Лондонда ағылшындар қазақша үйреніп жүр. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі Халықаралық ана тілі күні қарсаңында арнайы кеш өткізген. Іс-шараға «Димаш Құдайберген. Ұлыбритания және дүниежүзі» фан-клубының белсенді мүшелері қатысқан. Аталған фан-клуб 2022 жылы тамыз айында ашылған. Осы аралықта клубқа мың мүше тіркелген. Кейбірі Қазақстанда болып, мәдениетімен, өнерімен танысқан екен. Мәселен, фан-клуб мүшесі Луанна Кипинг Димаштың Алматыда өткен концертіне барып, кәдесый ретінде қазақы әшекей-бұйымдарды сатып алған. Көлге барып, шатқал аралаған екен. Бұл күні Халықаралық фан-клуб мүшелері қайырымдылық шарасын да өткізді. Олар қазақ тілінде тілдескеннен бөлек, Қазақстандағы «SOS балалар ауылы» үкіметтік емес қоғамдық ұйымына қаражат жинап берді. Жиналған қаражатқа жетім немесе ата-анасының қарауынсыз және қамқорлығынсыз қалған балалар музыкалық аспаптар сатып алады. Оған қоса, домбыра үйренуге мүмкіндік бар. Фан-клуб төрайымы келешекте «SOS балалар ауылының» тәрбиеленушілеріне онлайн платформа арқылы ағылшын тілін үйреткісі келетінін, тіпті ауылға барам дейтін мұғалімге қаржылай қолдау көрсету ойда бар екенін атап өтті.
Айбике ЖАНАСЫЛ