Ауа райына байланысты 5 облыста республикалық маңызы бар жолдар жабық тұр

Ауа райына байланысты 5 облыста республикалық маңызы бар жолдар жабық тұр

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бүгін сағат  09.15-тегі жағдай бойынша 5 өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар жолдар жабық екенін мәлімдеді. Жол қозғалысы шектелген учаскелердің жалпы ұзындығы – 1 025 шақырым немесе республикалық желінің – 4,1%-ы.

«Ақтөбе облысында «Самара-Шымкент» тасжолының Ақтөбе қаласынан Қарабұтақ кентіне дейінгі аралығында және БҚО шекарасынан Маржанбұлақ кентіне дейін барлық автокөлік түрі үшін қозғалыс шектелді. Алматы облысында «Екатеринбург-Алматы» тасжолының Жамбыл облысы шекарасынан Междуреченск кентіне дейін барлық көлік түрі үшін қозғалыс шектелді. Жамбыл облысында «Екатеринбург-Алматы» тасжолы, Бурылбайтал-Ақсүйек ауылдары арасында көліктің барлық түрі үшін жол қозғалысы шектелді. Батыс Қазақстан облысында «Самара-Шымкент» тасжолының Жымпиты-Ақтөбе облысының шекарасы аралығы жүк және қоғамдық көліктер үшін жабық. Қарағанды облысында «Екатеринбург-Алматы» тасжолының Ақсу-Аюлы-Балқаш аралығы барлық автокөлік түрі үшін жабық», – деп жазды "ҚазАвтоЖол".
Кеше түнде 1 100 текше метр көктайғаққа қарсы материал себілген. Ал бүгін республикалық маңыздағы тасжолдарда күтіп-ұстау жұмыстарын атқару үшін 500 бірлік арнайы техника мен 800 маман жұмылдырылды.