Елбасы Мысыр Араб Республикасының бұрынғы Президенті Мұхаммед Хосни Мүбарактың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды elbasy.kz. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Мұхаммед Хосни Мүбарактың дүниеден озғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдады. «Мен Мұхаммед Хосни Мүбаракпен бірнеше мәрте кездестім. Ол Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастың нығаюына және сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастықтың дамуына тікелей септігін тигізді. Осынау азалы сәтте Мысыр халқына және марқұмның отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», - делінген жеделхатта.