Құдайдан қорықпағандар

Құдайдан қорықпағандар

Бүгінде шайтанның өзін алдап жіберген кешегі Алдаркөсе жәкетайымыздың «жансыздары» жер бетінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап жүр. Шайтандай өріп жүрген олардың қулық-сұмдықтарына найза бойламайды. Баланы алдады. «Бала неме алданып қалған ғой» дедік те қойдық. Шаланы алдады. «Шала шалалығын жасаған ғой» дедік те қойдық. Енді дананың өзін сан соқтырып кеткенде не айтарымызды білмей дал болып отырмыз. Кімге кінә артамыз? «Айналайындар-ау, дап-дардай болып, бармақтай бәлекеттерге алданып қалғандарың қалай?» десек, ата сақалы аузына түскен ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар жатып кеп өкпелейді. Қош! Ай мен Күннің аманында алданып қалғандар кімдер? Олардың ұзын-ырғасы үш жүз адамнан асады. Сірә, осынша адамды қан қақсатып кеткендер де тегін болмағаны ғой. Тегі солар шайтанның туыстары болып жүрмесін? Өйткені жасаған қыл­мысына қарасаңыз, аумайтын шайтанның ісі. Тумасынан адам­затқа қарсы шайтекеңдер пенде шіркінді адастыруға келгенде алдына жан салмайтын еді ғой. Бұлар да солардың сортынан. Таяуда ғана Шымкент пен Алматының бір топ азаматы «Турфирмаға алданып қалдық» деп шырылдады да қалды. Тур­фир­маға алданып қалғандар аты аталған екі қаланың тұрғындары ғана емес екен. Республикамыздың әр түкпірінен бар болып шықты. Сонау Оралдан бастап Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, тағы басқа да облыстардан алданғандар жетерлік. «Мекке мен Мәдинаға апара­мыз. Қажы етіп қайтарып, Құдай­дың өзіне тура апаратын түзу жолға салып жібереміз. Барлық кінәларыңыз кешіріліп, елге судан таза, сүттен ақ болып ораласыздар. Мұсылмандықтың бес парызының бірі қажылыққа барудың орайы келіп-ақ тұр. Қажылық пен Умраға барып қайту су тегін арзан» деген соң еліміздің әр өңірінен ниет етушілер табыла кеткен. Енді ше, мұндай қамқорлықты екінің бірі жасай бермейді. Сәтін салып тұрғанда мүмкіндікті мүлт жіберуге бола ма? Өздерін «Кәусар-тревел» ту­ристік фирманың өкілдеріміз деп таныстырған, жалаңдаған қыз­мет­керлер жұртшылықты үгіттей бастайды. Анау-мынау емес, Құдай жолына, мұсылмандықтың бес парызының бірін өтемекке сапарға шығатын болған соң ниет етушілер оларға имандай сенеді. Жолдама құны бар-жоғы 500-600 мың теңге көлемінде еді. Алданғандардың ішінде алма­ты­лық Абзал Айтмолдаев тіптен күйіп қалды. Ол отбасындағы алты адамға жолдама алыпты. Ал ақтөбелік 73 жастағы Жасқайрат Әмірғалиев жұбайымен жұбын жаз­бай өмір сүріп келе жатқан­дарына 45 жыл толыпты. Соның құрметіне балалары 1 миллион 200 мың теңгеге Умра қажылыққа жолдама сатып әпереді. Умра қажылыққа талапкерлер арасында студент те бар. Абзал Айтмолдаев та турфирма қызмет­керлерінің алдауына түсіпті. Бүгінде Абзал да турфирмаға өт­кіз­ген қаржысын қайтара алмай жүр. Ең өкініштісі, фирма басшы­сының «Меккеге әне ұшасыздар, міне ұшасыздар» деп Алматы мен Шымкенттің арасына сандалтып қойғанында болып тұр ғой. Онда барады, ұшақ жоқ, мұнда келеді ұшақ жоқ. Әуежайдағылар «бізге мұндай тапсырыс та, теңге де түскен жоқ» деп алақандарын жаяды. Сонда соншама адамды сендіріп, жинап алған теңгелер қайда кет­кен? Аузы күйген жолаушылар енді құзырлы орындарға шағым­дан­бағанда қайтеді? Ал тап осы фирма Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмұрзаев пен жұбайынан 1 миллион теңге алып, Меккеге ұшырып жіберіпті. Жарқын мен жұбайын онда ешкім қарсы алмаған. Қонақүйден оларға орын қарастырылмаған. Қайтарға да билеттері жоқ. Ала шыққан теңгелері тез-ақ таусылыпты. Өйткені мұнда тамақ қымбат екен. Олардың осындай жағдайын кездейсоқ біліп қалған қазақтар жиналып, екеуіне көмектесіпті. «Кәусар-тревел» туристік фирмасы ешқандай құзырлы органдарға тіркелмеген болып шықты. Оны былай қойғанда, жер-жерге барып, адамдарды алдап ақша жинап жүрген олар­дың басыбайлы баспанасы да жоқ. Заң бойынша фирмалар министрлік жанындағы тур­агенттік реестрінде арнайы тір­келуі тиіс. Бұл жөнінде «Туристік қамқор» қорының төрайымы Инна Рей былай дейді: – Умра мен қажылыққа апа­ратын компаниялар да «Туристік қамқор» қорының тізімінде тұрады. Осы жерде назар ауда­ратын бір жайт бар. «Кәусар-тревел» туристік фирмасы тізімде жоқ. Тіркелмеген. Тұрғындар қызмет көрсетудегі заңсыздық­тарға тап болып отыр. Егер сіз қандай да бір шетелге шыққыңыз келсе, фирмадан не компаниядан туристік кодты талап етуіңіз керек. «Кәусар-тревел» туристік фирмасының басшысы 27 жастағы Медет Мекебай тепсе темір үзетін-ақ жігіт. Алайда оның сол қайратын адал іске емес, алаяқтыққа жұмсап жүргені қынжылтады. Шағымдану­шы­лардың басым көпшілігі оның алғашқыда әне-мінемен алдап келгенін, соңында телефонын мүлдем өшіріп тастағанын айтады. Медет жуырда жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынып жатқан жерінен қолға түсті. Қазір оның үстінен Алматы қалалық Ішкі істер департаменті қыл­мыстық іс қозғады. Жалпы, елімізде өз міндетін орындамай, тақыр жерге отыр­ғызып кететін компания көп. Мә­се­лен, Астана қаласындағы «Травэллерс. КZ» компаниясы Әсия Әділбекова, Фариза Үкен­ова, Әлия Тұрдығұлованың 7 мил­лион теңгесін алаяқтық жолмен алдап алып, не міндеттерін орын­дамай, не ақшасын қайтарып бер­мей әуре-сарсаңға салып қойған. Ресейлік «Натали турс» ту­ристік фирмасы 31 қазақстан­дықты шетелге шығарып, қызық­тың көкесін көрсетеміз деп 19 мил­лион теңгелерін қақшып алып, артынша жоқ болып кеткен. Алданып қалғандар індетіп іздеп кеп бергенде бұл фирма да ешқан­дай жерде тіркелмеген болып шық­қан. Шетелдіктердің де шекесі шыл­қып тұрмаған көрінеді. Айталық, португалиялық атақты футболшы Криштиану Роналду­дың да бұрын істі болған туристік агент бірнеше жүз мың еуросын қалтасынан қақшып кеткен. Жә, осымен тоқтай тұралық. Жалпы, шетелдерге шыққыңыз келіп, шыдамыңыз шегінен шығып бара жатса, әуелі туристік агенттіктердің, компаниялардың құжаттарын сұрауды ұмытпаңыз. Жоғарыдағылар сияқты есік күзетіп қалмайсыз. Біздіңше, ең тиімдісі шетел асып шығындал­ғанша, атамекеніміздегі тарихи, табиғи орындарды аралау. Сонда туған жерге аз да болса пайдаңыз тиеді. Қаржы өз елімізде қалады. Жуырда бір танысым «Біз мынадай бір туристік фирмаға тіркелдік. Ай сайын 100 доллар төлеп тұрасыз. Қаржыңыз жеткі­лікті болғанда сізді қажылыққа тегін апарады. Сондай-ақ соңыңыз­дан адам жинасаңыз, ай сайын айлық алып тұрасыз», – деді. Бұл неткен батпан құйрық? Иілігін көргендер, бәлкім шын­дығын айтып отырған шығар. Қалай дегенде де сақ болайық­шы. Шайтандардың ісі көбейіп кетті ғой...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ