СҚО-да ауа райының қолайсыздығынан мектептерде сабақ тоқтатылды
СҚО-да ауа райының қолайсыздығынан мектептерде сабақ тоқтатылды
Фото: pavon.kz
Солтүстік Қазақстан облысында қатты көктайғақ салдарынан бүгін мектептерде сабақ болмайды. Сонымен қатар қоғамдық көліктің де жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Петропавлда сынап бағанасы қазір +1 градусты көрсетіп тұр. Оған қоса түнде жаңбыр жауды. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты мектептерде сабақ болмайды. Әзірге бірінші ауысымның оқушылары онлайн оқуға көшірілді. Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, жаңбыр таңға жуық сағат 4:00 мен 5:00 аралығында жауған. Қатты көктайғақтың салдарынан қоғамдық көліктің жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта қала көшелерінде арнайы техника жұмыс істеп, құм-тұз қоспасын сеуіп жатыр.
«Ауа райына байланысты қалада қалыптасқан жағдайға сіздердің түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Қазіргі уақытта мамандандырылған техника жұмыс істеп жатыр. Олар көшелер мен тротуарларға құм себуді сағат 5:00-ден бастады. Бұл шара қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жүргізілуде. Қоғамдық көлік біртіндеп өз маршруттарына шығарылады. Бүгін жұмыс берушілерден қызметкерлердің кешігуіне түсіністік танытуын сұраймыз. Сондай-ақ, автокөлік жүргізушілерін де мүмкіндігінше аялдамалардан адамдарды алып кетуге шақырамыз. Құрметті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер, жолдарда абай болыңыз және өте мұқият болыңыз» делінген қалалық әкімдік таратқан хабарламада.
Петропавл маңындағы Бескөл елді мекенінен облыс орталығына баратын 101 автобусы да жұмысын уақытша тоқтатты. СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, автомобиль жолдары әзірге жабылған жоқ.