Фин мен қазақ арасындағы серіктестік
Фин мен қазақ арасындағы серіктестік
373
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі, Сауда-экономикалық ын­тымақтастық жөніндегі қазақ-фин үкіме­т­аралық комиссиясының тең төрағасы Вилле Скиннариді қабылдады. Мемлекет басшысы министрге ілтипат білдіре отырып, фин делегациясының сапары екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылда Финляндия Солтүстік Еуропа мемлекеттері арасында эконо­микамызға ең көп инвестиция құйған екінші елге айналды. Сонымен қатар Финляндияның Орталық Азия елдерімен сауда айналымының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің сауда-экономикалық, көлік-логистика және білім беру салаларындағы серіктестігін нығайту маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы фин кәсіпкер­лерінің Қазақстанға құятын инвестициясын ұлғайта түсу үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Вилле Скиннари құрметпен қабыл­дағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әлеует мол екенін мәлімдеді. Министр Қазақстанға сапармен келген делега­ция құрамында Nurminen Logistics Plc, Nokia, EastCham Finland, Business Finland, Lamor, WärtsiläFinland, PayIQ, EPSE секілді 15 ірі фин компаниясы­ның өкілдері бар екенін жеткізді. Алдағы кездесулер барысында сауда-эконо­ми­калық байланыстарды нығайту мәселелері тал­қыланады. Бұдан бөлек, фин тарапы Астанадағы Финляндия елшілігі жанынан Орталық Азия елдерінің азамат­тарына қызмет көрсететін виза хабын ашады. Әңгімелесу барысында халықаралық және ай­мақ­тық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де тал­қыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Саули Ниинистёге ізгі тілегін жолдап, Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.