Омбудсмен шенеунік емес, шын жанашыр болса...
Омбудсмен шенеунік емес, шын жанашыр болса...
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
335
оқылды
Елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен институты енгізілмек. Жаңа институт жұмысы қалай ұйымдастырылады, қызметін қалай жүргізеді деген сауалдар бойынша осы заң нормаларын әзірлеген ведомствоға қойып, тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын қоғамдық ұйым сарапшыларының пікіріне құлақ түрдік.
Айта кетерлігі, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасын­да тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен инсти­туты нормалар қарастырылған. Аталмыш заң жобасында еліміздегі тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі Омбудсменге қатысты нормалар 2024 жылдың 1 қаң­тарынан енгізіледі деп көрсетілген. Алай­да комитет бізге бірген жауабында бұл мерзімді «Парламент заң жобасын қараған соң, ондағы нормалар қай уақытта қолда­нуға енгізілетіні түпкілікті анықтайды» деп көрсетті.
Тұтынушы құқығын таптауға жол бермейді Бастысы, Омбудсмен институты үкі­меттік емес ұйым болады.
«Омбудсмен тұтынушылардың құқық­тары мен заңды мүдделерін қорғау және қал­пына келтіру міндеттерін шешуді қам­та­масыз ету мақсатында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті тағайын­ дайтын тұлға болады. Ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведом­ствоаралық кеңестің міндетті мүшесі болады. Омбудсменді Президент қызметке төрт жыл мерзімге тағайын­дайды», – деп көрсетілген заң жобасында.
Айта кетерлігі, Батыс Еуропада бұл институт толық қалыптасқан. Ал дамушы елдерде түрлі нұсқада біртіндеп дамып келеді. Соңғы жылдары көптеген елде омбудсмен мекемелері құрылып, оған қатысты заң қабылданып, адам құқығын қорғауға қатысты мәселелерге айрықша мән беріліп келеді. Омбудсмен институты – тұрғындардың шенеуніктің әрекетіне немесе адам құқығы бұзылуына қатысты шағымданғанда ақысыз әрі жедел әрекет етуге, шешім қабылдауға мүмкіндік бе­реді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті әзірлеген заң жобасы бойынша Омбудсменнің міндетіне тұтынушылардың өтініштерін қарау, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы істердің жай-күйі туралы оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстармен жыл сайынғы талдамалық баяндама дайындау және оны БАҚ-та тарату, Президентіне қарауына ұсыну кіреді. Сондай-ақ мемлекеттік және жергі­лікті атқарушы органдарға заңды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік-құқықтық актілерді бұзатын шешімдерін тоқтату немесе күшін жою туралы ұсыным береді. Тұтынушылардың құқығын бұзуға кінәлі адамдарды Қазақстан заңдарына сәйкес жауапкершілікке тарту мақсатында мемлекеттік және құқық қорғау орган­дары­на жүгінеді. Сонымен қатар тұтыну­шылар арасында ақпараттық және ағарту жұмыстарын жүргізіп, олардың құқықтық сауаттылығын жетілдірумен айналысады. Омбудсмен өз қызметінде тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық акті­лер­дің, стандарттау жөніндегі құжаттардың және техникалық регламенттердің жоба­ларын әзірлеуге қатысады. Тұтынушы­лардың құқығын қорғау саласындағы сот практикасы мәселелері бойынша ұсыныстармен Жоғарғы Сотқа жүгінеді, тұтынушылар тобының (өтінішсіз, фак­тілер анықталған немесе ақпарат болған кезде) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін талап қою отырып сотқа жүгінеді. Тұтынушыларға консуль­тация­лық көмек және өкілдік қызметтер көр­сетеді. Омбудсмен лауазымына тағайын­дала­тын адамға мынадай талаптар қойылады. Үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болуы және елде соңғы он жыл бойы тұрақты тұруы тиіс. Жасы 35-тен асқан, жоғары білімді, қазақ және орыс тілдерін меңгерген болуы қажет. Жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда кемінде бес жыл тәжірибесі болуы керек. Ведомствоның мәлімдеуінше, Үкі­меттің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес заң жобасын Үкіметке қабылдау сәуір айында жүргізіледі. Жаңа құжат Парламентте маусым айында қаралады деп жоспар­ланған. Еске сала кетсек, былтыр Тұтыну­шылардың құқығын қорғау комитеті аталмыш заңға түзетулердің 2-пакетін дайындап шыққан еді. Комитеттің берген мәліметіне жү­гінсек, бүгінде республикада тұтынушы дауларын сотқа дейінгі реттеу субъек­ті­лерінің тізбесінде 193 қоғамдық бірлестік, өзін-өзі реттейтін ұйым және қоғамдық бірлестік тіркелген. Ең көбі Астанада – 49, Алматы қаласында – 34 ұйым бар. Салық органдарының мәліметіне сенсек, оның 50-ден астамы тұрақты қызмет етіп келеді. Осы тұста елімізде 200-ге жуық тұты­ну­шы құқығын қорғайтын ұйым бар болса, омбудсмен институты осы ұйым­дардың қызметін қайталамай ма? деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа ко­митет өкілі «жоқ, қайталамайды» деп жауап берді.
«Қазір Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша біршама қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Алайда олардың қызметінде біртектілік жоқ. Оған қоса, біреулері тұтынушылардың құ­қығын қорғау жұмысына белсенді қатысса, кейбірі тиісті деңгейде қатыс­пайды. Заң жобасында ұсынылған Омбудсмен институты тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қызметін үйлестіру жө­ніндегі міндеттерді шешуге бағытталады. Сондықтан оның мәртебесі бизнес ом­будсменнен төмен болмауы керек» делінген жауапта.
Ведомство омбудсменнің мәртебесі бизнес омбудсмен деңгейінде болуын былай түсіндіреді. Соңғысы кәсіпкерлік қызметтің түрлі аясында бизнес қауымдас­тықтарымен бірге және олардың жұмыс­тарын реттеу үшін жұмыс істейді. Яғни, омбудсмен институты біздің қоғам өмірінің түрлі салаларының ажырамас бөлігіне айналған. Осы мақсатта комитет омбудсмен ин­ституты бар Швеция, Германия, Польша, Перу және т.б. сияқты елдердің халық­аралық тәжірибесін зерттеп шыққан. Осы тәжірибеге сәйкес мемлекет «саналы» әкімшілік реттеуді жүзеге асырып, ал мемлекеттен тыс институттар тұтыну­шы­лардың бұзылған құқығын қалпына келтіруге жәрдемдеседі деген тұжырым жасаған. Зерттелген халықаралық тә­жірибе реттеушілік саясаттың консуль­тативтік құжатында қоса берілген. Сондай-ақ, комитеттің 2022 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамасында респонденттердің көпшілігі тұтынушы­лардың құқықтарын қорғайтын омбуд­смен институтын құру елдегі тұтынушы­лар­дың құқығын қорғау жағдайын жақ­сартады деп көрсеткен.
«Өз қызметін қамтамасыз ету және өз функ­ция­ларын іске асыру үшін Омбудс­мен Қазақстан Республикасының ком­мер­циялық емес ұйымдар туралы заңнама­сына сәйкес коммерциялық емес ұйым нысанында заңды тұлға құра алады не мұндай заңды тұлға жұмыс істеп тұрған коммерциялық емес ұйымдардың базасында құрылуы мүмкін» деген жауап берілді.
Білектімен белдесуде бедел керек Біз пікірін білген «Қазақстан тұты­нушы­ларының республикалық қауымдас­тығы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшесі Тұрсын Жағыпарова омбудсменді тікелей Президентке бағынатын етуді ұсынды.
«Бұл заңға енгізілетін өзгерістер екі жылдан астам уақыт талқыланды. Мен сарапшы ретінде жұмысшы топтың мүшесімін. Жалпы, омбудсменнің екі түрі бар. Біздің талқылап жатқан жобамыз – үкіметтік емес ұйым жайында. Қоғамдық омбудсмен бизнесте, қаржы қызметі саласында бар. Менің ойымша олардың пайдасы аз, қызметі қоғамдық бірлестік­тердің жұмысын қайталайды. Менің ұсынысым бойынша омбудсмен тікелей Президентке бағынатын болуы тиіс. Өйткені еліміздегі әрбір азамат ол тұтыну­шы, ол дүниеге келгенде акушер қызметін пайдаланады, дүниеден өткенде оған жерлеу қызметі көрсетіледі дегендей ол өмір бойы тұтынушы болып қалады. Елімізде қазіргі әлеуметтік қайшылықтың туындауының басты себебі тұтынушының алған тауарына, бағасына, көрсетілген қызметіне қанағаттанбауынан», – деді Тұрсын Жағыпарова.
«Тұтынушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахметжанова бұл институттың құрылуын қолдайтынын жеткізді.
«Тұтынушылардың, бизнес өкілдері­нің заңда көрсетілген құқықтары сақтал­май жатады. Біздің саладағы әрбір ұйым осы мәселені шешу үшін еңбек етеді. Омбудсмен институты да осындай мақсатпен іске кірісуі керек. Мен көп шетелдіктермен жұмыс істеймін. Соларға «еліміздегі тұтынушылар құқығына қа­тысты заң сапалы әзірленген. Алайда оның орындалуына жауапты ведом­стволардың салғырттау» деп айтамын. Сондықтан тұтынушылар құқығын қор­ғауға жауапты омбудсменнің көз­қарасы осы бағытта болуы тиіс. Алайда «осы ұйымды басқаратын орынтаққа бір кісі отырғызылып, жалақы алып жүре бере ме?» деген күдік бар. Сондықтан жаңа институт шын ниетпен тұтынушылар құқығын қорғауды қолға алуы қажет деп санаймын», – дейді ол.
Тұрсын Жағыпарова да «омбудсмен деп бір азаматты қызметке тағайындай салу салаға өзгеріс әкелмейді» деген күдігі басым екенін жеткізді.
«Негізі омбудсмен Президент пен халықтың ортасында алтын көпір болуы тиіс. Омбудсмен үкіметтік ұйым деңгейінде болмаса өзі айналысатын мәселені шешуге ықпал ететін құзыреті болмайды. Сондықтан ол институт Президентке бағынатын Бала құқықтары жөніндегі уәкіл секілді уәкілетті орган болса деген ұсынысымыз бар. Омбудсмен қызметіне жалған статистика жинаумен айналыспайтын, халықтың мәселесін көтеретін әрі осы салада нақты тәжірибесі бар азамат келуі керек. Үміткерді тұтынушылар құқығын қорғау саласында 20-30 жыл еңбек етіп келе жатқан мамандар ақылдаса отырып ұсынуы тиіс. Өйткені бізге қоғамдық бірлестіктердің функциясын қайталайтын тағы бір ұйым қажет емес. Мемлекет те, адам да заңға бағынады. Омбудсмен нақты тұтынушыға керек заңдар әзірлеуге септеседі. Халықтың пікірін жинап, зерделеп үкіметпен талқылап, оны Президентке жеткізуі керек», деп тұжырым жасады ол.
Ал, Баян Ахметжанова жаңа институт енгізген соң, омбудсмен қызметіне мониторинг жүргізуді енгізуді ұсынып отыр. Саладағы беделді азаматтар омбудсмен жұмысы тұтынушылар ойынан шыққан не шықпағанына баға береді. Қоғамдық бірлестік төрайымы моно­полияға қарсы мекеменің бағаны реттеу­дегі жұмысына көңілі толмайтынын атап өтті. Қазір жалақысы төмен адамдарды азық-түлік пен дәрі-дәрмектің бағасының жоғары болуы алаңдатып отырғанын атап өтті. Тұрсын Жағыпарованың айтуынша, елімізде 20-ға жуық мемлекеттік орган бар. Соның он шақтысының атқаратын функциясында тұтынушы құқығын қорғау міндеттелген.
«Алайда олардың барлығының жұмы­сын үйлестіретін бір орган жоқ. Мысалы ретінде айта кетсек, Ресейде осындай «Роспотретнадзор» деген ұйым бар», – дейді ол.
Сөз соңында айтарымыз, жаңа инсти­туттың жұмысы ілгерілейді деп сенім артып отырғандар қатары көп екенін көз жеткіздік. Мамандар омбуд­смен тұтыну­шылар мәселесін шешуге, осы саладағы қордаланып қалған түйт­кілді реттеуге атсалысса деген пікірде. Өйткені сапалы сервис пен сапалы тауар тұтынушының ғана пайдасы емес, ол ұлттық экономика­лық өсімнің белгісі әрі туристер мен экспортталатын отандық тауар тұтыну­шысының сенім кепілі.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ