«Мас» қатын
«Мас» қатын
530
оқылды
Людмила Остапенконың құлағы дың, жүрегі зың ете қалды. Мазасы қашып, көздері бұлдырады. Қан қысымы жаман құлдырады. Дереу, Жамбыл облысына қарасты Тараз қалалық жедел жәрдемге хабарласты. – Ал-ло. Же-жедел жәрдем бе екен? – деп сұрады ол тілі күрмеліп. – Морг емес қой енді. – Мне п-плохо... – Ішіп алғансыз ба? – Д–да-да ну.... – Не іштіңіз? – Шай. – Қуып тұрсыз ғой? – Біртүрлі, с-суып тұрмын. – Массыз ғой? – Ж–жоға, тез келіңіздерші? Я дышать не могу, уже... – Зәкөске иіскеңіз... Остапенконың жаны қиналды. Ішпесе де, ішкендей көріп, селқос жауап берген диспетчер қызметкеріне ашуланды да, хабарласпай қойды. Үйде жалғыз еді. Жасы қырық алтыда. Ойда жоқта бұрын жүрегіне операция жасатқаннан ба, сыр беріп тұрғаны... Шыдай алмаған соң қайта телефон соқты. – Алло. Дышать не могу. – Аузыңызды ашып, терең дем алыңыз. – Дышать... – Алкоголь принимали да? – Да, нет же, какой алкаголь? – Қандай арақ? «Зерно»? немесе «Давай, мас болайық!?» – Я вам говорю, у меня аневризма, отслойка. – Ауырып жүрсеңіз, неге ішесіз? – Алло... Арғы жақтағы трубканы қоя салды. Остапенко одан бетер қысылды. Сөздерін бөліп-бөліп, әрең сөйлегені жанына батты. Тұншығып барады. Сағатына қарады. Кезерген ернін жалады. Сосын қайта хабарласты. – Алло? – Не болды сізге? – Я не пью! – Ой, өтірікшііі... – Кардиобригаду отправьте! – Алқаштарға қызмет епейміз. – Я не ішпею. –Ішіп алғансыз-ау? – Честно. – Айта бересіз. – Я не ішпею! – Даа? – Ой, мне плохо. – Бірінші рет іштіңіз бе? Үйреніп кетесіз. – Ой, мама... – Мамаң екеуіңіз ішіп отырсыз ба? – Блин... – Блинчик жеп отырсыз ба? – Өлдім! – Ішкіштердің бәрі солай айтады. – Ұятсыз! – Ммм.. – Да, сколько можно, а? – Все, ваш вызов принят, ожидайте. Негізі, жедел жәрдем деген 15 минөтте жетіп келуі тиіс қой. Кешігіп келді. Кешіккені сол, Тараз қаласының тұрғыны Людмила Остапенко ауруханаға бара жатқан жолда жантәсілім етті. Егер уақытында келгенде өмір сүрер ме еді... Бір емес, үш бірдей диспетчер «Сіз мас емессіз бе?» деген сұрақтың астына алып, уақытты «умаждап» өткізіп алған ғой. –Бір емес, үш мәрте телефон соққан, Сөйлеуге мұршасы болмай, жүрегі ауыратынын әрең түсіндіріпті. Қызым өзінің ішімдік ішпегенін түсіндіре алмапты. Ақ халаттылар, басшылары жауап беруге тиіс! –дейді Людмиланың анасы Наталья Остапенко. –Хабар жеткен кезде әр сұрақты сағыздай созып, шайнай бергенше, тезірек жеткенде сіңлім аман қалар ма еді? Біз кінәлілерді қатаң жазаға тартуды талап етеміз! Бұл бәріне сабақ болуы тиіс! – деп жылайды Людмиланың әпкесі Ирина Шаевская. Жамбыл облысы жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлзахира Қызқараева ханым «Қоңырау екінші санатпен қабылданды. Өйткені науқастың өзі телефон соғып тұрды. Бірінші қоңырауды қабылдаған диспетчерді жұмыстан қимастықпен шығарып салдық!» деп қана жайбарақат отыр. Міне, ХХІ ғасырдың жедел жәрдемі осындай. Биыл шақырсаңыз, «ендігі жылы» келуі мүмкін...Масқара!

Мұхтар ШЕРІМ