Отандық ғалымдардың жаңалықтарын таныстыруға арналған баспасөз туры өтті
Отандық ғалымдардың жаңалықтарын таныстыруға арналған баспасөз туры өтті
388
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми-технологиялық паркі мен ғылыми-зерттеу лабораториялары жетістіктерін таныстыру мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті.  Журналистермен жүздесуде ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев атқарылған істер мен айшықты жобалар жайлы айтып берді.
 «Бүгінде аталған   университетте 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен Ғылыми-технологиялық паркі, 97 өндірістік филиалдан тұратын бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылым қалыптасты. Жыл сайын конкурстық негізде университет ғалымдары іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер бойынша 400-ден астам ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ жалпы көлемі 8,1 миллиард теңге нысаналы қаржыландыру бағдарламаларын іске асырады. Ғылыми институттармен және ұйымдармен интеграция күшейтілді, 21 білім беру бағдарламасы енгізілді, 396 магистр мен PhD докторы оқытуды аяқтады. Өнертабыс пен модельге 400 патент пен авторлық куәлік алынды. Қазақстандық ғалымдардың Scopus-та мақалалар саны артты. Оның 58%-ын жыл сайын ҚазҰУ қызметкерлері жариялайды», – деп атап өтті оқу орнының Басқарма төрағасы–ректор.
ҚазҰУ базасында 2008 жылдан бастап ғалымдар мен студенттердің инновациялық идеяларының табысты инкубаторы ретінде танылған Ғылыми-технологиялық парк жұмыс істейді. Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, Ғылыми-технологиялық паркі мен ғылыми-зерттеу лабораторияларына барды. Журналистерге қазір ҚазҰУ-да жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Технопарк «ТрансНефть» Орталық Азия ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен» бірлесіп, «Сұйық түрдегі ракушка плиткалардың бетіне жағылатын тау жыныстарының поликристалды сынғыш ұнтақты кальций карбонатын жасайтын бірлескен өндірісін құру» инновациялық жобасын іске асыруда екен.  width= Осы жобаны іске асыру мақсатында «Инновация плюс» еншілес коммерциялық ұйымы құрылған. Ол жаңа құрылыс материалының жоғары тиімділігін растай отырып, осы материалды ҚазҰУ ғимараттарының қасбеттеріне эксперименттік қолдану бойынша жұмысты бастаған. Бұл жерде осы уақытқа дейін айына 10 000 текше метр көлемінде инновациялық құрылыс материалдарын өндіру жолға қойылды. Сондай-ақ Технопарк дәстүрлі электр энергиясы жоқ жерлерде электр энергиясын беруге арналған қуаты 2 және одан да көп кВт/сағ телеметриясы бар мобильді автономды гибридті күн энергиясы қондырғысын әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Бұл жобаға ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, "Қазақтелеком" АҚ, ұялы байланыс операторлары, агроөнеркәсіптік кешен өкілдері және басқа да ұйымдар қызығушылық танытыпты.  width= «Инновациялар плюс» компаниясымен бірлескен келесі табысты жоба – «Мұнай ұңғымаларын асфальт-шайыр-парафинді және гидратты шөгінділерден тазарту технологиясы» деп аталады. Ғалымдар әзірлеген автоматты мұнай шөгінділерін тазарту қондырғысы мұнай өндіру кезінде циклдік және күнделікті тазартуды жүзеге асырады, бұл мұнайды үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді. Құрылғы тозуға төзімділіктің жоғары параметрлеріне ие және минималды бақылауды қажет етеді. Құрылғы қолданыстағы тазарту шығындарын 80%-ға дейін оңтайландыруға, тазарту кезінде мұнайдың жоғалуы мен төгілу қаупін азайтуға, пайдалану процесінде «адам факторының» теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Дәрілік өсімдіктердің ғылыми-зерттеу орталығында журналистерге «Өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнімдерді әзірлеу» жобасы ұсынылды. Университет ғалымдары  алғаш рет Қазақстан аумағында өсетін дәрілік және қоректік шөп қоспаларының бірнеше түрінен тұратын табиғи тұнба  жасап шығарыпты. Олар тұмау вирусына, ЖРВИ-ға, сондай-ақ бауыр мен әйелдер денсаулығын сақтауға бағытталған профилактикалық және емдік қасиеттерге ие. Жоба жетекшісі Жарнар Жеңістің айтуынша, өндірілетін өнімнің тұтынушылары фармацевтикалық компаниялар, медициналық мекемелер, ғылыми-зерттеу институттары және басқа да көптеген нарық субъектісі бола алады. Содан соң журналистер ғалым Әмірхан Темірбаев жетекшілік ететін «Әл-Фараби сериясының университеттік наноспутниктерін әзірлеу және құру» жобасымен танысып, процестік инновациялар орталығына барды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кубсат стандартының алғашқы қазақстандық наноспутнигін әзірлеуші. Бүгінде университет екі наноспутникті ғарышқа ұшырды. Cubesat-тар кішкентай көлеміне қарамастан, Марс атмосферасы, астероидтар, күн желісін зерттеу, сондай-ақ нақты уақыт режимінде Жер шарының бетін бақылау сияқты бірқатар технологиялық, ғылыми және білім беру мәселесін шешеді.  width= Бүгінде «Ғылым қоры» қолдауымен Процестік инновациялар орталығы базасында ғарыштық робототехниканы, сондай-ақ еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында STEM-білім беруді дамытуға бағытталған «Білім беру мекемелеріне арналған шағын ғарыш аппараттарының инновациялық конструкторларын өндіру» жобасы іске асырылуда. Қазірдің өзінде 10-нан астам жиынтық сатылды, көптеген мектеп  жаңа AlfaSat конструкторын пайдалануға қызығушылық танытты. Конструкторды еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарына енгізуді жоспарлап отыр. Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертхана мен инженерлік өндіріс зертханасы қонақтарға Данияр Исмаиловтың «Наноматериалдар негізіндегі қабылдағыштар» жобасын ұсынды. Қабылдағыштарда сенсор ретінде заманауи нанотехнологиялық тәсілдер пайдаланылатын болады, бұл шығарылатын өнімнің сипаттамаларын жақсартуға мүмкіндік береді. Оның артықшылығы – нанотехнологияға негізделген сапа, нано саладағы ерекше қасиеттерге байланысты баға тұрғысынан қолданыстағы аналогтермен бәсекелесе алады. Тұтынушылар: мектептер, жоғары оқу орындары, тұрмыстық мақсатта, алдын ала сигнал беру қажет өнеркәсіптер, төтенше жағдай кезінде хабарлау. Келесі Мерлан Досболаевтың «Жаңа технологиялар негізінде жоғары жарықтық қарқындылығы бар энергия үнемдейтін газ разрядты шамдардың шағын сериалы өндірісін ұйымдастыру» атты жобасы БАҚ өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Өйткені ол Т5 және Т8 типті энергия үнемдейтін шамдарды пайдалану арқылы энергия тұтынуды үнемдеу мәселесін шешеді.  Жобаның мақсаты – жарқылдың жоғары қарқындылығымен энергия үнемдейтін газ разрядты шамдардың шағын сериалы өндірісін ұйымдастыру және енгізу. Ұсынылатын шамдардың бәсекелестік артықшылықтары: жарық тиімділігі 20%-ға, жарқырау қарқындылығы 1,5 есе, жоғары сапа және қолжетімді баға. Асқар Жүнісбековтің «Орта оқу орындарында электр құбылыстарын зерделеу үшін зертханалық кешендердің шағын өндірісін ұйымдастыру» жобасы қазақстандық мектептер мен колледждерді білім берудің жоғары стандарттарына сай келетін заманауи оқу жабдықтарымен жарақтандыруға ықпал етуге бағытталған. Автор ұсынған зертханалық кешен автономды, пайдалану және техникалық қызмет көрсетуі қарапайым. 22 зертханалық жұмысты орындауға мүмкіндік береді және арнайы кабинетті қажет етпейді. Баспасөз туры ҚазҰУ ғалымдарының инновациялық жобаларының көрмесі өтетін әл-Фараби Ғылыми кітапханасында өз мәресіне жетті. БАҚ өкілдері ғалымдармен сұхбаттасып, атқарылып жатқан ғылыми жобаларды көзбен көруге және өздерін қызықтырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.