«Гүлдер» ансамблінің қайта өрлеу дәуірі басталды
«Гүлдер» ансамблінің қайта өрлеу дәуірі басталды
2,870
оқылды
Қазақ эстрада өнеріне тың серпін беріп, шабыттандырған шығармашылық ұжым туралы айтпай кету мүмкін емес. Ұлттық нақыштағы музыкалық туындылармен сахна төріне жол тартқан «Гүлдер» еліміздің бетке ұстар ансамбльдерінің бірі болды. Өнер иелері Қытай, Үндістан, Германия, Жапония, Куба, Болгария, Моңғолия, Израиль, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне гастрольдік сапарларға шығып, эстрадалық-музыкалық ревю бағытындағы концерттік бағдарламаларды көрермендер назарына ұсынды. 60-жылдардың аяғында құрылған ансамбль алғашында 71 адамнан тұрды. Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Қапаш Құлышева, Қайрат Байбосынов, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нүркенова, Сембек Жұмағалиев, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева және т.б. өнер майталмандары қызметтік жолдарын осы ансамбльден бастады. Бүгінде олар таланты мен талғамы биік мәдениет қайраткерлеріне айналды. Содан бері қаншама жылдар өтті. Жаңа ғасырға сай қазақ өнері мен мәдениетіне жаңа жұлдыздар легі қосылуда. Алайда  тарихи брендіміз болып келген ансамбль белгілі бір себептермен өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Талай рет өнердің биік шыңына көтерілген мәдениет тарландары өнер ошағынан айырылуға шақ қалды. Дегенмен  мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, 2022 жылы «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Гүлдер» ансамблінің шығармашылық ұжымын қайта құру жұмыстарын қолға алды. Гүлдер «Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасын жүзеге асыру мақсатында ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері алынды. Тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер Анвара Садықова және жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов шақырылды. Дәл осы жылдың маусым және шілде айларында ансамбльдің құрамына өнерпаздарды қабылдау үшін С.Дәулетов, А.Садықова, хореограф А.Шәмшиев Қазақстанның бірқатар қаласында кастинг жүргізді. Содан кейін ұжымның жаңаша бағыттағы қызу дайындық жұмыстары басталып кетті. «Гүлдер» ансамблінің бұрынғы құрамында өнер көрсеткен талантты әншілер мен кәсіби бишілер арнайы шақырылып, ансамбльдің репертуары жаңа музыкалық шығармалармен жаңартылды. «Гүлдер» ансамблінің брендіне айналған «Бипыл» (хореографиясы Д. Қияқованың), «Асатаяқ» (хореографиясы З. Райбаевтың), «Малайзия биі» (хореографиясы Г.Измайлованың) және т.б. билер хореограф Татьяна Ауталиповтың қатысуымен жүргізіліп жатыр. Ал жаңа хореографиялық композицияларды Гүлнәр Саитова, Карина Хайтматова, Гүлден Фаткулла, Евгений Моисеев, Карина Жиренбаева, Мөлдір Нығымет секілді хореографтар қойды. Қазір жаңа ансамбльде 15 биші мен 9 музыкант бар. Гүлдер Еліміздің брендіне айналған «Гүлдер» ансамблі әлемнің көптеген елінде өнер көрсетіп, танымал болғаны белгілі. «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басты жаңалықтарының бірі – осы ансамбльді қайтадан жаңа құраммен көрермендерге таныстыру . Сол себептен, көктемнің алғашқы күні аты аңызға айналған «Гүлдер» ән-би ансамблінің тұсаукесер-концертін өткізуді жоспарлап отырмыз. Айта кететін жайт, ансамбльдің видеоқұжаттары сақталғанымен, архивтік құжаттарды ақтара отырып, сол кездердегі қазақ би өнерінде қолданылған қимыл-қозғалыстары мен би түрлеріне қатысты құнды мәліметтерді таба алмадық. Сол себептен ансамбльдің басы-қасында жүрген шығармашылық топқа осы бағытта да көп еңбек етуге тура келді.
Танымал әнші, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі, "Парасат" орденінің иегері Сара Тыныштығұлова апайымыз ансамбль туралы былай деген болатын: «Менің есімде қалғаны ансамбль бір жарым жыл ішінде 300-ге жуық концерттің 70-тен астамын ауылдық жерде берген. Жақында 1 наурызда «Қазақконцерт» ұжымы «Гүлдер» ансамблін жаңа құрамда таныстыру үшін арнайы мерекелік концерт ұйымдастырғалы жатыр екен. Ұжымның басшылығына және жаңа ансамбльдің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін. Ансамбль өркендесін, көркейсін, халықтың ықыласына бөленсін!».  
Гүлдер Биыл  1 наурыз  күні  QAZAQSTAN орталық концерт залында жаңа құрамдағы «Гүлдер» ансамблінің тұсаукесер-концерті өтеді. Барша өнерсүйер қауымды осы концертке шақырамыз. Айта кетейік, сәтін салса, «Гүлдер» ансамблі еліміздің түкпір-түкпіріне гастрольдік сапарларға шығып, шығармашылық концерттерін өткізетін болады.

Ақтоты Райымқұлова, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры