Жақсы тренд – жаңа мамандық
Жақсы тренд – жаңа мамандық
671
оқылды
Nielsen компаниясының мәліметінше, 2021 жылы әлемде көркем әдеби шығармалардың сатылымы 2019 жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Мамандар мұны пандемия кезінде адамдардың бос уақытын өткізу дағдысының өзгеруімен байланыстырады. Осы орайда, жаңа мамандық иесі пайда болып үлгерген: кітап стилисі. Ол кім және немен айналысады? Байқасаңыз, әлемдегі танымал адам­дардың арасында жақсы тренд пайда болды – олар кітап оқитын хоббиін, сүйікті шығармасын көпке көрсетуді әдетке айналдырды. Көптеген жұлдыздың не оқитыны фотографтардың объективіне түсіп, ал кітап таңдаудағы талғамын БАҚ та, басқа да талқылауда. Ел назарына іліккендердің қатарында белгілі режис­сер, әнші, актерлер бар. Олардың қолына кітап ұстатқан, дәлірек айтқанда, нақты қай жерде қандай шығарма оқып, көзге түсу керегіне кеңес беретіндер – осы кітап стилистері. Олар танымал тұлғаның болмысын ашатын, айтар ойын қоғам назарына жеткізетін туындыларды таң­дап береді. «Кітап – сыртқы сұлулығынан бөлек, ішкі әсемдігін паш еткісі келетін адам үшін мінсіз аксессуарға айналды» деп жазған New York Times газеті АҚШ-тағы танымал «жұлдыздардың кітап стилисі кім?» деген сауалға жауап іздеп көрген. Журналистердің бол­жамынша, ол – 32 жастағы Кара Прейс, оның әке-шешесі – Лос-Анджелестегі ірі баспагерлер. Кара атақты актриса, әнші Эмма Робертспен бірге жүргізетін кітап клубында көптеген танымал адамдармен танысып, оларға кітап таңдауға көмектесе бастаған әрі қазіргі уақытта да тығыз жұмыс істейді. Десе де, Кара өзінің кітап стилисі екенін мақұлдамайды, жоққа да шығармайды. Бұл орайда сарапшылар ара­сында екі түрлі пікір бар. Бірі – стилистер кітап оқу мәде­ниетінің жаңаша да­муы­на дем беретінін алға тартады. «Танымал адамдардың жеке фан-клубы, миллиондаған жазылушысы бар. Кез келген жұлдыз өзінің сүйік­ті кітабын көптің назарына ұсыну арқылы олардың сол әдебиетпен танысуына ықпал етеді. Әр атақты адамның оқыр­мандарының белгілі бір пайызы кітап оқуға ынталанатын болса, жаңаша мәдениет қалыптасатыны анық», – дейді белгілі кітап стилисі Дженна Хипп. кітап оқу Мұнымен келіспейтін тарап стилистер кітап оқудың құндылығын насихаттауға айта­р­лықтай ықпал етеді де­генге сенбейді. Олардың айтуынша, танымал адамдардың кі­тап ұстап, ка­мера объек­тивіне түскені – әншейін көзбояушылық. Олардың көбі қолындағы шығармасын бастан-аяқ оқып көрмеген дейді. Мәселен, пандемия кезінде әлемдік жұлдыздардың көбі Zoom көмегімен өз үйінде сұхбат берді. Солардың бірі – британдық әнші Адель арнайы кітап дүкеніне барып, түрлі туындыларды сатып алған. Оның себебін видеосұхбат беретін бөлменің фонын безендіру қажеттігімен түсіндіреді. «Артқы фондағы кітаптардың бәрін оқығансыз ба?» деген тілшінің сұрағына Адель: «Бүгінде кітап – көбіне безендіру құралы, ал шығарма оқуға қызығатындар смарт-құрылғылардың көмегімен онлайн оқи ала­ды» деп жауап береді. Сондай-ақ стилистер – ірі баспалардың тап­сырысын ғана орындайтын маркентинг мамандары дейтін пікір де бар. Десе де, бұл кәсіп қазір трендке айна­лып, түрліше құбылып дамып келеді. Мәселен, АҚШ-та кітап стилистері танымал адамдарға көптің алдына шығатын кітап таңдап беріп қана қоймай, стилді кітапхана ұйымдастырумен де айналасады. Стилист Тэтчер Вайнға АҚШ-тағы атақты жұлдыздар үйінің кітапханасын безендіру үшін жүгінеді. Мә­селен, Гвинет Пэлтроу Лос-Анджелес­тегі үйіне жөндеу жұмысын жасаған кезде Тэтчер Вайн оның кітапханасына 600 кітап таңдап берген. Мұнда кітаптың үйдің безендіруіне үйлесуі ғана емес, туындылардың мазмұн тұрғысынан үй иесінің болмысын ашуы да маңызды. Вайн о баста сирек кездесетін кітаптарды жинау және оны сатумен айналысқан. Бірде ол 3000 кітап қоры бар кәсіпкердің үй кітапханасын безендіріп, осы идеясын әрі қарай дамытамын деп шешкен. Жаңа мамандық түрі АҚШ-та бастау алды, бүгінде тек бірқатар Еуропа елдерінде қарқын ала бастады. Ал Азия елдерінде бұл салаға айтарлықтай сұра­ныс жоқ. Десе де, баспагерлер бұл кәсіп­тің болашағына сенеді.