Мемлекет басшысы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады
23 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады.
Президентке «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобының 2022 жылы қол жеткізген негізгі қаржы-экономикалық көрсеткіштері мен жүзеге асыруға жоспарлаған перспективті жобалары туралы мәлімет берілді.Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, өткен жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның негізгі қаржы және экономикалық көрсеткіштері өсті. Бұл биыл бірқатар ауқымды жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Олардың негізгісі 5G желісін жүргізу жобасы болмақ. Аталған міндетті «МТС» ЖШС және «Кселл» АҚ операторларының консорциумы атқарады. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының еншілес компаниялары 2027 жылға дейін еліміз бойынша 7 мыңнан астам базалық станция салуға тиіс. Биыл Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай 486 станция пайдалануға беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Әзербайжан – Қазақстан» бағыты бойынша Каспий теңізінің табаны арқылы тартылатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысына қатысты халықаралық жобаны «AzerTelecom» компаниясымен бірлесіп жүзеге асыру жұмыстары жалғасатыны жөнінде баяндалды. Сонымен қатар биыл ауылдарды одан әрі интернетпен қамтамасыз ету, Қазақстан абоненттерін ескірген ADSL желілерінен оптикаға көшіру, көпқабатты тұрғын үйлерді GPON технологиясы арқылы жылдамдығы жоғары интернетке қосу секілді жобалар іске асырылады.
Кездесу соңында Президент халқымыз бен экономикамыз үшін жоспарланған жобаларды уақытылы және сапалы орындаудың маңыздылығына назар аударды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қалалар мен ауылдық жерлердегі телекоммуникация желілерін одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін халықаралық деректер трафигінде желілік инфрақұрылымды өркендету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.