Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Астанада басталған «Үгіт-насихат пойызы» кампаниясы барысында партия белсенділері республиканың елді мекендерін аралап, сайлаушылармен бетпе-бет кездесулер өткізеді. ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов бұл шараға қатысатын белсенділерді үгіт-насихат жүргізудің ережелерімен таныстырды.
«Жемқорлықты жоямыз! Кедейшілікті жеңеміз! Сен жақсы өмір сүруге лайықтысың!» деп ұран көтерген социал-демократтар 19-шы наурыздағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсеніп кірісті.Наурыздағы сайлауға ЖСДП атынан Мәжіліс депутаттығына 19 үміткер тіркелді. Социал-демократтардың партиялық тізіміндегі кандидаттардың 31,6%-ы – әйелдер, жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Партия заңда көрсетілген квотаны толық сақтаған.