Кәусар қазақ тіліне баулып жүр
Кәусар қазақ тіліне баулып жүр
629
оқылды
Қызылордалық Кәусар Қараман Лондонда ағыл­шындарға қазақ тілінен дәріс беріп жүр. Алғыр да, зерек бүл­діршіннің бұл игі баста­масы көпшілікті елең еткіз­гені жасырын емес. Ұлыбри­танияда уақытша тұрақтап жатқан Кәусардың ақжолтай жаңалығын естіген соң Кәу­сардың әкесі Ғалымжан Бәй­меновпен сұқбаттасқан едік. Сұхбат барысында Тұманды Альбионда жүріп қызылор­далықтарға мақтаныш сезі­мін ұялатқан қызы Кәусардың тың бастамасы жайында сұ­радық. Ғалымжанның есімі Сыр жұрт­­шылығына Қызылорда қо­ғамдық телеарнасында еңбек жолын бастаған тележурналист ретінде жақ­сы таныс. Бертін келе «Қазақ­стан» РТРК АҚ-да табысты еңбек етті. Кейіннен «Болашақ» бағ­дар­ламасымен Шотландияның Глазго қаласында «Медиа-ме­недж­мент» мамандығы бойын­ша білімін жетілдірді. Бір сөзбен айт­қанда, жерлесіміз журналис­ти­каның ұшар шыңын бағын­дырды. Бүгінде республикалық «Хабар 24» те­леарнасының Ұлы­британиядағы меншікті тілшісі. Жерлесіміз орыс, ағылшын және француз тілінде еркін сөйлейді. Ол тіл үйрену жарқын болашаққа жол ашады деген сенімде. Бүгінде отбасымен Лондонға қызмет ба­бы­мен уа­қытша қоныс аударып, табысты еңбек етіп жүрген жайы бар. Ата-анасының еркетотай қы­зының Лондонда тұрып жатқаны әкесінің қызметімен тығыз бай­ланысты екенін бағамдап отырған боларсыздар. Мектепке алғаш барған күннен бастап Кәусардың да білімге деген ынтасы жоғары болыпты. Талапты балғынның жеткен жетістіктері де аз емес.
«Қызмет бабымен Лондонда тұрып жатқанымызға жеті жылға жуықтады. Жұбайым Марина Бе­кенова екеуіміз 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Кәусар – үйдің үшін­шісі. Екі ағасы мен ізінен ерген інісі бар. Лондонға көшіп келгенде Кәусарымыз небәрі 3 жаста бо­латын. Алғашында өзге елдің әдеп-ғұрпы, тілі мен ділі қызы­мызға таңсық көрінді. Мектеп табалдырығын да имене аттады. Бірақ ағылшын тілін тез үйренді. Ешқандай қиындықты сезінбеді. Бүгінде екі тілде еркін сөйлейді. Сыныптас достары да көп. Бәрі­мен ағылшын тілінде сөйлеседі. Бізді қызымыздың өзге елде жүрсе де, өз Отанына деген сүйіспен­шілігі қуантады. Ағылшындық достарына да еліміздің тілі, әдеп-ғұрпы жайында жиі әңгімелейтінін айтып отырады», – дейді әкесі Ғалымжан Қараманұлы.
Кәусар бертін келе, өзінің You Tube арнасын ашып, түрлі бағытта блогтар түсіруді қолға ала бас­тайды. Уақыт өте келе, әкесі қы­зының қабілетін байқап, оны ары қарай дамытуды көздейді. Осы мақсатта Кәусарға балаларға ағыл­шын тілін үйрететін виде­о­курс жүргізу жоспарын айтып, демеу береді. Соның нәтижесінде еліміздегі балаларға ағылшын тілін үйрететін «Мисс Кәусар» жобасы дүниеге келіпті. Бағ­дар­ламаны еліміздегі BALAPAN те­леарнасы көрсетуге ниет білдіреді. Онысы көрерменнің көңілінен шығып, елге таныла бастайды. Мұны талабы таудай Кәусардың ең сәтті шыққан жобасы деп айтуға болады. Он жастағы Кәусардың ойға алған арман-мақсаттары асқақ. Еліміздегі балақайларға ағылшын тілін үйретіп қана қоймай, Лон­дондағы ағылшындарды қазақ тіліне баулуды да жүзеге асырғысы келеді. Осы мақсатта Халық­аралық ана тілі күні қарсаңында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен өткен әсерлі кеште ағылшын­дықтарға алғашқы дәріс беруді бастап кетті. Бұл кешке «Димаш Құдай­берген. Ұлыбритания және дү­ниежүзі» фан-клубының мү­шелері қатысып, қазақ қызынан тіл үйренді. Бұл ақжолтай хабарды әкесі алғаш әлеуметтік желіде бөліскен болатын. Ерекше дауыс иесі, қазақ елінің мақтанышына айналған әнші Димаш Құдайбергеннің фанаттарына тіл үйретіп қана қоймай, осы күні Кәусар қазақы нақышта киініп, ұлттық құн­дылықтарымызды да ұлықтауды естен шығармады. Бұл өзгеше өрнекке толы кеш болды.
«Лондондағы мектепте оқи­мын. Бұл жақта сабақ ерекше си­патта өтеді. Күнделікті саба­ғымыз ойын түрінде өткізіледі. Мектепке дәптер, кітаптары­мызды тасы­май­мыз. Бәрі де сы­ныбымызда қа­лады. Тек жұма күні ғана үй тап­сырмасын береді. Бұл жақта басқа күндері үй тап­сыр­масы деген болмайды. Сондай-ақ мектепте бәрі тегін. Оқушылардың барлығы да тамақпен қамтылған. Негізінен балаларға ойын ойната отырып, білім алуға деген құл­шыныстарын арттыра түседі. Ке­лешекте Ота­ны­ма оралып, ағыл­шын тілі пәнінен ұстаздық еңбек еткім келеді. Лон­донда алған білімімді пайдалана отырып, еліміздің өркендеуіне өз үлесімді қоссам деген мақсатым бар», – дейді Кәусар.
Бүгінде кішкентай Кәусардан тіл үйреніп жүрген ағылшындық фан-клуб мүшелерінен өзге, Пор­тугалия, Уэльс, Пәкістан елінің халқы да қазақ тілін үй­ренуге құл­шыныс танытып отыр­са керек. Он жасар тәлімгер қазақ тіліне зор құрметпен қарайтын барлық адамдарға дәріс беруді мақсат тұтады.

Қызылорда облысы