Журналистер мен блогерлерге қарсы қылмыс жасады деген 18 адам ұсталды 
Журналистер мен блогерлерге қарсы қылмыс жасады деген 18 адам ұсталды 
Соңғы 6 айда журналистер мен блогерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны үшін 18 адам ұсталды, – деп хабарлайды ІІМ. 2022 жылғы қыркүйектен бастап биылғы 20 ақпанға дейін Алматы және Астана қалаларында 6 журналист пен блогерге, сондай-ақ 1 адамға қатысты олардың қызметіне байланысты бірқатар құқыққа қарсы әрекеттер жасалған.
«Жәбірленушілерге қатысты жылжымайтын мүлікке қасақана зақым келтіру, автокөліктерді өртеу, оларға әртүрлі заттарды жөнелту арқылы қорқыту фактілері, жәбірленушілердің мекенжайлары бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар және интернет желісінде дербес деректерін тарату фактілері болды. Осы қылмыстарды ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. ҚР ҚК 115-бабы «Қауіп», 147-бабы «Жеке өміріне қатысты мәліметтерді тарату», 158-бабы «Журналистік қызметке кедергі жасау», 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою», 293-бабы «Бұзақылық» бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды. Бұған қатысы бар 18 адам ұсталды» делінген хабарламада.