Танымал топпен кездесу
Танымал топпен кездесу
351
оқылды
Елордада Bolashak Bright қайырымдылық платформасының тұсаукесері өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жобаның мақсаты – жомарттық жасаудан жарысқа түсу. Шараға елдегі бірқатар қайырымдылық қорының өкілдері, жоба серіктестері, журналистер мен блогерлер қатысты. «Болашақ» корпоративтік қоры қам­қор­шылық кеңесінің басшысы Динара Гапланның айтуынша, кез келген адам bolashakbright.kz онлайн платформасы арқылы қайырымды іске қол ұшын бе­руге атсалысуға болады. Жиналған қара­жат Қазақстанның қайырымдылық қор­ларының жобаларын іске асыруға жұм­салмақ. Ал қайырымдылық қорларына жәрдем бергендер бағалы жүлделер мен сыйлықтардың ұтыс ойынына қатысып, бағын сынай алады. Ол үшін бар болғаны 23 ақпан мен 23 наурыз аралығында www.bolashakbright.kz сайтында ниет біл­діргендердің барлығынан 1000 теңгеден бастап және одан жоғары қайырымдылық жарнасын аударса жетіп жатыр. Айдың соңында қайырымдылық жасаушылар арасында ұтыс ойыны өткізіліп, жеңімпаз бағалы жүлдеге ие болады. Бұл ғана емес, жоба үйлестірушілерінің жаны жомарт жеңімпаздар үшін дайындаған тосын­сыйы бар. Ол – қайырымдылық шара­сына атсалысып, ұтысқа ие болған жеңім­пазды танымал адаммен ланч үстінде кездесу ұйымдастыру. «Айта кету керек, ай сайын қаражат бағытталатын қордың немесе жобаның, шақырылған қонақ пен ұтыс жүлдесі өзгеріп отырады. Әр процесс ашық, әділ болады, оның әрқайсысын жоба сайтынан немесе әлеуметтік желілерде кез келген адам бақылай алады», – дейді Динара Гаплан. Бірінші ұтыс ойынының жеңімпазы танымал Ninety One музыка­лық тобының мүшелерімен бірге ланчқа барып, көкейде жүрген сауалын қойып, сұхбат жасауға мүмкіндік алады. Алғашқы жиналған қаражат буллезді эпидер­молизбен ауыратын 8 жасар Тимур Сиди­ров­тың екі қолының саусақтарын ажы­рату бойынша ота жүргізу үшін Kobelek Balalar қорына аударылады. Қаражаттың жұмсалуы туралы есепті де елдің көкейіне күдік тудырмау мақсатында ұйымдас­тырушылар жобаның сайтында жария­лауды жөн көрген екен. Соңғы жылдары елімізде қайырым­дылық­пен айналысып жүрген қорлардың саны арта бастады. Дегенмен әлі де болса көмекке мұқтаж жанның қажетіне қол ұшын созу кең таралмаған. «Биыл біздің қорға 12 жыл толды. Осы жылдар бойы біз елімізде қайырымдылықты жүйелі түрде дамытып келеміз. Соңғы жылдары біз басқа да қордың жүйелі дамуына көмектессек, оларға қолдау көрсетсек деген ой келді. Осы арқылы қайырым­дылық мәдениетін қалыптастырып, қайырымды іс жасау оңай екенін көр­сеткіміз келеді. Bolashak Bright жобасы арқылы жанашыр азаматтармен бірге тамаша бастамалар мен жобаларды қол­дай алатынымызға сенімдіміз. Жобаның артықшылығы сол, әрбір қайырымдылық жасаушының бағалы сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне ие болады», – дейді Динара Гаплан. Қайырымдылық ұйымдарынан қорға барлығы 20-дан астам өтініш келіп түскен. Соның ішінен жоба үйлестіру­шілері бірнеше жылдан бері тығыз жұмыс істеп келе жатқан Kobelek Balalar қорына таңдау жасапты. Ал ұйымдастырушылар алғаш қолға алынып отырған жобаға Ninety one тобын аттай қалапты. Өйткені қазір танымал топтың жанкүйері өте көп, жастар арасында танымал. Сондықтан да қордың тұсаукесеріне арнайы шақырыл­ған топ мүшелеріне ұсыныстарын қабыл алып, қайырымдылық қорымен бірге жұмыс істеуге келіскені үшін алғысын білдірді. Шара соңында әнші жігіттер тыңдармандарының сауалына жауап беріп қана қоймай, топтың алдағы уақытта республиканың бірқатар өңірінде өткізетін кез келген концертіне кіруге мүмкіндік беретін 2 билетті және қосымша сыйлықтарды ойнатты. Кездесуде сөз алған топ мүшесі Дулат Мұхаметқали топ атынан қайырымдылық қорына қатысуға шақырту жібергені үшін алғысын айтты. «Бізге әртүрлі ұсыныстар түседі. Кез келген ұсынысты сүзгіден өткізуге тырысамыз. Ұсынысты қарайтын кісілер бар. Олар алдымен біздің де ой-пікірімізді білуге тырысады. Содан кейін ортақ шешімге келеміз. Соның ішінде қайырымдылық қорлардан ұсыныс көп түседі. Алайда қазір көптеген қорда аудит тексерген кезде ақшаларды қайда аудара­тыны және қалай қажетке жұмсалатынын көруге мүмкіндік жоқ. Ал бұл қорда тәуелсіз аудит жасауға болады екен. Түс­кен ақшаның қандай мақсатқа жұмса­латынын, нақты кімге көмек берілетіні туралы да біліп отыруға болады екен. Сол себепті біз ашық жұмыс істейтін қорға қолдау көрсетуге бірден келістік», – дейді топ солистері. Сондай-ақ олар «қайы­рым­дылық – қайырымды іс» екенін айтады.