Ана мен балаға – айрықша қамқорлық
Ана мен балаға – айрықша қамқорлық
© коллаж: Елдар Қаба
1,159
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ана­ларға барынша қамқорлық танытып, оларды әлеуметтік қолдау саясатын табысты жүзеге асырып келеді. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің бөлінбес бөл­шегі саналатын демографиялық саясаттың басты бір ба­сым­дығы ретінде бекітілген. Көпбалалы отбасылар көбейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыр­күйек­тегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да аналардың жағ­дайына, көпбалалы және мү­гедек балаларды тәрбиелеп отыр­ған отбасыларды қолдауға баса мән берді. 2 пайыздық мөл­шерлемемен, 10 пайыздық ал­ғашқы жарнамен жеңілдетілген ипотека беруді қарастыратын жаңа «Бақытты отбасы» бағдар­ламасын қолға алуды тапсырды. Үкіметті «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасымен бір­лесіп, көпбалалы аналарды микро және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде үй жағдайында кәсіппен айна­лысатын үйбикелерді қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуге шақырды. Кейінгі Жолдаулары мен тапсырмаларында бұл мә­селеге басымдық беріп, жауап­тыларға жаңа міндеттерді жүк­теуді жалғастыра берді. Үкіметтің дерегінше, республикамызда отбасылардың тұрмыс сапасын арттыру­дың, әсіресе аналарды қолдаудың жүйелі әрі кешенді жұмысы жолға қойылған. Бұл саясат өз жемісін беріп жатыр. Ресми статистика бойынша елімізде саяси транзит басталғанға дейінгі кезеңде, 2019 жылы 4 және одан көп баласы бар 237 мың отбасы болыпты. Бүгінде алтын құрсақты аналар саны содан екі есеге өскен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша елдегі көпбалалы отбасылардың саны 532,6 мыңға жеткен. Оларға биылғы алғашқы айда бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы түрінде 33,1 миллиард теңге төленді. Салыстыра кетсек, 2022 жылғы желтоқсан айында 530,8 мың көпбалалы отбасы 31,2 млрд теңге жәрдемақы алыпты. Төлем мөлшері бала санына қарай құбылады. Еске салсақ, көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін осы арнайы мемлекеттік жәрдемақыға Қ.Тоқаев Президент қызметіне кіріскен алғашқы жылында-ақ бастамашы болған еді. Нәтижесінде, бұл жәрдемақы түрі 2020 жылдың 1 қаңтарында, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілді. Көпбалалы отбасылардың ауқатты­ларына да, тұрмысы төмендеріне де қатар төленетін бұл жәрдемақы түрі 2022 жылғы 50 976 теңгеден 2023 жылы 55 304 теңгеге дейін артты. Және де жыл сайын ұлғайып отырады. Тұтас алғанда, министрліктің мәлі­метінше, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы көлемі 8,5 пайызға артты. Бұл ретте 2022 жылы көпбалалы от­басы­ларға берілген мемлекеттік жәрдемақы төлемдерінің жалпы сомасы 346,8 млрд теңгені құрады. Бұл соманы былтыр көпбалалы деп танылған 501,2 мың отбасы алыпты. Жаһандық экономикалық дағдарыс, дүниежүзілік пандемиядан туындаған коро­накүйзеліс дағдарыс, Ресей–Украина арасындағы қарулы қақтығыстан туын­даған геосаяси ахуалдың ушығуы ел эко­номикасына да айтарлықтай теріс әсер еткені анық. Соған қарамастан, осындай күрделі кезеңде мемлекет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемесін орындап келеді. Мемлекет басшысы мүгедектігі бар перзенттері бар аналарға жәрдемдесу мәселесін өз назарында ұстайды. 2021 жылы алғаш рет көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылардың балаларына білім гранты берілді. Нәти­жесінде, осындай отбасында өскен 5 мың­нан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды. Ерекше күтімді қажет ететін бала­ларға білім беру үшін бөлінетін қаржы екі есе ұлғайды. Әрбір баланы оқытуға оқу орындарына 730 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді. Аналарға да қолдау көрсетіледі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің байламынша, қазір елде көпбалалы отбасыларды қолдаудың төл ұлттық моделі түзілді. Ол бірнеше мемлекеттік жәрдемақы, төлемнен тұрады. Әуелі сәби сүюді және оны отбасында лайықты бағып-қағуды ынталандыру үшін ана жас босанғанда, оған бір рет бала тууға байланысты жәрдемақы төленеді. «Мемлекеттік бюджеттен бала туғанда берілетін бірреттік жәрдемақының көлемі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бірінші, екінші және үшінші болып дүниеге келген балаға 131 100 теңгені құрайды, ал төртінші және одан да көп бала туғанда 217 350 теңге беріледі» деп түсіндірді министрлік. Одан соң балаға 1 жасқа толғанға дейін ай сайын ел арасында «жөргекпұл» аталып кеткен жәрдемақы беріледі. Атап өтер жайт, Мемлекет басшысының қолдауымен енді бұл жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді. Сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындалған. Ол тек іскер аналарға төленеді. Себебі жұмыс істейтін әйелдер үшін жұмыс берушілері немесе кәсіпкер болса, өзі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) ай сайын әлеуметтік төлем жасайды. Сондықтан бұл төлемнің көлемі әлеуметтік аударымға байланысты. Атап айтқанда, жұмыс істеген ана (немесе оның орнына декреттік демалыс алған әке) үшін баласы 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын төленетін жәрдемақы көлемі оның орташа айлық табысының 40 пайызына тең. Алтын және Күміс алқа иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері­мен наградталған көпбалалы аналардың беделі мен мәртебесін көтеру үшін оларға ай сайын қосымша 22 080 теңге (6,4 АЕК) көлемінде арнайы жәрдемақы төленеді. Бұл қаражат ол аналардың табысына қара­мастан, бөле-жармай бәріне қатар беріледі. Әлгінде айтылғандай, 2023 жылғы 1 қаңтардан бері Қ.Тоқаевтың бастама­сымен 4 және одан көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасына арналған жаңа жәрдемақы түрі енгізілді. 2023 жылғы қаңтардан мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші аналарға берілетін жәрдемақының көлемі 56 794 теңгені құрайды. Бұдан басқа да қолдау шаралары көзделген. Мысалы, жұмыс істейтін аналар бала күтімімен демалыста болған кезде оның зейнетақылық міндетті жарналарын мемлекет бюджеттен аударып тұрады. Осының арқасында оның зейнетақы жинақтары арта береді. Мұның сыртында өмірін бала бағумен отбасы, ошақ қасында өткізген үй шаруа­шылығындағы аналарға ерте, 53 жаста зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік берілді: бұл үшін олар 5 және одан көп баланы дүниеге әкеліп, кем дегенде 8 жасқа дейін тәрбиелеуі шарт. Алтын және Күміс алқа иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағымен, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар бірқатар салық пен мемлекеттік бажды төлеуден босатылды. Президент бастамасымен 2020 жылғы 1 қаңтардан аз қамтылған отбасылардағы 1-ден 18 жасқа дейінгі балаларға кепілден­дірілген әлеуметтік топтама енгізілді. Бұл отбасылардың балалары мектепте тегін тамақтандырылады. Аналар жұмыс істей алуы үшін респуб­ликада 2022 жылы 37,7 мың бүлдіршінге арналған 453 жаңа балабақша ашылды. Осының арқасында 3-тен 6 жасқа дейінгі балдырғандарды мектепалды білім және тәрбиемен, яғни балабақшамен қамту көрсеткіші 98,4 пайызға жеткен. Бұдан бөлек, 2022 жылғы 10 желтоқсан­дағы жағдай бойынша былтыр 106 мың оқушыға арналған 201 жаңа мектеп шәкірттерге есігін айқара ашты. Президент тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жыл­ға дейін жаңа 402 мектепте 842 мың бала­ның заманауи озық білім алуына жағдай жасалады. Өмірдің алтын кілті аналардың қолын­да. Өмірдің иесі ана болмаса, басшы да, батыр да, ақын да болмас еді. Кез келген ұлттың өсіп-өнуі де, өркендеуі де әйел­дерінің бала туу көрсеткішіне байланысты болады. Сондықтан мемлекеттің аналарға қамқорлығы – ұлттың болашағына қам­қорлығы деген сөз.