Серік Сәпиев пен балуан арасындағы жанжал: жаттықтырушы болған оқиға туралы айтып берді

Серік Сәпиев пен балуан арасындағы жанжал: жаттықтырушы болған оқиға туралы айтып берді

Алматыда өткен Batyrball сайысы кезінде бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевпен төбелесе жаздаған спортшының жаттықтырушысы Александр Гольцман оқиғаға қатысты пікір білдірді.  Оның мәлімдемесі қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Артем Резниковтың Іnstagram парақшасында жарияланды,  –  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Менің шәкіртім Зелимхан (Зелимхан Мусиханов  – автор) Серік Сәпиевтің Олимпиада чемпионы екенін білмеген. Мен ол жерде бірден шәкіртіме бара алмадым, мені ұстап тұрды. Зелимхан күресіп жүрген, менің залымда тұрып жүрген бала. Ол жаттығуға алыстан келеді. Сондықтан залда жалғыз өзі тұрып жүр. Ол білмеген екен. Ол жағынан ренжімеңіздер. Екінші жағынан, ол жерде болған оқиғаны көріп, мен де ашуланып кеттім. Жаттықтырушы ретінде жұмыс жасағаннан кейін шәкірттерімді үнемі қолдап жүремін. Дегенмен  ашуым тарқаған соң, Серік ағамызды күтіп, бардым, сөйлестім. Ол кісі де эмоция кезінде барлығы болатынын айтты. Ешқандай шағым болмады ол кісінің (Серік Сәпиев  – автор) тарапынан. Әрине, қателік кеткен шығар. Біз ол үшін кешірім сұрадық,  – деп мәлім етті спортшының жаттықтырушысы Александр Гольцман.