Шымкентте аптаның алғашқы күнінде тапа-тал түсте көшеде қару ұстап, айналасына оқ атып жүрген адам туралы бейнежазба тарады. Шаһардың орталық көшелерінің бірінде қара күртеше киген бойы ұзындау ер азамат қолына қосауыз мылтық кезеніп, айналасындағыларға оқ ата бастады. Бұл сұмдықты көрген тұрғындар тез арада бой тасалауға мәжбүр болды. Оқиғаға куә болғандар оның қолында екі қару болғанын айтады. Бірін қолына ұстап, екіншісімен атқан. Нақты қарсыласы жоқ болса да, себепсізден себепсіз көрінгенге автомат кезеніп жүрген азаматтың бұл әрекеті көпшілікке есі ауысқан адамның тірлігіндей әсер етті. Біршама уақыттан соң оқиға орнына жеткен бірнеше полиция қызметкері пайда болып, оны жан-жақтан торуылдай бастады. Осы сәтте әлгі азамат көшенің бойында тұрған полиция көлігіне келіп отырды. Бос көлікке барып отырған қарулы азаматты полиция қызметкерлері ұстады. Білуімізше, күдікті қолындағы автоматты қару-жарақ сататын «Арсенал» дүкенінен алып шыққан екен. Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 ақпан күні түскі уақытта Тұран АПБ-на Рысқұлбеков көшесінде орналасқан қару-жарақ дүкеніне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел жеткен тергеу тобы осынау оқиғаның куәсі болған. Сатушыға аңшылық мылтық сатып алуға келгенін айтқан азамат артынша оны өзінің қолындағы қаруымен қорқытып, ол жерден «Сайга» маркалы мылтықты бірнеше патронымен қоса алады. Осы кезде дабыл қоңырауы қағылып, күзет агенттігі қызметкерлерінің экипажы да жетеді. Қарулы азамат оларға оқ атып, атыс басталған. Салдарынан күзет агенттігінің қызметкерінің бірі қолынан жарақат алса, екінші оқ күзетшінің бронежилетіне тиген. Кейіннен көшеде оқ атқан жанның 1973 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы екені анықталды. Ол Шымкентте жалдамалы пәтерде тұрады екен. Патрульдік полицейлер мен «Тұран» АПБ криминалдық полициясының жедел уәкілдері ұстаған азаматтан шолақ мылтық пен дүкеннен ұрланған «Сайга» карабині тәркіленген. Аталған факті бойынша Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабына сай қылмыстық іс тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Шымкент қаласы ПД басшысының орынбасары Арман Бисенбаев аталған дерекпен үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. «Қарулы азамат тонау мақсатында аңшылық дүкенге кіреді, бірақ дабыл түймесі өшіп қалса да жеке күзет дер кезінде келген. Біздің болжамымызша, ол өзінің барлық қылмыстық ниетін толық жүзеге асыра алмай қалып, күзетшілермен атысқан», – дейді ол. Ал, көзсіз ерлікке барып, қарулы адамды бірінші болып ұстаған Шымкент қаласы ПД Тұран аудандық Криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі Арман Әріпжанов ерлігі үшін екі еселенген жалақы алды. Ол атыс кезінде басқа бір қылмыстық іс бойынша жақын маңдағы ғимараттардың бірінде бейнажазбаны тексеріп отырған. Бір кезде оқ атылғанын естіп көшеге атып шығады. «Көшеге жүгіріп шыққанымда студенттер, жастар жүр екен, оларға «тез арада тығылып, шетке шығыңыздар» деп ескерттім. Сол жерде колледж бен 3 жатақхана орналасқан. Қылмыскердің соңынан жүгіріп келе жатқанымда ол патрульдік полиция көлігінің жолаушы жағынан кіріп отырды. Мен жалма-жан жүргізуші жағынан кіргенімде ол аяғын жүргізуші жағына өткізіп жатыр екен. 2-3 секунд кешіккенде қарулы азамат рөлге отырып, көлікпен қашып кетер еді. Тез арада қолындағы қаруын алып, арғы беттен келген әріптестеріме бердім», – дейді Арман Әріпжанов. Елдің тыныштығын қамтамасыз етуді бала күнінен армандаған ол 2015 жылдан бері сапта. Бүгінде Шымкент қаласының жаңадан құрылған Тұран аудандық Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі. Арманның айтуынша, қарулы азамат мұны да атпақ болған. «Бейнежазбада байқасаңыздар, ол көшедегі көліктерге қару кезеніп, тоқтатты. Бірақ ешқайсысы тоқтамай қашып кетіп жатты. Соған қарағанда, оның көлікпен қашып кету ойы болған. Мен өзіме жүктелген жұмысты ғана атқарып шықтым. Басты мақсатым – елдің үрейін ұшырған қарулы азаматтың қолындағы қаруды алу еді. Ешқандай қорқыныш болған жоқ», – дейді ол.Полиция капитаны Қаңтар оқиғасы кезінде де елдің тыныштығын қамтамасыз етуге белсене атсалысқан. Шымкент қалалық полиция басқармасы Ішкі істер министрлігіне Арман Әріпжановты Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ұсыныс жолдапты.
Шымкент қаласы