Бүгінде медиада аналарға қатысты «жолбарыс», «дельфин», «медуза», тіпті керек десеңіз, «тікұшақ» деген теңеулерді кезіктіре аласыз. Әкелер де осы теңеулерге сай келіп жатады. Әдетте бұлай жіктеу бір немесе бірнеше тәрбиелеу стилін ұстана отырып, баласының болашағына ықпал етуге тырысатын ата-аналарды айқындайды. Баланы жастан... Пенсильвания университетін «Жоғары білім беру» мамандығы бойынша тәмамдап шыққан отыз екі жастағы Гүлнұр Көкенова – бес баланың анасы. Бес жылдан бері АҚШ-та тұратын отандасымыз өзі студент бола жүріп, алды – жасөспірім, кенжелері – егіз сәбилерді бағып-қағуға қалай үлгеретініне еріксіз таңғаласыз. Үлкен ұлы Байжан кітап жазып, оны Amazon интернет-дүкенінде сатты, сабағын үздік оқиды, жақында ғана Құрама Штаттардағы ең үздік 10 мектептің қатарына кіретін Masterman High School-ға қабылданды. Қызы Баян да ағасынан қалыспайды: сегіз жасынан бастап торт пісіріп, оны интернет дүкен арқылы сатып, филадельфиялықтардың алғысын алып жүр. Баланы осындай сегіз қырлы, бір сырлы етіп өсіру үшін қандай тәрбие құралдарын пайдалану керектігін Гүлнұрдан сұрадық.
«Балаларға жоспарланған графикпен жүру өте маңызды. Кішкентайында ол – күнде бір уақытта ояну, тамағын ішу, жуыну. Бәрі күнде бірқалыпты орындалса, бала мазасыз күйге түспей, жаңа заттарды зерттеуге құмартады. Сондай-ақ балаға кішкентайынан өз-өзіне қызмет жасап үйрету маңызды. Ас үйде қолы жететін сөреге оның қолданатын ыдысын қойып қойса, бала тәй-тәйлап жүре бастағанынан-ақ дастарқан жаюға көмектесіп, өсе келе әдет болып қалыптасып кетеді», – дейді ол.Гүлнұрдың пікірінше, кейбір кезде баланың іші пысып, өз-өзімен болуы да маңызды. Ол кезде баланың қиялы іске қосылып, өзі-өзіне ойын ойлап тапса, миында жаңа нейрон байланыстары түзіледі. Сондай-ақ кейіпкеріміз «баланың мазасын алмау» деген әдісті де берік ұстанатынын айтты.
«Қазақстанда жүргенде көбіне ата-анадан бөлек, жан-жақтағы адамдардың бала тәрбиелеу ісіне жиі араласатынын, анасының тәрбиелеу стилін «менсінбей», балаға анасы рұқсат етпеген заттарды жасырып беретінін байқайтынмын. Меніңше, бұлайша ананың да, баланың да мазасын алуға болмайды», – дейді Гүлнұр.Шектеу мен өбектеудің арасы Йель университетінің профессоры Эмми Чуаның Battle Hymn of the Tiger Mother атты атышулы кітабынан соң Tiger Mother, яғни «жолбарыс» ана термині танымал болып кетті. Кітабында автор өзінің осындай ана болғанын, соның нәтижесінде қыздары әртүрлі салада керемет жетістікке жеткенін айтады. «Жолбарыс» ана өте қатал, ол баласының табысқа жетуіне кез келген жолмен көмектесуге әзір. Балаларынан күтер үміті көп, ол үшін тәртіп пен баласының мектептегі бағасы маңызды. Эмми балаларына достарының үйіне қонуға, мектептегі қоғамдық шараларға қатысуға және қатыспай қалдым деп өкпелеуге, теледидар көруге, компьютер ойнауға, дене шынықтырудан басқа пәндерден төмен баға алуға, мектептегі қосымша пәндерді өз бетінше таңдауға тыйым салған. Автор мұндай қатал тәрбиені Қытайда бәсекенің тым жоғары болуымен түсіндіреді. «Піл» аналар да болады екен. «Піл» ана – сіз бұрын-соңды көрген адамдардың ішіндегі ең мейірімдісі. Оған баланың мектептегі бағасынан гөрі эмоциясы мен көңіл күйі әлдеқайда маңыздырақ. Еlephant mother термині өз баласымен өте көп уақыт өткізетін пілдермен ассоциация нәтижесінде пайда болған. «Медуза» аналар ертегідегі немесе Дисней фильмдеріндегі аналарға ұқсайды: ол балаларының ешқашан бетін қайтармайды, баласының браузерін тексермейді, баласы сұранған кез келген жерге жібереді. «Білгеніңді істе» деген сөз оның аузынан пассив агрессия ретінде емес, рұқсат есебінде естіледі. Әдетте медузалар тым жұмсақ, белгілі бір пішіні жоқ, былқ-сылқ келеді. Термин де осыны меңзесе керек. «Дельфин» аналар қатал, бірақ шектен шықпайды, баласын барынша түсінуге тырысады. Ол балаға еркіндік бере отырып, белгілі бір ережелерді ұстанады. Достарымен ойнағысы келсе, әуелі ертеңгі сабағын орындап тастағанына көз жеткізеді. Бірақ баласы ауырыңқырап, мазасы болмай тұрса, сабаққа жібермейді. «Дельфин» ана терминін Гарвард университетінің түлегі, психиатр Шими Кан енгізген. Оның ойынша, «дельфин» ата-ана – тым қатал «жолбарыс» ата-ана мен баланы бақылаусыз қалдыратын «медуза» ата-ананың ортасындағы баланс. «Дельфин» аналар бірте-бірте балалардың бойындағы дербестік қасиетін дамытады. Оларға қателесуге, өз қатесінен сабақ алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ түсініксіз жағдайда қалай әрекет етуді үйретеді.
«Тікұшақ» ата-ана болу стилі де бар. Бұл – баланы шектен тыс өбектеу. Мұндай ата-ана баласының кіммен сөйлесетінін, қайда екенін, қандай сайтқа кіретінін үнемі бақылап жүреді, баласының конфликтілерін өздері шешеді, қателесуіне мүмкіндік бермейді, балаға барынша жақын жүруге тырысады. «Тікұшақ» ата-ана термині тұңғыш рет 1969 жылы психолог Хаим Гиноттың еңбегінде кездеседі: онда баланың «анам тікұшақ тәрізді төбемде қалықтап жүреді» деген сөзі келтірілген.Тыюдан – құлаққа құюға дейін Әртүрлі тәрбиелеу стильдері расында баланың қандай болып өсуіне ықпал ететіні жайлы ғылыми-зерттеулер жетерлік. Сүлеймен Демирел университетінің адъюнкт-профессоры Жаңыл Әбілбек бүгінде балалар психологиясында қолданылатын үш негізгі ата-ана стилі – беделді, авторитарлы және либерал ата-ана болудың салдарлары әртүрлі екенін айтады.
«Америкалық психолог Диана Баумринд зерттеу барысында беделді ата-ана бастамашыл, көпшіл, мейірімді бала өсіріп шығатыны белгілі болды. Ата-ана тарапынан бақылаудың жоғары деңгейі, балаларға өсе келе дербестік беру және олармен жылы қарым-қатынаста болудың нәтижесінде балалар әлеуметтік бейімделген, өз-өзіне сенімді, өзін-өзі басқара алатындай болып өседі. Авторитарлы ата-ана шамданғыш, конфликтіге бейім балаларды өсіріп шығарады. Мұндай ата-ана өз талаптарының бұлжымастан орындалғанын құп көреді, баласымен сирек сөйлеседі, қатаң ережелер бекітіп, оны баламен талқылауды жөн деп санамайды. Либерал ата-ананың баласы қызба әрі агрессивті болып келеді. Мұндай ата-ана баласын онша бақыламайды, жылы қарым-қатынас қалыптастырады, бірақ коммуникацияның басым бағыты – «ата-анадан балаға» емес, «баладан ата-анаға». Баумриндтің пікірінше, ата-ана балаға өзінің «шартсыз махаббатын» көрсеткісі келгені соншалық, балаға шектеу қоюды ұмытып кетеді. Олардың балалары сөз тыңдамайды, оғаш қылықтары көп, өз-өзіне талабы төмен, кейбір жағдайда шығармашыл адам болып өседі», – дейді Жаңыл Әбілбек.Ал балалар психологі Жансая Қуатбекқызы қандай жағдайда да әр баланы бөлек тұлға есебінде көріп, соған сай әрекет еткен дұрыс деген тұжырым айтады.
«Балаға белгілі бір талаптар қою, тәртіпке баулу дұрыс, бірақ баланың тұлғасын, индивидуалдығын ысырып қойып, тек өз мақсатыңды көздеу дұрыс емес. Кейбір ата-аналар өз орындалмаған амбицияларына балалары арқылы қол жеткізуге тырысады. Баланың өз қалауынша өткізе алатын уақыты болмауы баланы шаршатады, қажытады, мұның соңы мазасыздыққа, одан кейін неврозға соқтыруы мүмкін. Баладан тек үздік баға мен жетістіктерді талап ету ондағы маңызды әлеуметтену процестерінің, эмпатияның, жетістікке жету үшін қажетті эмоциялық интеллектінің дұрыс қалыптаспауына әкеледі», – дейді психолог.Ардагер-ұстаз Оспан Сүлейменұлынан осы турасындағы пікірін сұрағанымызда, ол тәрбиені ең әуелі ата-ана өзінен бастауы қажеттігін алға тартты. «Балаға ақыл айтпас бұрын өзің үлгі бол. Сөзбен емес, ісіңмен көрсет. Бала бәрібір саған еліктейді. Сен салған соқпаққа түседі», – дейді тәжірибелі педагог. Шынында, ең қиыны да, біздің көбірек назар аударуымыз керек тұс та осы сияқты...