Асқар Алтай балладасы
Асқар Алтай балладасы
Ол кейбір тосын таланттар секілді әдебиеттің есігін теуіп кір­­ген жоқ. Теппей-ақ, тебінбей-ақ, тепсінбей-ақ шығар­ма­шы­лық әлемнің табалдырығын әдеппен аттады. Дәстүрлі жол­мен келді. Тәп-тәуір дүниелерімен жетті. Ол – жылы­мық­тың жазушысы да, алтын көпірдің жолаушысы да емес. Жы­лымық Асқардан бұрынырақ жылыңқырап кетті, ал алтын көпір Асқардан кейінірек салынды. Сондықтан ол өз туын­дысын өзі жылытты, алтын көпірмен емес, жай көпір­­мен жүріп-ақ, алдағы күн­де­ріне қарай ақы­рын ғана жылжи бастады. Әдебиетке оны өмірдің өзі жетеледі. Тір­шіліктің қалтарыстары мен бұлтарыстарының бәрін де түгендеп шықты. Жас күнінде көрмеген бейнеті жоқ. Әлдебір қойманың бұғанасы қатпаған жүкшісі, Қаскелең бе, Талғар ма, бір ауданның кәмелетке толмаған жасөспірімдер мәселесі жөніндегі инспекторы, Сәбит Мұқанов музей-үйінің жұртқа өз қолымен ақша таратып беретін кассирі. Осының бәрі бір-ақ адам. Асқар Алпысбаев. Асқар Алтай болғанша осы текпен жүрді. Тіпті, баяғыда туу туралы куәлігін толтырғанда фамилиясындағы «л» әрпі мен «п» әрпінің арасына «т» әрпі байқаусызда кіріп кетіп, «Алтпысбаев» болып бертінге дейін жүргені бар. Сол тікендей «т»-ны Асекең бір-ақ күнде алып тастап, аластап жіберді. Пәле-жала сонымен кетсін деген шығар... Студент кезде күн сайын Пушкин кітапха­насынан шашы майланып, көңілі жайланып бір-ақ шығатын. Дәлірек айтқанда, жартусыз жалақыға күн көретін кітапханашылар жұмыс уақыты аяқталған соң мұның босағадан ұстап тырмысқанына қарамастан, біреуі итеріп, біреуі тартып, әзер дегенде шығарып жіберетін. Әйт­песе, өздігінен кеткісі жоқ еді. Сөйтіп, ол көркем прозаға мол дайындықпен келді. Күні бойы оқыған кітаптарынан тоят тауып, Кафкамен кофе ішіп, Рюноскемен рюмка соғыстырғандай өте көңілді жүретін. Сосын КазПИ-де қатар оқыған Бақтияр мен Қыдырбекке: «Сендер осы Аку­тагаваны білесіңдер ме ей?», – деп шекесінен қарайтын. Акутагавадан гөрі Атабаның аты көбірек аталатын заманда Асқар Алтай жапон жазушысын жақындарынан да жақсы көретін. Жап-жас күнінде «Көз» деген әңгімесін, «Қызыл бөлтірік», «Қаладағы құтпандар» деген повестерін жазды. Өзінің көзі де Алтай жақтан Алматыға қарай шоқ шашып тұратын Асқар Алтайдың бұл «Көзі» шынында да керемет еді. Көз тимесін деп біразға дейін үндемедік. Бірақ кейін бірыңғай аң-құсты, жануарларды қаламына іліктіре берген соң ептеп тіліміз шыға бастады. Бөлтірік, құтпан иттер... Кейін аюларға ауыз сал­ды. Аю демекші, қатты қысқан жұдырықтай, тып-тығыз, дене тұрқы шап-шағын Асқар Алтай – қаршадайынан тау-тасқа өрмелеп, образбен айтқанда, қалың тоғайдың ішінде аюмен алысып, жолбарыспен жұлысып, қонжықпен күресіп өскен перзент. Кейде ол жеңеді, кейде қонжық жеңеді. Табиғаттың қыр-сырын жетік біледі. Пейзаж жазудың шебері. Жұрт көре қоймаған нәрсені әп-сәтте іліп түседі. Тосын тақырыптарды тауып алады. Қаладағы иттер туралы шығармасы журналға басылып, елді елең еткізгенде: Сын бөлімін «Жұлдыздың» басқаратын, Жұрттың көбі сондықтан жасқанатын. Шәуілдеген қаланың құтпандары, Бір-ақ күнде шығарды Асқар атын! – деп жеңілдеу әзіл айттық. Жалпы, ол кезде Асқар алтайтанумен айналысса, біз асқартанумен тынбай шұғылданып жаттық. Ол «Алтай бал­ладасын» жазса, біз Асқар Алтай балладасын қатарға қостық. Асқар ұзақ уақыт үйленбей жүрді. Үйленетін қыз таппағаннан емес, шығарма­шылығына көбірек көңіл бөлгеннен кешеуілдеді-ау деймін. Бұл бесіктен беліміз шықпай жатып отбасын құрған бізге қатты батып әрі оның тезірек бас құрауын аңсап: Бойдақтар аз ба, тірліктің дәмін татпаған, Кім бойдақ болса, сол үйде тыныш жатпаған. КазПИ-де біздің көп еді-ау қыздар қаптаған, Бәрінен соның Асқарды құдай сақтаған! – деп қалжыңмен қажап көрдік. Ол былқ еткен жоқ. Сөзімізді шыбын шаққан құрлы көрмей, шығармаларын жазып жүре берді. Содан соң: Қу тағдыр шіркін көнбейді екен ырыққа, Бір бақыт өзі саған да бетін бұрып па? Аймаңдай қыздың біреуі-дағы бұйырмай, Асекең біздің келетін болды-ау қырыққа.., – деп тағы бір шымшыдық. Құлағына да қыс­тырған жоқ. Әңгіме-повесть тұрмақ, романдары сұлбаланып, кітаптары шыққалы жатты. Сосын біз ол аз дегендей: Қырық жасқа толсаң да, Үйленбесең сол қайғы. Қырық кітап жазсаң да, Бір әйелдей болмайды! – деп тағы бір өлең жаздық. Жоқ, бұл жолы кәдімгідей реакция берді. Үйленді. Семейдің Мақпал сұлуымен бас қосты. Ол үйленгенде шетелде едік. Сондықтан сол жақтан «Қазақ қара сөзінің хас шебері, талантты прозаик, дарынды жазушы Асқар Алтай ұзаққа созылған ауыр бойдақтықтан кейін отыз екіден отыз үш жасқа қараған шағында кенеттен жар тапты» деп хабарлама жіберіп, бұл тақырыпқа соңғы рет қалжыңдастық та, мұндай өлең атаулының бәрінің қақпағын жаптық. Өйткені бұл мәселе енді актуалды емес еді. Сөйтіп, тоқсан төртінші жылдың күзінде Асқар Алтай Заманбек ағам екеуі бір-бір Мақпалға үйленді де, алаңсыз жазуына кірісті. Біз сол жылдарда шығыстың үш жазушысымен дос болдық. Үшеуі бірінен-бірі өтеді. Талаптан Ахметжан, Талғат Кеңесбай және Асқар Алтай. Үшеуі де керемет жазды. Басқаға сөз қалдырмай жазды. Бұлардың қабілет-қарымын көрген соң біз, оның қатарластары, көркем прозадан саналы түрде бас тарттық. Шерхан аға Мұртаза бір мақаласында алғаш өлең жазып, жинаққа шыққанда, Зейнолла Серікқалиевтың аяусыз сынағанын айтып, «Сыншы Зекең қазақ поэзиясын бір халтурщиктен сақтап қалды» деп жазып еді. Зекең Шерағаңды жалғыз өзі қуса, бұлар бізді үшеулеп қуды. Әдебиетті таза ұстады олар. Асқар Алтай бүгінде қазақтың қарымды қаламгеріне айналды. Нәтижесі – «Қыр мен қала хикаялары», «Алтай новелласы», «Казино», «Алтайдың алқызыл модағайы», «Туажат», «Сират», «Былғары табыт»... Өмірлік тақырыбы Алтайды қара сөзбен жырлауды сол баяғы бала кезінде-ақ бастап кеткен-ді... Қазір де Алтай анасын тынбай жазып келеді. «Айта-айта Алтайды, Асқар Алтай қартайды» дейміз сосын қалжыңдап. Қайдағы қартайған? Бар болғаны алпысқа келді! Жастау кезімізде бәріміздің де жанама атымыз бар еді. Бірақ басқамыздың атымыз біртүрлі еді де, оның аты тәуірірек болатын. Сонымен, оның бала кезіндегі лақап аты «классик» еді. Сірә, шынымен классик боларына көрінген де...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ