Медициналық сақтандыру қоры былтыр 11 айда емдеу мекемелерінің 100 мыңнан астам қызметті көрсетуде түрлі кемшіліктерге жол бергенін анықтады. Нәтижесінде, Алматы қаласындағы емдеу мекемелеріне 1 млрд теңге айыппұл салынды. Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, клиникалардың әрқайсысына орта есеппен 3 млн теңге айыппұл салынған. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Кемшіліктің басым бөлігіне бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жол берген.
«Емханалар көрсеткен қызметтен 93 мың кемшілік анықталып, 117 млн теңге қайтарып алынды. Сонымен қатар ақаумен көрсетілген 8 мыңға жуық қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Олар аталған кемшіліктер үшін 800 млн теңге айыппұл төледі», – деді спикер. Сондай-ақ «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар. Осындай 300-ден астам жағдай үшін 3 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Ж. АСҚАРБЕК