұра, оның тапсырмасы бойынша пара алуға қол жеткізуге ықпал еткені анықталды. Сондықтан А.Рысқалиевтің әрекеттері ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағынан 28-баптың 5-бөлігіне, 366-бабы  3-бөлігі  2-тармағына пара алуға жәрдемдесу ретінде қайта дәрежеленді. А.Рысқалиевтің жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескере отырып (қылмыстық құқықбұзушылықтың ашылуына ықпал етті, қылмыстық құқықбұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкереледі, асырауында 4 жас баласы бар), ҚК-нің 55-бабы  4-бөлігін қолданумен тағайындалған жаза 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді. Ө.Адамовқа қатысты оның жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескере отырып (егде жасын (65 жаста) және асырауында төрт және үш кәмелетке толмаған баласы бар 2 кәмелетке толған бала кезінен мүгедек балалардың болуы), ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданумен, тағайындалған жаза 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді»,– деп мәлімдеді Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сотталушылардың барлығы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Қазақстан Президентіне Бақытгүл Хаменованы «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.